Бейбіт өмірден асқан бақыт жоқ

"Отан отбасынан басталады" деп тегін айтылмаған. Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуді әрбір әке үйінде өсіп келе жатқан ұрпағына ұғындыру керек. Отбасында балаларын Отанды сүюге баулуда, патриоттық рухта тәрбиелеуде әкенің рөлі зор. Барлық әкелерге айтарым, ұлдарымызды алдымен ата-анасын сыйлауды, жақындарына, апа-қарындастарына қамқор болуды үйретуге шақырамын. Өйткені кешегі бұзақылардың ішінде өзіміздің қазақтың балалары аяусыз бірін-бірі ұрып-соғып, үлкен-кіші демей қасақана кісі өлтіруі, озбырлық көрсетуі отбасындағы тәрбиенің осалдығынан деп түсінемін. Бізге бір-бірімізге деген мейірімділік пен сүйіспеншілік жетіспейтін сыңайлы. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйінде әкесі айтып, жөнге салып отырса, жағдай ушықпас еді.
Бірлік, тыныштық, татулық қай заманда да өте өзекті мәселе. Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, тұрақтылығы бекем болуына сіз бен біз үлес қосуымыз керек. Әке – отбасының басшысы. Өз үйіндегі тыныштықты сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз етсе, бұл мемлекетке қосқан пайдасы сол деп пайымдаймын.
Біз қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Балаларымыз бен немерелеріміз, болашақ ұрпағымыз ашық аспан астында, бейбіт заманда ешқандай уайымсыз өмір сүруі тиіс. Қайғысыз қара суды ішуді жөн санайтын қазақ үшін бейбітшіліктен асқан бақыт жоқ! Мың өліп, мың тірілген, қандай ауыртпалықты бастан өткерген қазақ халқының келешек ұрпағы мұндай берекесіздікті, тәртіпсіздікті, сорақылықты көрмеуі тиіс. «Бір күнгі ұрыстың қырық күнгі несібеге кесірі тиеді» деген екен халқымыз. Сондықтан "Отбасы" деп аталатын шағын мемлекетіміздің тыныштығын ойласақ, балаларымыздың әр ісіне жауапкершілікпен қарайық. Отбасынан бастау алатын "Отан" дейтін алтын шаңырағымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, береке-бірлігіміз арта бергей. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, ағайын!
Жақсыбай ЖҰҚАБАЕВ,
Арал қаласы әскери зейнеткерлер төрағасы