Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы

Қазақ халқында «Адам болатын бала – алысқа қарайды» деген асыл сөз бар. Міне, осы тұрғыда бүгінгі күні білімді, алғыр балалардың арамыздан көптеп шығуына балабақшаның атқаратын рөлі жетерлік. Бала бойындағы барлық білім бастауы осы балабақшадан басталары анық. Иә, қай уақытта болмасын мемлекет тарапынан баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатқан емес. Сондай-ақ биылғы барыс жылында өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінді.
Таяуда Арал аудандық білім бөлімі және «НҰР-АЙ» ЖШС балабақшасының ұйымдастыруымен «Мектеп алдындағы даярлық сыныптарында жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру» атты аймақтық әдістемелік семинар өткізілді. Ертеңгі ел болашағы – бүлдіршіндер би билеп, ән айтып, сахнаны шаттыққа ораған болатын. Сонымен бірге балғын бүлдіршіндер өлең оқып, өздерінің алғыр әрі ақылды балалар екендігін де көрсете білді. Балалар жылына орай ұйымдастырылған атаулы семинардың шымылдығын аудандық білім бөлімінің басшысы С.Н. Жанназарова ашып, сөз сөйледі:
Қайырлы күн, құрметті әріптестер және бүлдіршіндер! Бүгін мінекей өздеріңіз куә болып отырғандай аймақтық әдістемелік семинар жеке «НҰР-АЙ» балабақшасында өткізіліп отыр. Биылғы жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Балалар жылы» деп аталған болатын. Осы орайда барлық білім беру ұйымдарында, мектепке дейінгі білім беру, сонымен бірге орта және қосымша білім беру ұйымдарында «Балалар жылына» арналған әртүрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда бәсекелестік орта және дамыған жаңа Қазақстанның бірден-бір сипатына ие болып отырған барлық саланы қамтып отырған үлкен бір белес десек те болады. Бүгінгі күні білім саласында, мынау кәсіпкерлік нысанды бағыттау және оны дамыту шаралары көптеп жүзеге асырылып келеді. Бұлай дейтініміз – қазіргі күні жеке кәсіпкерлер есебінен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдары, жеке мектептер ашылу көптеп жолға қойылып жатыр. Өздеріңізге белгілі, бүгінде жан басына қаржыландыру бағытына көшкендіктен барлық дерлік балабақшалардың ішінде басымдылық жеке балабақшаларға беріліп отыр. 2015 жылы іске қосылған «НҰР-АЙ» балабақшасының өзі қазіргі таңда аудандағы сұранысқа ие, ата-аналар мен балалардың өте бір жақсы ризашылықпен айтатын балабақшалардың бірі. Осы тұрған бүлдіршіндер ертеңгі еліміздің тұтқалары. Құрметті әріптестер! Бала тәрбиесінде үнемі ізденіс, жаңашылдық және шығармашылық керек. Ендігі кезекте осы бүлдіршіндеріміз балабақшасымен қоштасып, қыркүйек айында мектеп табалдырығын аттайтын болады,- деп қалың көпшілікке жылы лебізін білдірді.
Семинар әрі қарай балабақшаның тыныс-тіршілігімен танысып, бүлдіршіндердің ата-аналарымен бірігіп жасаған көрмесін тамашалаумен жалғасын тапты. Сонымен бірге бүлдіршіндер тал отырғызып, робототехника үйірмесімен таныстырылып, жиналған көпшілік «Ұлттық музыкалық аспаптар» үйірме жұмыстарына куә болды.

А.НҰРЛАНОВА
24 мамыр 2022 ж. 691 0