Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандық көп, маман аз. Неге?

Мамандық көп, маман аз. Неге?

"Жаңа техникалық мамандықтарды таңдаған кезде еңбек нарығындағы алдағы 10-15 жылдағы қажеттілікті ескеру керек. Бұл үшін Үкімет жаңа мамандықтардың атласын дайындау қажет". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру саласындағы реформалар жайында осылай деген болатын.
Расында мамандық таңдау, қай бағытта білім алу – адам баласының басты жауапкершіліктерінің бірі. Бүгінде бірнеше мамандықты бітіріп, дипломға қолы жеткенімен, жұмысқа қолы жетпей жүрген жастар қаншама. Мұның салдары жұмыссыздық деңгейін төмендеуге де кедергі болатын факторлардың бірі екені жасырын емес.
Ал мамандық таңдауда ата-анасының "біз көрген қиындықты көрмей, орындықта отыратын жұмыс істегенің жөн" деген сөзінің өзі жастардың болашақта таңдау жасауына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар бала көзбен көріп өскен мамандықтарды ғана таңдап кетуі де уақыт өте келе сұраныстан тыс маман болуына алып келеді.
Иә, бүгінгі қоғам жаңалыққа, өзгеріске толы. Соған байланысты да бүгінгі сұраныстағы мамандық 5 жыл, бәлкім 10 жылдан соң көзге ілінбей қалуы мүмкін.
Мәселен "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ баспасөз қызметінің мәлеметіне сай 2018 жылы республикада 6,6 миллионнан астам жалдамалы қызметкер тіркелген, олардың 3 миллион 383 мыңы ер адам және 3 миллион 328 мыңы – әйел. Ал мамандықтарға сәйкес бөліну үлесі мектеп мұғалімдеріне басымдық беріп тұр. Әрбір жиырмасыншы жалдамалы қызметкер жалпы білім беретін оқу орындарында жұмыс істейді. Ал одан кейінгі қатарды бухгалтерлер иеленіп отыр. Жалақы, салық, шығын мен кірісті 268,2 мың адам немесе әрбір 25-ші жалдамалы қызметкер есептейді. Сұранысы көп жалдамалы қызметкерлердің үздік үштігіне супервайзерлер, дүкен сатушылары мен олардың көмекшілері де кіріп отыр. Бұл ретте кеңсе қызметкерлерінен көрі жұмысшылардың басымдығын қатынас көліктерін жүргізушілер, күзетшілер, мектепке дейінгі білім беру тәрбиешілері мен ауыл және орман шаруашылығының, балық өсіру, балық аулау саласының біліктілігі жоқ жұмысшыларына деген сұраныстың көптігі дәлелдейді.
Ал былтырғы жағдай бойынша сұраныстың төріне медицина саласы қызметкерлері шықты. Бұл әлемдегі, елдегі эпидахуалға байланысты десек те болады. Осы ретте қашықтықтан жұмыс істеуге бейім мамандардың да қажеттілігі күрт жоғарылады. Нақтырақ тоқталар болсақ жоғары буын менеджерлерібизнесті цифрлық түрге және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру, ұзақ локдауннан кейін компанияны сақтап, оны оң мәнді теңгерімге алып шығуға қабілетті менеджерлердің жалақысы да айтарлықтай өсті. IT-технологиялар және E-commerce саласындағы мамандықтарға сұраныскөптеген кәсіпорындардың онлайн-режимге жаппай көшуі аясында 5-7 есеге өсті. Олардың қажеттілігі қазір де сақталып отыр. Big Data талдаушылары да алдыңғы қатарда болса, сату жөніндегі мамандардың жалақысысоңғы бес жылда 62%-ға өскен.
Міне, осының өзі қоғамның тұрақты бір бағытта дамуып жатпағанын айқын көрсетіп тұр. Жетістікке жету үшін жайлы орындық пен жылы бөлменің де қажеті жоқтығын анық байқаймыз. Мәселен металлургия саласын терең меңгерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеткен жетістігі бүгінде барша қазақстандық жастарға үлгі боларлықтай. Бұл бір ғана жағдай. Мұнан бөлек те еңбекпен өсіп, биіктерді бағындырған жандар бүгінде ортамызда да жүр.
Иә, жоғарыда аталған мамандықтардан бөлек тұрақты түрде сұраныстағы белсенділігін жоғалтпай келе жатқан мамандар да бар. Олардың қатарында темір дәнекерлеуші, кран және жүк көлектерін жүргізушілер бар.

Онталап ЖОЛДАСОВ
25 желтоқсан 2021 ж. 556 0