Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларының бақытына баспаналы болды

Балаларының бақытына баспаналы болды

Апта басында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданға арнайы сапармен келіп, бірқатар нысандарды аралап, жақсы жаңалықтардың куәсі болғаны жайлы айтқанбыз. Сол күні 1 қабатты, 2 бөлмелі, 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің кілтін табыстап, баспаналы болған жандардың қуанышына ортақтасқан болатын. Міне, мемлекет тарапынан табысталған жаңа қоныстарына кіріп, жаңа жыл қарсаңында көптен күткен қуаныштарына қол жеткізген жандардың бірі – Гүлнұр Тоқтиева.

Иә, баспаналы болудан асқан бақыт бар ма?! Әсіресе бүгінгі қоғамда жеке баспанасыз өмір сүрудің өзі қиындық тудырады. Жыл тоғысында үйлі болып, шаттығы еселеніп, естен кетпестей әсерге бөленген Гүлнұр көңілі қуаныштан босап, тілдескен уақытымызда толқынысын жасыра алмады.
– Жылдың жаманы жоқ қой. Қазақ қай уақытта болмасын, "ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа" дегені де әр күннен жақсылық күтетінін көрсетіп тұр ғой.
Иә, расында сиыр жылы елге оңай тиген жоқ. Жиі естіп, көріп жүрдім. Оны айтудың қажеті жоқ шығар. Бірақ ел аман, жұрт тыныш. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын да өз деңгейінде атап өттік. Елдің еңсесі тіктеліп, халықтың қуанышқа кенелуі де сол тәуелсіздік құндылығы. Бізге сыйланған баспана да егемендіктің тартуы деп қабылдадым
Мен 2018 жылы тұрғын үй кезегінде тұрдым. Көпбалалы ана ретінде тіркелгенмін. Бірақ қуанышты күн осыншалық тез келеді деп ойламадым. Кезектегі реттілігімді жиі барып қарап тұратын едім. Бірақ маған телефон соғып "Ертең облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан баспана кілтін алуға дайындалыңыз" дегенде сенер-сенбесімді білмедім. Қуанғаннан түнімен көз ілмей шықтым десе де болады. Ала таңды кірпігімде атырып, келер күнді асыға күттім. Тізімдегі атымды атап, үйдің кілтін қолыма табыстағанда ғана "шындық екен ғой" деп, қатты толқып кеттім. Бүгінде сол жаңа қоныста отбасыммен бірге қуанышымыздың баянды болғанын тілеп отырмыз.
Жолдасым Абзал да тұрақты жұмыста жоқ. Қолдан келген шаруаны жасап, отбасымызды асырап келеді. Бірақ маусымдық жұмыс болғандықтан баспана алуға мүмкіндік бола қоймады. Өзім де жұмыссыздықта тіркеудемін.
Бүгінде біраз жасқа келіп қалсақ та, бұл жаңалық бізді баладай қуантты. Ал балаларымыздың қуанышын елестете беріңіздер. Үйіміздің жанынан бой көтеріп жатқан жаңа мектеп құрылысы аяқталса, ол да балаларымыздың қуанышына айналары сөзсіз. Балаға қуаныш сыйлау әрбір азаматтың міндеті екен. Асыл дінімізде де сауапты іске саналады. Сол себепті жылдар тоғысында шаңырағымызды шаттыққа толтырған аудандық атқарушы билік өкілдеріне алғысымыз шексіз. Тек біз емес, жыл көлемінде көптеген отбасы баспаналы болды. Барлығының алғысы бөлек, тілеуі адал. "Батамен ел көгереді" дейді ғой. Қаншама аналардың батасына бөленген ауданымыз айшықталып, дами берсін. Жаңа жыл жақсылығымен келсін. Табысты жыл болсын, – деп ақжарма тілегін білдірді.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

01 қаңтар 2022 ж. 446 0