Аналық алғысымды айтамын
Қалада қаншама халық болса, мұқтаж жандар да соншалық көп қой. Біреу үйге зәру, біреу отынға, біреу газ-суға дегендей. Соның бірі - осы менмін және келін-балам.
Мен өзім бес бала тәрбиелеп өсірген, бірінші топтағы көз мүгедегі анамын. Аудандық тері аурулары диспансерінде талай жыл қарапайым ғана тазалықшы болып, азды-көпті абыройлы еңбек етіп, содан құрметпен зейнетке шықтым.
Бүгінгі айтайын дегенім, өзімнің келін-баламның жайы еді. Балам Жұмашев Нұрболат №62 мектеп-лицейде жұмысшы болып істейді. Келінім Ешниязова Айдана, ол да бес бала тәрбиелеп отырған ана, өзі жұмыссыз. Балаларының алды 2-сыныпта оқыса, кішкентайы 1 жаста. Баламның азғантай айлығымен күн көріп отыр. Осылардың басында үйлері болмағандықтан да, көше жағалап, пәтер жалдап тұрып жатқандарына міне, 10 жылдан астам уақыт болды. Келінімнің Арал қаласының әкімдігіне тұрғын үй кезегіне арыз бергеніне де міне, он жыл болыпты. Содан бері әлгі кезегіміз бір жылжымай-ақ қойды. Қалада соңғы жылдары тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр ғой, бірақ одан бізге бұйырып жатқаны жоқ. "Жыламаған балаға емшек қайда" дегендей, осы өтінішіммен жақында аудан әкіміне кірейін деп бекіндім. Әкімнің әкесі елге белгілі азамат еді, бір өтінішімді аяқсыз қалдырмас деген де ойым бар-тұғын. Бұрын-соңды аудан әкіміне барып көрмеп едім, сондықтан да қатты қобалжыдым.
Дегенмен көптен ел басқарып жүрген, халықтың ау-жайына құлақ түріп жүрген басшы азамат қой, аудан әкімі Серік Сермағамбетов балам мені жылы қабақпен қабылдады. Әкім балама өтінішімді айтып жеткіздім. Ол құлақ салып, мұқият тыңдап болып:
–Биылғы жылы қалада тағы да тұрғын үйлер саламыз, бірінші кезекте сізге береміз. Әзір балаларыңның үйі жоқ болса, пәтер іздесін, пәтер ақысын төлеуге де көмектесеміз, – деді.
Әкімнің мына жүрек қуантар жауабына дән риза болып, қайта-қайта алғысымды айтып, батамды беріп, үйге келдім.
Пәтер іздеп едік, бәрі қымбат болды, жағдайымыз келмеді. Сөйтіп Базар көшесі, №9 үйде тұрып жатқан ескі пәтерін жөндеп бердік. Бірақ ол үйдің суын қиып кетіпті, әрі қысқы отындары да жоқ екен.
Әкім балама тағы келіп жағдайымды айттым. Сол бойда орынбасары Қайрат Байғабылұлын шақырып алып, менің өтініштерімді орындауды жедел тапсырды. Ұзамай мамандар келіп, үйдің суын қосып берді. Сонымен бірге төрт тонна көмір де түсірілді. Бұдан артық бізге қандай қамқорлық керек.
Он жыл армандап жүрген үй кезегін биылғы жылға қойып, балаларымыздың қысқы отын-суын аз уақытта дайындап берген аудан әкімдігіндегі балаларыма аналық алғыстан басқа айтарым жоқ. Ел үшін атқарып жатқан еселі еңбектеріне әрқашан сәттілік тілеймін. Халықтың қамқорлығына бөлене беріңдер деген аналық ризашылық сөзімді жеткізгім келеді.
Сәуле САРИЕВА,
І топтағы көз мүгедегі,
көп балалы ана