Елдік – бірлікте

Иә, мен бұрын да мұндай жағдайдың куәгері болдым. 1986 жылы сол кездегі Кеңес үкіметінің шешіміне наразылығымызды білдіріп, "Қазақстанды қазақ басқарсын" деп ұрандап алаңға шықтық. Ол кезде де елдік үшін қаншама жас сол жерден табылды. Ол күн ел есінен мәңгілікке өшпейді. Өйткені ол – нағыз ерлік. отансүйгіштіктің боямасыз көрінісі. Сондай-ақ ол кезде біз бейбіт елдің ішінде бүлікші болып емес, бодандықтың құрығына төзбей, керісінше Тәуелсіздікті көксеп, азаттықты ұран етіп шықтық. "Елдік – бірлікте" екеніне көзіміз жетті. Бүгінде, міне, өзіміз сол күндері армандаған азат елдің азаматтарымыз.
Сол жылғы қыстың қаһарын көзбен көргендер ұмыта қоймас. Оның үстіне Кеңес үкіметінің қаһары тіпті ауыр соқты жастарға. Бірін қамады, бірін қудалады. Сатқын, бүлікші деп шығарды. Орталық алаңда бұрымынан сүйрелеген қазақтың қаракөздері мен қан-жоса болған қара домалақтарының бейнесі әлі күнге дейін менің де көз алдымда.
1986 жылы да бейбіт шеру жасап шыққанбыз. Бірақ халықты тарқату үшін сол кездегі үкімет қандай амалға болса да барудан тайынбады. Көз жасаурататын газ, жан-жақтан жаңбырдай жауған соққылар есеңгіретіп тастады. Тіпті желтоқсанның аязында, мұз үстінде денемізге мұздай су шашып қинады. Мұнан да сорақысын көрсетті. Жоғарыда айтқанымдай, тіпті оқудан шығарып, сатқын деген айдар тақты. Ал кешегі бейбіт шерушілерге мұндай әрекеттердің бірін де жасамады. Тек қарапайым ғана қалқанмен тоқтатты халықты. Өйткені әркімнің азаматтық позициясы бар, оны тыңдау, оған құлақ асу үкіметтің міндеті екенін түсінді билік. Және солай жасады да. Тек арандатушылыққа алданып, кейіннен ұйымдастырылған лаңкестердің ел арасындағы бүлігі бізді қынжылтады. Әсіресе олардың қатарында сол кездегі өзіміз сияқты жастардың бой көрсетуі тіпті өкінішті.
Қаншама жылдар, қаншама жандар армандап кеткен, қиындықпен қол жеткізген егемендігімізге қатер төндіргендер қалай да жазалануы тиіс. Республикамызда жарияланған аза тұту күнін пайдаланып жақынынан айырылған барша қазақстандыққа қайғыра көңіл алтып, сабыр тілеймін.
Асқарабай БЕКБОСЫНОВ,
Желтоқсан оқиғасына қатысушы,
Арал ауданының құрметті азаматы.