Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық сақтау бәрімізге ортақ

Тазалық сақтау бәрімізге ортақ

Жер Ана бусанып, қардың көбесі сөгілген тұста жан-жағымызды жиыстырып, айналаны ретке келтіретініміз бар. Бұл кезде қала тұрғындарынан бөлек мекемелер де апта сайын сенбіліктер өткізіп, өздері еңбек ететін мекемелерінің айналасын қоқыстан тазартып, айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл көктем мезгіліне тән керемет көрініс, жалпыхалықтық бастама. Бүгінде аудан аумағында апта сайын сенбілік шаралары ұйымдастырылып келеді. Осыдан бір апта бұрын да қала бойынша кең ауқымда тазалық жұмыстары жүргізілді. Республикалық «Birge - Тaza Qazaqstan» акциясы аясында көркейту-көгалдандыру және тазалық жұмыстарын қарқынды түрде жүргізілгенін білеміз. Бұл акцияға аудан орталығындағы барлық мекемелер мен мектеп, балабақшалардың аулаларына, ескерткіштер маңы мен демалыс алаңдарына, орталық көшелер бойындағы қоршаулар ішіне жергілікті климатқа бейімделген қара тал, сыр талы, туя ағашы мен терек талдарының 2150 көшеті отырғызылыпты. Бұл іс-шаралардың бас-қасында аудан әкімінің өзі бастап жүргеніне қуаныштымыз. Біз акцияның одан әрі жалғасын таба бергені дұрыс деп есептейміз.
Жалпы тазалық біздің мәдениетіміздің айрықша белгісі болып саналады. Қала тазарса, ауамыз да, ауламыз да таза. Мен мұны ұдайы балаларыма да, немерелеріме де айтып келемін. Халқымызда бұл мезгіл жаңарудың, тазарудың мезгілі саналғандықтан, осы тазалық мәселесінде біздің өскелең ұрпағымыз рухани сана қалыптастыру қажет. Әйтпесе бүгін жинаған жеріміз ертең-ақ күл қоқысқа қайта толып қалады. Сондықтан тазалықты шашылған күл-қоқыстарды жинау деп емес, қолдағы қоқысты әр жерге тастамау деп түсіну керек. Мен осы орайда барлық аралдықтарды, өскелең жас буын балаларымды осы тазалық акцияларына белсене қатысып, туған өлкеміздің жасарып, жайнап тұруына атсалысуға шақырамын.
Ж. Жүсіпәлиев,
қала тұрғыны, зейнеткер
17 сәуір 2022 ж. 702 0