Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік күтіп аялдаған жанға аялдама керек

Көлік күтіп аялдаған жанға аялдама керек

Қаланың қай аумағында болсын, халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасайтын қоғамдық көлік қызметі болғаны жақсы. Таксиге төлеген ақшаны екі-үш мәрте үнемдеуге мүмкіндік беретін мұндай қатынас құралдары  жолға қойылса халық риза. Қазір сол жолмен қайта бастау алған қоғамдық көлік қызметі қаланың батысы мен шығысын жалғап, тұрғындардың алғысына бөленіп келеді. Бұл жайында газетіміздің өткен санында жазылды да. Аудан әкімінің бастамасына кәсіпкердің тың іске деген тәуекелшілдігіне жұрт риза. Алайда осы бір нәтижеге қол жеткен тұста тұрғындар тарапынан тағы бір мәселе қылаң берді. Бұл қаланың шеткі аудандарындағы қоғамдық көлік жолындағы аялдамалардың жоқтығы. Осы мәселені қаузап, редакциямызға бірнеше тұрғын хабарласты. БАҚ құралдары халық пен билік арасындағы алтын көпір болған соң, жұртшылық ұсынысын атқарушы билік назарына жеткізуді жөн санадық.
Қаланың шеткі аудандарында тұратын З.Айжарық жұмысына осы қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындардың бірі. Күнде таңертең тас жол бойында қоғамдық көлік күтетін ол көбіне көлік күтіп жаурап қалатынын айтады.
– Кейде орталыққа келу біз үшін мұңға айналушы еді. Такси іздеп немесе таныс көліктердің жүргенін күтіп жағдай айтушы едік. Енді, міне, қаланың арғы басы мен бергі басын жалғайтын қоғамдық көлік (маршрут) шыққалы жол жүрудің машақаты жеңілдегендей болды. Бір жағынан қалтамызға да жеңілдік болғанын жасырмаймыз. Әрине мұндай бастамаға себепкер болған аудан әкімі екені түсінікті. Ал сол бастама аясында кәсіпкердің қолға алған осы жұмысына Алла береке берсін дейміз. Осы бағытта қатынас жасап тұрған көліктер саны аздығы байқалады. Өйткені арасы алшақтау. Кейде қоғамдық көлік күтеміз деп көше бойында жаурап қалып жатамыз. Жергілікті биліктен сұрарымыз, енді сол қоғамдық көліктерді күтетін жақсы үлгідегі аялдамалар болса дейміз. Мәселен, қазір қаланың Суворов мөлтек ауданында аялдама жоқ. Бұрын ескі түрі тұратын еді. Үлкен көшеміз жөнделгелі оны да алып тастады. Енді сол орнына және жаңадан түскен мемлекеттік тұрғын үйлер жағына тағы бір аялдама орнатылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі ол аялдамалар қыстың суығы мен жаздың ыстығында жолаушылар үшін үлкен көмек. Осы тілегімізді аудан билігі назарына алса екен дейміз, – дейді қала тұрғыны.
Иә, аудан әкімі қандай жұмысты қолға алса да, бәрі халық үшін екенін жақсы білеміз. Тек тез бола қоймады, біте қоймады деп сабырсыздық танытып жататынымыз бар. Тұрғындардың осы көтерген мәселесін ескеріп, Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Тасқынбаевқа бардық. Айтуынша, қалада бұрыннан қоғамдық көлік қатынасы жолға қойылмағандықтан аялдама мәселе болып тұр.
Қалада өзі бар-жоғы 6-7 аялдама бар. Оның көбі ескі күйінде қалған. Ал сіз айтып отырған Суворов мөлтек ауданында шынымен аялдама жоқ. Үлкен көше жөнделмей тұрғанда ескі аялдама тұр еді. Оны құрылыс жұмыстарына кедергі келтіретін болғандықтан алуға тура келді. Алдағы уақытта ол маңдарға аялдама салу жұмыстарын қоғамдық көлік қатынасының бірізділгіне байланысты қолға аламыз. Қазір қалаішілік қоғамдық көлік бір бағытқа шығып тұр. Оны да кәсіпкер белгілі бір сынақ мерзіміне тәжірибе ретінде қолға алып отыр. Оның бұл жұмысы өз-өзін ақтамайтын болса, бас тартуы да мүмкін. Сондықтан сәл уақыт күте тұруға тура келеді. Біздің бұл бастамамыз сәтімен жалғасып жатса, заңдылығына сай аялдамалар орнату жұмыстарын қолға аламыз. Әзірге қалаішілік бір бағыттағы қоғамдық көлікті 5 бағыт бойынша жүруін қамтамасыз етуге күш салу күн тәртібінде тұр. Қалған жұмыстар реттілігімен бола жатар, – дейді бөлім басшысы.

А. ҚАРАСАЙ
15 ақпан 2022 ж. 655 0