Арманы ақиқатқа айналған жан
Айтпа ғылым сүйсеңіз..." деген хәкім Абайдың жыр жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар. Өлеңмен өзінше болжап қоймай, жырына өмірді сыйдырып, талай ұрпаққа өшпес өнеге қалдырған ұлы ақынның ұлағаты бүгінде алдымыздан жиі кездесіп отырады. Шындығында солай. Арман – адамға тек қиял мен тәтті ойлар ғана емес, болашағына бағдар да сілтейді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де бала арманын ақиқатқа айналдырған жерлестеріміздің бірі болмақ.
Бұл сөзімізбен не айтқымыз келгенін кейін ұғынарсыз. Әзірге Гүлназ Әбдірахманованың өзі жайлы айта кетейік. 1988 жылы Арал қаласында туған. Бүгінде бір шаңырақтың көргенді келіні, бес баланың ақылшы анасы. Сонымен қатар екі бірдей мамандықтың иесі. Алғашында мектеп бітірген соң техник-бағдарламашы бойынша білім алған Гүлназ Тастыбайқызы кейіннен мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша оқып, диплом алған. Алайда баламен отырып, жұмыс жасаудың реті келмейді. Бірақ бүгінде сол бала күнгі көкейдегі қызығушылығының нәтижесінде бойындағы қабілетті дамытып, елдің батасын алып келеді. Анығырақ айтсақ, тігін машинкасын жанына серік етіп, тігін тігумен айналысып келеді.
Иә, бала күнде қолына қайшы алып, түрлі ою-өрнекті қиып ойнамаған қыз баласы жоқ шығар. Бірақ есейе келе бәрі ұмыт болады. Уақыт талабына сай білім алып, сол бір балғын шақтағы іскерлікке деген ұмтылыс естелікке айналып қала береді. Ал кейіпкерімізде бәрі басқаша. Өйткені "мен тек өзімнің ғана арманымды орындауға ұмтылмадым" дейді.
– Кішкентай кезімнен тігін тіккенді ұнататынмын. Бір қызығы, анам емес, әкем тігінге жақын болды. Әжеме, тәтелеріме, ағаларыма қолғап, башмакты өрнектеп тұрып тігіп беретін. Соның барлығын жанында отырып көріп өстім. Содан болар, тігінге деген махаббатым ерекше. Ерекше ықыласпен көңілге тоқып, шабытпен жұмыс істеймін. Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты демей ме?! Менің сүйікті ісім де, сүйіп істейтін ісім де – тігін тігу болатын. Осылай бола тұра менен бақытты адам болар ма?! Студент кезiмде де әкем алыс Арқалық қаласында тұратын тәтемнiң тiгiн машинасын қыздарыма деп алып келгенi есімде. Сол тігін машинасын көргенде, қуанышымызда шек болмады. Ол өзімнің алғашқы тігін машинам. Содан әпкем екеуміз құрақ көрпелер тіге бастадық. Үйде жұмыссыз отырмай, қолдан келетін тігін кәсібімді іске асыруыма да сол басты себепші болды, – дейді.
"Тілегенге – сұраған" деген осы шығар. Талапты жанның көздеген мақсатына жету мүмкіндігі тіпті арта түсті. Кәсіпкерлікке қолдау артып, 2019 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант ұтып, өз кәсібін бастауға жол ашылды. Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантқа қажетті тігін машиналарын алып, жеке кәсіп ашты. Бірақ кез келген істің қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі ғой. Жаһан жұртшылығын дүрліктірген пандемия салдарынан жұмысты әрі қарай қарқынды дамытып кету ауырға тиді. Сонда да өз кәсібінен жалықпаған Гүлназ Тастыбайқызы алдағы уақытта өзінің жеке коллекциясын шығарып, арнайы тігін орталығын ашқысы келетінін жасырмады. "Бұл өзгелерді де жұмыспен қамтудың бір жолы болар еді" деген тігінші тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сыныбын өткізуді де көңілі қош көреді.
– Адам ізденіссіз жоғарыға өрлей алмайды. Оған көзім анық жетті. Бірнеше тігіншілікке арналған оқу курстарынан, көптеген осы істің шеберлерінің шеберлік сыныптарынан өтіп, үйренгенім көп. Тек киім тігу ғана емес, өзге де тапсырыстарды жауапкершілігіме алып, көңілінен шығып келемін. Төсек жасау, бесік жасауын тігу сияқты өзге де дүниелерді тігіп келемін. Басқалар да осыны үйренсе деймін, – деді.
Әңгімелескенімізде қолы өнерлі жан "Кішкентай кезімізде әжем күн шуаққа қол машинасын жылтыратып майлап отыратын. Сол кезде әпкем екеуміз тып-тыныш отыра қалатынбыз. Тынышталуымызда да себеп бар ғой. Әжемнің тіккенін көргіміз келеді. Ал шуласа қалсақ, бөлмеден шығарып жібере ме деп қорқамыз. Әжем де біздің тіккенімізді қалаған шығар, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп отыратын. Тіпті қызықтырып "Ертең сендерге қазақша көйлек тігіп беремін" дейтін. Өкініштісі, қазір түрлі қазақша көйлектер тігетінімді әжем көре алмай кетті. Бірақ артына үлкен тәлім-тәрбие қалдырып кеткенін мақтанышпен айта аламын" деп көңілі босады.
Десе де талай үлкен мен көңілі алып ұшқан балақайларды қуантып келе жатқанын есіне алған Гүлназ жауапкершілікті алдыңғы орынға қояды. Оған көп тұтынушыларының пікірі дәлел. Біз де еңбегіне сәттілік тілейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