Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық – халық байлығы

Балық – халық байлығы

Қазіргі таңда аталарымыздың қастерлеген асын қалай қадірлеп, қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз?
Бүгінгі күннің талабына сай балық аулау түрлерін саралап бөлетін болсақ, олар – кәсіпшілік, әуесқойлық – спорттық, ғылыми-зертеулер үшін, бақылау үшін, мелиорациялық, өсімін молайту мақсатында, эксперименттік аулау болып бірнеше тәсілдерге бөлінеді.
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593 «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы заңында балық шаруашылығын қалай жүргізу керек, балық  аулау тәртібін толығымен көрсетіп берген.
Халық  арасында балық аулау туралы  үгіт – насихат, түсіндірме  жұмыстары  әрдайым  жүргізіліп  келе  жатса  да, кейбір азаматтарымыздың заңсыздыққа бой алдырғаны анықтала қалған жағдайда: «заңды білмедім, хабарым жоқ», – деп жүресінен отыра кететінін қайтерсің.
«Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды»  деген сөздерді бір сәт қаперімізге алып, қоршаған ортамызға қамқорлық жасап жүрсек, келер ұрпақтың мол несібесі балық қорын аман сақтап, болашаққа мұраға қалдырарымыз хақ.
Енді осы балық және аң шаруашылығының жай-күйі, балық қорғау іс-шараларының ахуалы қандай жағдайда, соған тоқтала кетейік.
2022 жылдың 2 айында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен және балық шаруашылығымен айналысатын табиғат пайдаланушылардың қорықшыларының қатысуымен, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандары тарапынан жиі жоспарлы түрде бірлескен рейдтік шаралар жүргізу барысында,  балық аулау қағидасын бұзу бойынша барлығы 145-ге жуық іс анықтап, анықталған өрескел заң бұзушылық бойынша 9 әкімшілік ісі сот қарауына жолданды. Оның ішінде 2 қылмыстық іс анықталып, полиция бөлімдеріне тапсырылды. Әкімшілік істер бойынша 1 млн 891 мың 402 теңге айыппұл салынып, 1 млн 719 мың 207 теңгесі өндірілді және осы істер бойынша табиғатқа келген залал 1 млн 683 мың 710 теңге құрап, казіргі таңда 714 мың 052 теңге өндірілді. 
Рас, қазіргі таңда балық аулауға арнайы рұқсат құжаттарын заңдастырылған түрде рәсімдеген тұрғындарымыз да аз емес. Сонда да болса жоғарыда айтылған жинақталған көрсеткіштердің қорытындысы көңіл көншітерліктей емес екені мәлім болып отыр.
Балықтарды қырылудан аман алып қалудың қамына келсек, қыс  айларында мұздың қалыңдап қатуынан су айдындарындағы ылғал ауаның  жетіспеуі салдарынан балықтардың әлсіреп, жаппай қырылу қаупін болдырмау  мақсатында, суға ауа өтуі үшін арнайы ойықтар ойылып, олар қатып қалмауы үшін байлап буылған қамыстарды ойылған үкіге салып, оны уақытылы қозғап тұру қажет.
Тағы да бір айта кететін жайт, қыс айларында өңірдегі су айдындарында мұз пайда болуына байланысты балық және аң аулау науқаны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық табиғат пайдаланушыларға өзен-көлдерде сақтық шараларын жасау, қауіпті аймақтарға көрінетін жерлерге арнайы ескерту белгілерін қою жұмыстарын атқару қажеттігі туралы ескертілді.
Балық қорын сақтау шараларына тоқтала кетсек, бүгінгі таңда балықшылар арасында полиамидтік синтетикалық талшықтан жасалған ауларды (халық арасында – қытай аулары) пайдаланушылар көлемі азайғанымен, әлі де болса ішінара кездесіп отыр. Бұл аудың балық қорының азаюына тигізетін  әсері өте зор көлемде екені көпшілікке белгілі. Полиамидтік ауларды ұзақ уақыт суда қалдырып  кеткен жағдайда, оған түскен  балықтардың суда шіріп, экофаунаны бүлдіріп, әр түрлі аурулар туғызуы мүмкін екенін Инспекция қызметкерлері ардайым көпшіліктің есіне салып келеді.
Алдағы уақыттың еншісінде Инспекция қызметкерлері табиғат заңдылықтарын бұзуды болдырмау мақсатында атқаратын ісшаралардың ауқымын азайтпақ емес. Балық қорын сақтап, қорғап және қамқорлық жасау мемлекеттік инспекторлардың ғана емес, өңіріміздің барлық тұрғындарына бабаларымыздан қалған аманат екенін ұмытпайық.
Р. СЕЙІТМҰРАТОВ,
Арал-Сырдария облысаралық бассейндік
балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы.

syrboyi.kz
18 наурыз 2022 ж. 714 0