Жолдауда айқындалған басымдықтар еліміз үшін маңызды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарды түсіндіру және оны іске асыруға арналған актив жиыны өтті.
Актив отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, ардагерлер, БАҚ өкілдері және онлайн форматта кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі С. Сермағамбетов Жолдаудың мән – маңызы мен мазмұнының айрықша екендігін айтып, ел Президенті тарапынан нақты айтылған саяси реформалардың 10 бағытына жеке-жеке тоқталып өтті. Маңызды құжатта айтылған мақсаттар мен міндеттер аясында іске асатын жұмыстарды нақтылап, жауапты орынбасарларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Одан соң аудандық мәслихат хатшысы Төрахметов Базарбай жергілікті мәслихаттардың рөлі мен модернизациялар бойынша хабарлама жасады.
Ал сайлау жүйесін жетілдіру бағыты бойынша Президент тапсырмасына сәйкес өңірдегі атқарылатын жұмыстар жөнінде аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Зағатов Нұрбек пікір білдірді.
Мұнан кейін аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Елешов Абай бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әлеуетін көтеру мәселесі маңызды жаңалық болғанын айтып, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі ақпараттандыру саласына байланысты екендігіне тоқталды.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әбілбаев Абай жалынды жастардың еліміздің саяси өміріне оң өзгерістер әкелетін бастамаларды ерекше қабылдап, айрықша қолдау білдіретінін, еліміздің игілігіне бағытталған шараларды жүзеге асыру барысында аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы қатысушыларды Жолдауда берілген басым-бағыттарды орындауға жұмыла кірісіп, сапалы жұмыс атқаруға шақырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі