Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Олар тыныштығымыз үшін басын қатерге тікті

Олар тыныштығымыз үшін басын қатерге тікті

Жаңа жылдың қаңтар айы елімізге ауыр тиді. Еліміздің батысы Маңғыстауда тұрғындар газ бағасын төмендетуді талап етіп, митингке шықты. Шерушілер талабын бейбіт түрде қойды. Ел тілегі ескерілер, халық қалауы қанағаттандырылар деген ойда болдық. Алайда ойламаған жерден бүлік орын алды. Елдің берекесі қашты, абдырап қалды. Мыңдаған халық шеруге шығып, оған еліміздің басқа аймақтары да қосылды. Әлеуметтік мәселелерді айтумен бастау алған шеруді ұтымды пайдаланып, өздерінің жымысқы әрекеттерін іске асырғысы келген арандатушылар алаңға шығып, адамдарға зорлық-зомбылық көрсетіп, оқ атып және мекемелерді өртеп, банктерді, дүкендерді тонап, көліктерді қирата бастаған. Бұзақылар Алматыдағы телеарналар мен филиалдарға да шабуыл жасаған. Оған қоса «Қазақстан» және «Мир» арналарының ғимаратын талқандаған. Төтенше жағдайға байланысты өрт сөндірушілер оқиға орнына жете алмаған. Телекамералар ұрланған. Бұзақылар өзге де қажетті жабдықтарды тонап, небір сұмдық әрекеттерге барған. Сөйтіп, бейбіт басталған шеру басқаша сипат алды. Тіпті, сонау соғыс жылдарының өзінде медицина қызметкерлері мен журналистерге қару кезелмейтін, бозбаланың басы кесілмейтін, жасөспірім жеткіншек өлтірілмейтін еді. Лаңкестерді ел мүддесі, ұлт арманы да бас ауыртпады, олар алдын ала ұйымдастырылған жоспар бойынша әрекет етті. Елдің қауіпсіздігіне, мемлекеттің тұтастығына қауіп-қатер төнді. Тәу еткен тәуелсіздігіміз уысымыздан сусып кетердей күй кештік.
"Іштен шыққан жау жаман" дегендей, деструктивті ағымдар мен арамза пиғылды бүлікшілер тұтас елді ыдыратқысы келді, тәуелсіздік туын таптағысы келді. Бүлік елдігімізге сына қақты. Төтеннен келген күштер тажалдай төніп, бір мезетте өзімізді қорғансыз сезіндік. Бойында опасыздық пен озбырлық белең алған бүлікшілер қайдан келді? Әрбірімізде оларды біз қалай аңғармай қалдық деген заңды сұрақ туындайтыны шындық. Бұл жөнінде: "Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады. Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеуметтік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының болғанын көрсетті. Содырлардан бөлек, идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен «фейктер» таратуды шебер меңгерген және адамдардың көңіл-күйіне ықпал ете алатын мамандар жұмыс істеген, – деді Мемлекет басшысы өз үндеуінде.
Соңғы күндері еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалар салдарынан біраз азаматымыздан айырылып қалдық. Соған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Президенттің батыл әрі уақытылы шешімдері еліміздің бейбіт және қалыпты өмірге оралуына септігін тигізетіні ақиқат. Сондықтан осындай ауыр кезеңде біз Президент жанынан табылып, қолдау білдіруіміз қажет. Бұл – экономиканы қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру, жағдайды тұрақтандыру және  барлық салада жаңа реформаларды іске асыру үшін маңызды әрі шешуші қадам болмақ.
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күш құрылымдарының 18 қызметкері қаза тауып, Ұлттық ұлан мен ішкі істер органдарының 748 қызметкері зардап шекті. Қазақстан бойынша тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 2 265 адам медициналық көмекке жүгінген. 83 адам ауруханада ауыр халде жатыр. 9 қаңтарда Президенттің төрағалығымен өткен штаб отырысында 125 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, ішкі істер органдарына 5,8 мың адам жеткізілген, оның ішінде шетелдіктер де бар көрінеді.
Осындай қиын шақта ел мүддесі, халықтың амандығы үшін қанқұйлы қарақшылардың қолынан шейіт болған боздақтарымызды, ұлттық батырларымызды ешқашан ұмытпауымыз керек! Осынау тағзым мен тағылым күнінде тәуелсіздігімізден айырғысы келетіндерге сес, өзіміз ес жинап, елдігіміз сынаққа түскен осы сәттен сабақ алып, кемшін  тұсымызды ой елегінен өткізіп, бұрынғыдан да мықты болуымыз қажет! Өйткені біздің Отанымыз жалғыз, ол – Қазақстан!

К. МАХСҰТ
11 қаңтар 2022 ж. 520 0