Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ішімдікке қызығушылық һәм құмарлық

Ішімдікке қызығушылық һәм құмарлық

Қазақстан алкогольді тұтыну деңгейі жоғары елдер қатарына жатады. Бұл біз қайда барсақ та алдымыздан шығатын ащы ақиқат. Осы бір шайтан суға тәуелді болып, болашағын бүгіннен кеміріп жатқан "кемпайдалар" үшін Кеңес заманынан қалған құнды дүние сол ішімдік көрінетін шығар. Өйткені қолына ұстатсаң қымызбен қауышқандай күй кешіп, қотара ішетін қомағайлардың қатары әлі де сиремей келеді. Меніңше қазіргі жастар ішімдікке көп әуес емес. Ішетіндердің дені кешегі заманды көзі көрген, ескінің жолын аңсайтындар. Міне, солардан көргенін істейтін жастар да жоқ емес.

Жаңа ғасырға аяқ басқан тұста ескі әдеттерден арылып, енді өркениетке қарай ұмтыламыз деген елдің есі кеткенше ішетін әдеті әлі де қалмай келе жатқан секілді. Қазір біз сол жағдайлардан арылу үшін қоғамға «халал той» деген қағида енгіздік. Демек бұған дейінгі тойлардың барлығы міндетті түрде ішімдік ішумен өткізілгенін жасыра алмаймыз.
Жағасы жайлауда, басы айдауда, көңілі шат, жүрісі пәс. Тілек айтқанда тосылмайтын, бір жерде отырмайтын ағалар бұрын қазақ тойларында жиі кездесетін. Өйткені оның бойында ащы судың табы бар. Кездесе қалсаң қаужай кететін, көңілін қалдырсаң жылай түсетін жандардың сондай тойларда жүргенін көзіміз көріп өсті. Уақыт өте олардың ішімдікке әуестеніп, ауылдың аузынан тастамай айтып жүретін адамына айналарын білетін де боларсыз. Ішкендікпен іс қылып, басы бәлеге шатылған небір азаматтар да жас өмірін ойран етті. Өз отбасының берекесін қашырып, ауыл-аймақтың тиышын алатын бұзақыларда болды. Әрине мұның барлығы ішімдікке тәуелділіктен туындайды. Сөйткен жандардың денсаулығы сыр береді. Уақыт өте ауруы асқынғаны соншалық, ішкі ағзалары араққа уланып, ақыр соңында ажалмен бетпе-бет келеді. Сөйтіп тағы бір жақсы адам өмірден өтеді. Міне, бұл біздің көзімізбен көріп келе жатқан араққа құмар әдеттегі жанның аз-кем ғұмыры ғана. Өткеніне бажайлап қарасаң, артында естелігі қалмаған жандар да жоқ емес. Тіпті соңында шежіресі қалмай, жастай өмірден өтіп жатқан жандар қаншама?! Осындай көріністерге қарап-ақ арақ қазаққа азаптан басқа ештеңе бермегенін анық аңғарасыз. Соған қарамастан, елімізде ішімдікке әуес жандардың қатары артпаса, кеміген емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандық ерлердің алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдердікі шамамен 9 литрді құрайды екен. Бұл мәселеге қатысты «Осы зерттеулер бойынша ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін шамамен 9 литрді құрайды. Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. ДДСҰ деректері бойынша Қазақстан әлемде 10-орын алады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният.
Жалпы, жаман әдеттерден тыйылу қазақ танымына тән шектеу. Болашақты жастардың қолында деп өткен ата-бабаларымыз ел жастарын жаман әдеттерден тыйып отырған. Оның қатарында біз әңгімеге арқау етіп отырған ішімдікке әуестік те бар. Қызығушылықтан басталатын құмарлық өкінішке орай көптеген жастың жас өмірін өкінішке ұластырып жатыр. Олардың қатарында шылым шегу де бар. Бұл мәселелерге қатысты еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айының басындағы кезекті бір жиында ақпарат ұсынды.
