Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіт шеру неге бүлік шеруге ұласты?

Бейбіт шеру неге бүлік шеруге ұласты?

Біз осы кезге дейін «ел іргесі сөгілмесін, елімізде тыныштық болсын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын» деген сөздерді естігенде оның астарына анағұрлым мән бермеген болармыз. Расында солай болып келді, заманның ауыртпалығын сезінбеген бүгінгі ұрпақ басбұзарларға еріп, бейбіт жатқан ел ішін ойрандады. Тыныштығымызды алған сол бір тұрақсыздықтың салдарынан экономикаға көптеген шығын келді. Етең-жеңін жиып, жасампаздыққа жол бастаған елдің қос бүйірінен соққы тиді. Салдары қандай екенін біліп жатқан боларсыз. Әдетте ақпарат көздерінен алашапқынға түсіп, аумалы-төкпелі кезеңнің қақ ортасында қалған елдерді көріп, аяныш білдірген ағайынның басына күні кеше қара бұлт үйірілді. Бұл жасырып жабатын жөнсіздік емес, ақиқатын айтатын ахуал болып тұр.
Жыл басталысымен Жаңаөзенде қылаң берген қозғалыс, әлеуметтік желінің ықпалымен ұлан-ғайыр қазақ даласына лезде тарады. «Барыс жылында қазағым барыс болып оянды, Біз жаңаөзендіктермен біргеміз» деген сарындағы ұран әрбірімізді жетектеп алаңға апарғанмен, мұның арты қалай боларын ешкім пайымдай алмады. Әсілінде жағдайдың қалай болары жақтастарын жиып, жаппай тәртіпсіздік орнатуды көздеген арампиғылдыларға аян еді. Бұл жолы олардың көздегені болды. Мемлекет басшысының арандатушыларға ермеңіздер деген бірнеше үндеуіне қарамастан көшеге шыққан халық содырлардың сұмпайы пиғылымен дайындалған жоспарына тап келді. Нәтижесін өзіңіз де көрген боларсыз. Негізі бұл жағдайдың басы еліміздегі қымбатшылықпен байланысты екені белгілі. «Газ 50» деп ұрандаған жаңаөзендіктердің наразылығы бұған дейін сұйытылған жанармай құнының литріне 115-120 теңгеге жетуі болды. Алғашында халықтың талабы дұрыс деген қолдаулар көп болғаны белгілі. Оны қоғамның зиялы қауым өкілдері де қолдап, жер-жерден үн қосты. Бірақ жағдай сіз бен біз ойлағандай жаппай тәртіпсіздікке ұласарын ешкім бағамдай алмады. Оған жол бергендердің жазасы берілер. Бірақ тыныштығымызды алған содырлардың көзін жою мүмкін бе?! Былайғы жұртты осы мәселе қатты алаңдататын тәрізді.
«Бейбіт шеру» аты айтып тұрғандай бейбіт түрде өтуі керек. Заңдылық тұрғысынан алғанда ол топтасқан халықтың бейбіт түрде талабын билікке ашық әрі жариялы түрде жеткізуі. Мұндай шерулер бұған дейін де әлемнің талай жерінде болған. Ал жаппай тәртіпсіздіктің қалай боларын да жақсы білеміз. Алысқа көз тастамай-ақ көршілес қырғыз еліндегі көтерілістердің соңы қалай болғанын білетін боларсыз. 2019 жылы билікке қарсы жаппай наразылықтардың соңы қақтығыстарға ұласып, орталық қалалары ойран болғаны белгілі. Халық өз дегеніне жетті. Десе де сол жағдайдан жапа шеккен өзге емес, сол қырғыздың өз халқы. Мұндай келеңсіздікті ауыздықтауға біздің күшіміз жетер ме еді. Бірақ еліміздің күштік құрылымы бұған дайын болмай шықты. Бұл дер кезінде қабылданбаған шешімнің салдары. Тым құрыса көп жиылған халық нөпірі қалалардағы маңызды деген стратегиялық нысандарға шабуыл жасай бастағанда оларды тоқтатудың ешқандай амалы қарастырылмады. Нәтижесінде жолындағысын қоғадай жапырған жұрт қалалардағы маңызды нысандар мен мемлекеттің мүлкін жарамсыз етті. 6 қаңтар күні ақ пен қызылда басталған бейбіт шерушілердің алдыңғы шебіне арандатушылар түсіп, сол түні еліміздегі бірнеше қалалар қиранды қалаға айналды. Көптеген ғимараттарға зақым келді, қаншама көлік отқа оранды. Нәтижесінде ел экономикасына 100 млрд теңгеге жуық шығын келді. Бұл – бүгінге есептелген болжамды есеп. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш бұдан да асып кетуі мүмкін. Жарайды, дүние толар, бүлінген мүлік орнына келер. Ал қыршынынан қиылған қаншама ғұмыр ше? Бұл жағдай қаншама отбасын асылынан айырды. Өмірдің бұралаңына түспеген бозбалалар бақилық болды. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы жарлыққа қол қойды. Әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін жанын қиған қызметкерлер ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Сол күні Қызылорда қаласының мазасыз түнін сырттай бақылаған қала қонағы Ж.Мақашев көтерілістің ішінде болмаса да, салдарын көзімен көріп, мазасыз күй кешкен қаланың құлақ тұндырар қышқыл үнін естіген жандардың бірі. Ол сол жағдайдан күні бұрын Қызылорда қаласына жұмыс бабымен барған. Алайда жағдайға байланысты жұмыстары кейінге қалған. Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған оның сол күнгі түнді қалай өткергенін есіне түсіргісі жоқ. Алғашында мұндай бейбіт шерудің соңы елімізді жақсы жаққа өзгертеді деп сенген оның бұл ойы бүгінде басқаша.
