Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата, Сіз өлген жоқсыз

Ата, Сіз өлген жоқсыз

Ақ ұлпаға оранған ақпанда қазақ әдебиетінің аспанындағы тағы бір жарық жұлдызы ағып өтті. Ел жоқтады, оқырмандар күңіренді. Мен де көппен бірге шыр етіп дүниеге келгенде есімімді қойған аяулы атамның шөбересі ретінде ой толғауды жөн санап, қолыма қалам алдым.
Күллі Қазақстан халқының мақтанышы, айдынды Аралдың перзенті Әбдіжәміл Нұрпейісов біздің әулетімізбен аралас-құралас жан еді. Нақтырақ айтқанда, немере інісі әкем Әбдірашитпен айнымас дос болған. "Өткен күнде белгі бар" демекші, абыз ақсақал туған жеріне жолы түскен сайын біздің шаңырақты айналып өткен емес. Сол кездерде қос замандас әкеммен шүйіркелесе әңгімелесіп, бір қауқылдасып қалатын.
 Үйімізде осы кісінің құрметіне бір бөлме де дайындалған-ды. Ара-тұра қаламгер атамыз келген сайын сол бөлмеде жайланып, шығармашылықпен айналысатын. Мен 6 жасар баламын. Балаға бәрі таңсық, бәрі қызық. Қаламын қолына ұстап, тұңғиыққа батқан күйі ойға шомғанын сырттай тамашалайтынбыз. Әбдіжәміл ата балаға да өте мейірімді еді. Есерсоқтығымызға салып, жазуына кедергі келтірген кезімізде бір әй демейтін.
Жалпы, мен ол кісіге шөбере болып келемін. Есімімді де 29 қазан комсомолдар күнімен байланыстырып, осы атамның қойғанын әрдайым мақтан етемін. Балықшылар өмірін айна-қатесіз сомдап, «Қан мен тер» туындысы арқылы Аралды әлемге танытты. Әбдіжәміл ата енді, міне, ортамызда жоқ. Келместің кемесіне мінген қимасымыз теңіз төскейіндегі жұрты бар кезде көптің жүрек кестесінде тоқылып қала бермек. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген өлең жолдары осындай қайталанбас тұлғаларға айтылған шығар, бәлкім. Сіз өлген жоқсыз, ата.

Мейрамкүл ӘБДУЛРАШИДҚЫЗЫ,
Арал көпсалалы колледжінің қызметкері
08 ақпан 2022 ж. 382 0