Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет келін

Интернет келін

Интернет деген ақпарат алыс-беріс құралына айналды. Интернеттен алдау-арбау деген де жиі болады. Сондықтан интернет арқылы танысқан кез келген адамыңызға бас-көзсіз сене беруге болмайды. Интернет арқылы (агентпен) танысып, отау құрғандар көп. Кейбіреуі бақытты ғұмыр кешсе, ал екіншісі бақытты күндері ұзаққа созылмай, ажырасып жатады. Өмір ғой...  Шыны керек, интернетте танысқандардың барлығы кездесіп, бір-біріне ұнай бермейді, сондықтан танысып, кездеспек алдында бір-бірің туралы көбірек ақпарат алуға тырысу керек деп ойлайсың.
Дегенмен, Алматы қаласының тұрғыны, жерлесіміз Майрамкүл Хакимованың интернет арқылы танысып, отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатқан балалары туралы жазған хатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Соңғы кезде  "пандемия, карантин" деген кедергілерге байланысты интернет құдалық, интернет ұзату, онлайн күйеу бала қатыса алмаса да, ғаламтордың арғы бетінде отырса да қыз ұзату, бата беру деген шаралар орын алды.
Онлайн кұда түсу, құдалармен скайф аркылы танысып, шетелге, Ресейге жөн-жоралғы сұрастырып-ақ құдалар құдалықка аттанып кете берді. Бұл пандемияға байланысты беріде болып жатқан көріністер. Ортада келісім болған соң, бәрі де өзінше жарасып жатты.
Иә, менің де отбасымда сол интернеттен ұшып келген "аққу келінім" бар, бірақ ол пандемиядан 11 жыл бұрын болған естен кетпес ұлы той.
Менің үшінші балам  болашақ жарымен интернет арқылы танысады. Бір-бірімен бала күнінен бірге өскендей әзілі де, күлкісі де жарасып  тұр.
Алланың бір сәтті күнінде балам Астана шаһарына Марал атты ғашығын көруге, жақынырақ танысуға ұшақпен аттанады. Ұшақтан түссе, Марал күтіп алады. Өздерің білетін Астананың сақылдаған аязы, боранды желі. Бірінші кездесу, танысу Астана әуежайында болып тұр. Марал өз қолымен тоқылған шарфын Жәнібекке сыйлап тұр. Анасымен таныстыруға үйіне қонаққа шақырады.
Астанадағы көп қабатты үйлердің бірі соңғы жобамен салынған. Үйге кіріп жігітті анасымен таныстырады да, есіне нан ала келу керек екені түседі, қазір келем деп қайта шығып кетеді.
Дүкеннен келгенше уайымдап, "анам мен жігіт кандай күйде отыр екен, ыңғайсыз болды-ау қалдырып кеткенім" деп, тез-тез нанды алып келсе, жігітім әңгімені соғып, мантыны Маралдың анасымен бірге бүгіп, бухгалтерия саласында қызу әңгімені талдап отыр екен.
Уһ деп қыздың жүрегі орнына түседі. Қонақ болып Астананы аралап, қайтатын кез келгенде, Жәнібек қыздың анасынан рұқсат сұрайды. "Маралды бауырларыммен, анаммен таныстырайын деп едім, қонаққа шақырып жатырмын, жібересіз бе" деп. Жігіт қыздың анасына ұнап қалған сияқты. Анасы рұқсат береді. Сонымен Марал қаңтардың аяқ жағында Жәнібектің туған күніне қыдырып келеді.
– Сәлем бердік!– деді ол.
Бұл сөз мен үшін үлкен жүрекжарды сәлем! Менің ең қадірлейтін, құрметтейтін сөзім. Қатты қуанып кеттім, сүйкімді Астананың аруы кіріп келді біздің үйге. Жүрегім лүпілдеп, ұшып кетуге аз-ақ қалып, дөңгеленіп жүрмін үйдің ішінде.
 – Мама, қонақ келді үйге, есімі Марал, – деп таныстырды балам.
Таза қазақша сөйлеп тұр. Маралым бір көргеннен ұнады. Қонақ қылып, қыдыртып, шығарып салдық.
"Тьфа, тьфа" деп қоямын ішімнен. Мұндай да болады екен-ау, деп қоямын.  Шынымен де  мен үшін бір ертегі сияқты.
Шығарып салып тұрып: "наурыздың 8-інде құда түсіп барамыз, сырға тағамыз, анаңа сәлем айт" деп бір-ақ қайырдым. Құдағимен телефон арқылы танысып, жөн-жобаны сұрап алдық.
Наурыз да келді. Көрмеген сол кездегі Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына жол тарттық, Астана қайдасың деп. Қыпшақтар екен. Керемет қарсы алулар, аузын ашса жүрегі көрінетін Бибігүл атты анасы, данагөй ақылшы асыл әжесі бар екен. Аға-жеңгелері – бәрі күтіп жүр екен.
Әжесі Маралды мақтап: "ою ояды, перде тігеді. Мынаның бәрін Марал жасаған" деп ою өрнектерді көрсетіп, қуанып жатыр. Иә, шынымен де керемет екен оюлар мен құрақтар. Қыз бала үшін таптырмас өнер. Тойды сәуірде жасайтын болып, сырға тағып, қол алысып, алатын күнімізді белгілеп, үйімізге қуанып қайттық.
Сәуір де келді, Марал да келді. Той ағайындардың ортасында Қызылордада өтті. Аллаға шүкір. Үлкен ағасы Қуаныш "интернет келін" деп қояды, мәз боламыз өткен тарихты қайталап.
Сол кездері балам қызбен интернеттен таныстым дегенде, әртүрлі ойлар келгені шындық. Қалай болар екен, балама зияны тимей ме деген ой да басымнан шықпай қойды. Дегенмен, Маралымды көргенде сол ойлар қайда ұшып кеткенін білмеймін...
Балам Алматыда Қаныш Сәтпаев атындағы университетті бітірген,  қазір сол университетте 1С бухгалтерия мен информатика пәнінен сабақ береді. Келінім әшекей бұйымдарды жасаудың халықаралық дәрежедегі шебері. Осыдан екі жыл бұрын Францияда болған әлемдік көрмеде Қазақстанды танытқан болатын. Жақында Мәскеуден стилист мамандығы бойынша дипломын алып келді. Бүгінде керемет үлгілерді ұсынып жүр. Көз қуанышыма айналған Ералы, Арай атты немерелерімнің желкілдеп өсіп келе жатқанына Аллаға шүкіршілік етемін.
Дайындаған К.Махсұт
28 желтоқсан 2021 ж. 451 0