– Алғашында Қызылорда халқы жиналып жатыр деген хабарды естігенде іштей көпке қосылғымыз келгені рас. Бірақ сол күні шаруаларыммен әр жаққа жүгіріп, дымға үлгермедім. Әлеуметтік желілер арқылы барлығын естіп, біліп отырдық. Алайда сол күнгі түнде орын алған жаппай тәртіпсіздіктің салдары келісті шаһардың көркін сұрықсыз етеді деп ойламадым. Ертесіне не болғанын білмекке таныстардың көлігімен көшеге шықтық. Қаладағы Абай даңғылының бойымен жүру мүмкін емес. Шашылған ағаштар мен әйнектер, өртке оранған көліктер, қираған ғимараттар. Құдды бір соғыстан кейінгі қала тәрізді. Осы көрініске қарап бұл өз қазағымыздың істеген ісі ме деу қиынға соқты маған. Өз көзіме өзім сенбедім. Енді, міне, ақиқат ашылып жатыр. Мұндай бассыздықтың артында тұрған өзге сыртқы күштердің болуы мүмкін екені айтылды. Мен де бұл жағдайды өзгенің қолымен от көсеген опасыздардың ісі екеніне сенімдімін, – дейді аралдық Ж.Мақашев.
Иә, жылдың басы осындай жағдайлармен басталғаны өкінішті. Арты жақсы болсын дейміз. Қазақстандықтар осы бір трагедия салдарынан қаза тапқан қандастарын ешқашан ұмытпайды. Мұны Мемлекет басшысы да ескеріп, 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні қылып белгіледі. Яғни, кеше халқымыз аза тұтты, мемлекеттің туы тағы бір мәрте төмен түсірілді. Осылайша бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Бүгінде Президент жарлығына сәйкес елімізде төтенше жағдай енгізілді. Аймақтарда қауіптің шекті деңгейі енгізіліп, қалаға кіреберіс күре жолдардың барлығына блок бекеттер қойылды. Белгілі бір уақыт аралығында коменданттық сағат енгізілді. Ойын-сауық орталықтары мен өзге де мәдени іс-шараларға, жиындарға тыйым салынды. Алматы, Қызылорда, Ақтөбе сынды үлкен қалаларды содырлардан тазалау мақсатында арнайы операциялар жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бойынша жаппай наразылыққа шыққан 7939 адам ұсталған. Полицейлер, Ұлттық гвардия мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілерімен бірлескен іс-шара барысында Алматыдағы 2 базардан 207 адам құрықталған. Мұнан өзге тартып алып, айдап әкеткен 5 автомобиль, ұрланған тауарлар (жаңа компьютер процессорлары, ноутбуктер, музыкалық орталықтар), сонымен қатар тегіс ұңғымалы 2 мылтық пен 4 суық қару тәркіленген. Бұл азаматтардың барлығын істеген қылмыстарына қарай жаза күтіп тұрғаны белгілі.
Иә, қарт тарих халқымыздың қай кезеңіне де куә. Бұл жағдай да өтер, кетер. Бірақ кез келген мәселенің шешімі, толыққанды түйіні болады. Бастысы, халықтың толқуы орынды екенін билік түсінді. Президент енді қымбатшылықты ауыздықтамақшы. Ел билігінде кадрлық ауыс-түйіс жасамақ. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру деңгейі мен азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Оған Қ.К Тоқаевтың мына бір сөзі дәлел. «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын» деген еді Президент өз үндеуінде. Мемлекет басшысының қиын жағдайда елмен бірге болып, ұтырлы әрі маңызды шешімдер қабылдауы расында халықтың біртұтастыққа және жарқын болашаққа деген сенімін оятты. Бастысы, халқымыз жамандықтан аулақ болсын.
А. ҚАРАСАЙ
11 қаңтар 2022 ж. 751 0