– ДДСҰ деректері бойынша Қазақстан Республикасында 15 жастан асқан ересек адамдардың арасында темекі шегу 21,5%-ды құрайды. Бұл ретте ер адамдар арасында 38%-дан астамы, әйелдер арасында 6,4%-ы темекі шегеді. Темекі шегуді бастаудың орташа жасы – 17-ден 18 жас аралығы. Сонымен, 15 жастағы оқушылардың мінез-құлқын зерттеу нәтижелері бойынша ұлдардың арасында – 10%, қыздардың арасында 6%-ы темекі шегеді. Жасөспірімдердің арасында электрондық сигареттерге деген әуестік жоғары. Осылайша, ұлдардың арасында 15 жасында қызғыш темекіні тұтынушылар – 14%-ды, қыздардың арасында - 6%-ды құрайды,– деп атап өтті ведомство басшылығы.
Расында өзі келте ғұмырды кесіп түскендей жағдайлардың дені ішімдікке әуестік немесе оған тәуелділіктен болып жатады. Бір сәт көңіл көтеремін деп өмірлік өкініштерге ұрынып жатқандар қазіргі қоғамда көптеп кездеседі. Сондай жандардың бірі – Талғат есімді жігіт. Аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінген ол бүгінде сыр берген денсаулығына қарамастан өзгенің малын бағып, күн көріп жүр. Әке-шешенің көзі тірісінде жалғанды жалпағынан басып өскен ол қолда бар мүмкіндіктің барлығынан қағылып, қара басы сопайып жалғыздың күйін кешіп жүр. Ішсе шу шығаратын шатақ мінезімен ешкімге сыймайды. Оның үстіне күннің құбылмалы мезгілінде ауруы қозып, әуре-сарсаңға түсетіні тағы бар. Ал ондайда құрақ ұшып қам-қарекет жасайтын әке де жоқ, шеше де жоқ. Осы кезге дейін отбасын құрмағаны да көп жағдайда кейіпкеріміздің өмірін өкінішке толтырады. Міне, мұның барлығы сонау бала күннен ішімдікке деген қызығушылықтан басталған құмарлықтың шегі. Қазір бәрін қайта басынан бастауға бәрі кеш. Ең бастысы, зая кеткен уақыт, құмарлықпен жалғасып жатқан сүреңсіз өмір. Мұндай жағдай қазіргі қазақ жастарының бірлі-жарымында кездесіп қалуы да мүмкін.
Қазір ауданда осы ішімдікке құмар 337 адам есепте тұр. Оның 11-і әйел адам болса, қалған 326 адам ер-азаматтар. Бүгінде олардың саны артпаса, кемімесі анық. Есепте тұрмаған азаматтар бұл көрсеткішті екі еселеуі де мүмкін. Ал оларды емдету мәселесіне келсек, дертке айналған бұл дауаны толыққанды жойып жіберу мүмкін еместігі түсінікті. Өйткені ішімдік сатылған жерде ішетін адам да табылады. Бұл мәселеде аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Н.Тасқынбаев:
– Қазіргі таңда бізде ішімдік ішіп, қандай да бір қылмысқа барғандардан бөлек, осы ащы суға салынғандардың тізімі жиі жаңарып отырады. Олармен күресті әдетте біз ғана емес, әрбір азаматтың өз отбасы да қатаң жүргізуі керек. Себебі ол біреудің баласы, біреудің ағасы, енді бірінің өмірлік жары болуы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат зайырлы қоғамның белді бір мүшесіне айналғысы келсе, алдымен ішімдік пен жаман әдеттерден түбегейлі бас тартуы керек. Қазір біз де осы мәслелемен толыққанды күрес жүргізіп келеміз. Емделуді қажет ететіндерді арнайы орындарға жіберіп отырмыз. Негізі әрбар азаматты бұзатын өзінің ортасы. Мүмкін ол достары немесе көршілері болуы мүмкін. Міне, сондай ортадан маскүнемге айналған азаматтарды алып шығу өте қиын шаруа. Сондықтан бұл мәселеде жан-жақты жұмыс жүргізу маңызды, – дейді полиция майоры.
Түйін: Шырт ұйқыдан оянған бала, мазасы қашқан ат-ана, бойын қорқыныш билеген қалыңдық немесе шарасыз күйге түскен қу бас пенде. Міне, арақ азғындаған қоғамның бүгінгі көрінісі осылай болып отыр. Бұл біз мойындамасақ та, айтылуы тиіс ақиқат. Осындайда «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген сөзді тауып айтқан Абайдан асқан данышпан бар ма дерсіз?! Расында бүгінгі қоғам масылдықтан, тоқшылық пен ысырапшылдықтан азып барады. Ішімдік өндіру біреуге пайда әкелгенмен, ол айналып келгенде тұтас қоғамға қауіп төндіріп тұр. Осыдан арылатын кез жеткен де шығар, бәлкім...

А. БИСЕНОВ
31 мамыр 2022 ж. 535 0