Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арандатушылардан абай болайық

Арандатушылардан абай болайық

Соңғы күндері елдегі орын алып жатқан жағдай бәрімізге белгілі. Қымбатшылыққа байланысты халықтың наразылығы көрініс тауып, Маңғыстау өңірінде бейбіт шерулер ұйымдастырылды. Оның арты жалпыхалықтық сипат алып, осы бір ұрымтал тұсты өз мүдделеріне пайдаланғысы келген лаңкестік топ жағдайды тіптен ушықтырды.
Жалпы, билікке ұсынысын, халықтың не қалайтынын бейбіт түрде жеткізу дұрыс. Бәріміз елмен біргеміз. Бірақ шерушілердің соңы қоғамға, мемлекеттің мүлкіне және адам өміріне қауіп тудырады деп кім ойлады дейсің?! Расында билікке өзіндік ұстанымдарын жеткізу үшін ел болып алаңға шыққан азаматтардың наразылығын басқа бағытқа пайдаланып, ел арасында арандатушылыққа алып келген жағдайлар әлбетте барша қазақстандықтың ызасын келтірді. Бұл әуелі елдің дамуын тежейді, азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Естіп, көріп отырмыз. Қаншама адамның өліміне алып келіп, көптеген отбасының басына қайғы орнатып отыр. Атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының жұмысына кедергісін келтіруде. Сондай-ақ ел игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан жұмысшылар мен кәсіпкерлердің еңбегіне де зор нұқсан келтірді. Жалпы, мемлекет үшін елеулі шығын алып келді деп анық айтамыз. Террорлық әрекеттердің көрініс беруі жақсылыққа алып бармайды. Мұны біле тұра осындай қадамға барғандар міндетті түрде жазасын алу керек.
Біз қандай қиындықты болмасын бастан өткеріп, бәрін жеңе білген халықпыз. Ел басына түскен талай қиындықты көзімізбен көрдік. Ендігі уақытта біздің тілейтініміз – тәуелсіздігіміз мәңгілік, ел іргесінің берік болуы. Сондай-ақ ел ертеңі жастардың амандығы. Қазақстанның болашағы келер ұрпақтың қолында. Сондықтан арандатушылардың арбауына түспей, барынша ақылмен, сабырмен әрекетке барайық дегім келеді.
Әмірхан ҮМБЕТОВ,
зейнеткер
10 қаңтар 2022 ж. 555 0