Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құбыжық бейнесіндегі бейбақ

Құбыжық бейнесіндегі бейбақ

Қыс мезгілі болатын. Мен ол кезде Көктем деген ауылда мұғалім болып жұмыс істеймін. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қызмет атқаратын жас маманды қонақжай Көктем жатырқамады. Өзім қарайлас ауыл балаларымен де аз уақыт ішінде араласып, бірлі-жарым айда сол ауылдың баласы болып кеттім. Алғашқы еңбек жолым болған соң кішігірім қиындықтар да болып тұрды. Бірақ мені сол ауылдың жақсы адамдары мен жақсы ортасы өзіне баурап алды. Ауылда бұрын Шарап деген ақсақал өткен. Өзі мал дәрігері болып еңбек еткен. Бұл шаңыраққа қонақтап түскен жолаушы қайта-қайта риясыз пейілімен алғысын айтып, батасын беріп кететін. Қонақ келсе қой соятын қазақтың бір шаңырағы болса, сол Шарап ақсақалдың әулеті болған. Мұны қазір сол шаңыраққа ие болып отырған Ақберген ағам жиі айтып отыратын. Жақсы адамдардың сондай әңгімелерінен халқымыздың бұрынғы дәстүрі мен сырт көз сұқтана қарайтын қонақжайлылығы туралы көптеген мәлімет жинақтадым. Тіпті сол ауылға қонақ боп барып, сый-құрметіне бөленген де болатынмын.

Бірде өткеннің ескі естелігін еске түсіретін жақсы әңгіме өрбіді. Кешкілік дастарқанда үлкен ас. Бұл жолғы әңгіме Шарап әкейдің қызмет бабында жүріп сыйлы адамдардан алған сыйлықтары мен қол жеткізген көнерген сайын құнарлана түсетін таза шараптары жайлы болды. Ол кезде Көктемді халық «Көгерту Көктем» деп атап кеткен екен. Сауын сиыр ұстайтын совхоздың орталығына айналған бұл кеңшардың тіршілігі құж-құж қайнаған шақта Шарап әкей талай колхоздарды аралап, ат үстінен түспеген көрінеді. Сонда дүние емес, дос жинай білген жанның артында жұрт айтып отыратын жақсы амалдары мен естеліктері қалған. Әңгіме қыза түскен шақта даланың есігі ашылды. Ақберген ағамыз:
– Абзал, қарашы, кім келді екен?! – дегенше болмады, ортаңғы есік ашылды.
Көз алдымызда бетін сақал-мұрт басқан, үстіндегі киімі жұлым-жұлым, аяғындағы саптама етігі бір жағына қисайған, қолдары мен беті қып-қызыл болып кеткен орта жастағы адам тұрды. Құдды бір құбыжық секілді дерсіз. Нақты есімде жоқ, бірақ сол табалдырықта тұрған күйі бір ауылдың атын айтып, жөн сұрады. Көз алдындағы көрініс көзге оғаш көрінсе де, қонақжай қазақ жолынан жаңылған ба?! Дәм ұсынып, дастарқан басына шақырдық. Бірақ әлгі бейбақ:
– Үзім нан берсеңіз болды, маған жөн сілтеп жіберіңіздер, сапарымды жалғастыра берейін, – деді.
Ондайдан әсте жаңылмайтын сол шаңырақтың келіні Жанат дереу ас бөлмеден қалта әкеп, дайын ет пен туралған нан салып, қолына ұстатты. Шамасы қазақы дәстүр мен қалыптасқан ұстанымдардан сәл алыстау адам болды ма екен, сол күйі кірген есігімен сыртқа шығып кетті. Әйтпесе қазақ үлкен астан аттамас болар. Бұрын-соңды мұндай құбыжық бейнесіндегі адамды көрмеген біз әлгінің сыртынан ілесе шығып, қайда бағыт алғанын көрмек болдық. Бірақ көзге түртсең көрінбейтін тас қараңғыдан адам тұрмақ, жардай атанды көру мүмкін емес. Сонымен не керек, сол күні түнде әңгіме ауаны әлгі жолаушыға қарай ойысты. Санамызда сан түрлі ой. Бәлкім, осынша уақыт адасып жүрді ме, әлде біреудің озбырлығын жылдар бойы көріп, қамауынан қашып шыққан бейбақ па деген ойлар бізді бір байламға тоқтатпады.
Тәңірдің таңы атты. Мен әдеттегі жұмысыма бардым. Мақсатым оқушыларға білім беру болғанмен, ойымнан әлгі бейтаныс адам кетер емес. Бір жағынан, үйсіз-күйсіз қалған мүсәпір жанға бір түнге болса да пана бола алмадық-ау деген аяныш ой бар. Бір жағынан, кім екенін, тағдырдың нендей тұзағына түсіп, осындай халге жетті деген сұраққа жауап таппай әлекпін.
Арада екі-үш күн өтті. Сол-ақ екен «Ауылда құбыжық жүр» деген сөз ел ішін шарлап кетті. Ауыздан-ауызға тиіп, бізге жеткен әңгіме тіптен бөлек еді. Естуімізше, бірер күн бұрын ауылдағы бір ағамыздың оқушы баласын кешкілік сабақтан қайтарда әлгі «Құбыжық адам» қуған көрінеді. Бәлкім, жөн сұрамақ болған шығар. Бірақ бейтаныс адам түн ортасында дүрсе қойғанда, бала қорқып қаша жөнелген шығар. Біз өзімізді осылай жұбаттық. Сол күні түнде ауылдың үлкендері бірлесе шығып, әлгі адамды іздепті. Қуыс-қолтықты қалдырмай тінтіп, із кескен. Алайда ауылға күнде кіріп-шығып жатқан мал ізінен оны таба қою мүмкін емес еді. Қысқасы, сол адам сол кеткеннен мол кетті. Десе де ел ішіндегі түрлі сөздер біздің бойымызға үрей ұялата бастады. Уақыт өте біз аяныш білдірген бейбақ шын мәнінде «құбыжыққа» айнала берді. Тіпті топтасып, болмаса түн жарымында ауыл ішінде жан баласы жүрмейтіндей жағдайға жеттік. Әдетте есікті ілуді әдетке айналдырмаған ауыл тұрғындары жұрт ұйқыға жатарда қора-жайдың есігін іліп жататын болды.
Иә, пенде болған соң тағдыр талайы кімді нендей халге түсірері Аллаға аян. Жоқтан барды жасайтын Жаратқан Алла жер бетіндегі қаншама тіршілік иесіне өз жолын сызып берді. Бір қызығы, осы әлемде қанша миллиард адам болса, сонша тағдыр бар. Ал сол миллиардтаған тағдырдың бір-біріне мүлдем ұқсамайтыны қалай?! Біздің әңгімемізге арқау болған әлгі «Құбыжық адам» сол тағдырлардың ең ауыр әрі күрделісіне тап болған сормаңдай шығар. Шын мәнінде «ол кім, қайдан келді, не істеп жүрген жан? Адам, әлде пері ме?» деген сұрақтар санада әлі сол жауапсыз күйінде тұр. Анығында, бәрі Аллаға аян...

А. ҚАРАСАЙ
05 сәуір 2022 ж. 374 0