«Қазақстан халқына» қоры кімдерге көмектесетіні белгілі болды
Бұл туралы қоғамдық қор төрағасы Болат Жәмішев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.
Қорға 126 млрд теңге түсті. Бұл ауқымды әрі маңызды жұмысты бастауға мүмкіндік беретін айтарлықтай үлкен сома... Бүгін біз денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірге ең маңызды міндетті шештік. Біз «Қазақстан халқына» қоры көмек көрсете алатын және көмектесуі керек контингентті анықтадық, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Ол орфандық ауруларға шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қордың маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
Орфандық ауруларды емдеу медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне жатса да, әртүрлі себептерге байланысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерде жоқ адамдар бар. Сондықтан орфандық ауруларға шалдыққан 201 баланың және дәрі-дәрмектермен жеке қамтамасыз етуге мұқтаж адамдардың тізімін анықтадық. Қазір құрамында білікті дәрігерлер бар қордың эксперттік комитетімен бірге қордың көмектесуі үшін ұйымдастыру мәселелері қаралып жатыр, – деді ол.
baq.kz