Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенатта борышкерлерге қатысты заң жобасы қаралды

Сенатта борышкерлерге қатысты заң жобасы қаралды

Бүгін өткен Сенат отырысында банктер мен берешектер арасындағы қатынастарды реттеуге қатысты заң жобасы қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа нормаларға сәйкес банктер мен сот орындаушылары борышкерге кепілге салынған тұрғын үйді өз бетінше сатуға мүмкіндік беруге тиіс.

Сондай-ақ қалған борыш кепілге қойылған тұрғын үй құнының 15 пайызынан кем болса, оны өндіріп алуға болмайды.

Осы және басқа да нормалар бүгін қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылды.

Депутаттар бұл нормалардың бәріне қолдау білдірді. Алайда құжатты қарау барысында сенаторлар оған бюджет процесінің жекелеген кезеңдерін нақтылайтын бірқатар түзету енгізді. Осыған байланысты, отырыста заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Сонымен бірге Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады. Құжаттың басты міндеті – кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту, монополияға қарсы реттеу тетіктерін дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары мен мемлекеттік органдардың сатып алуларына бизнестің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Талқылау барысында сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, құжатқа мемлекеттік кәсіпорындар құру кезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының келісімін алу жөніндегі талапты алып тастау туралы түзету енгізді және оны Мәжіліске қайтарды.
23 желтоқсан 2021 ж. 429 0