Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар пікірі ескеріледі деп сенеміз

Тұрғындар пікірі ескеріледі деп сенеміз

Бүгінгі күні ауданда шешімін таппай келе жатқан мәселелер жоқ емес. Соның ішінде көптен көтеріліп жүргені көше жолдарын жөндеу мен жарық шамдар орналастыру, балалардың ойын алаңын салу, сонымен бірге тазалық мәселесі де қалың бұқараны толғандырмай қоймайды.
Таяуда аудан әкімі Серік Сағитжанұлы қала бойынша арнайы бөлінген 8 секторды аралап, көше комитетінің төрағалары мен қалың көпшілік пікірін тыңдаған болатын. Аталған кездесуде аудан әкімі барлық ұсыныс-пікірлерге назар аудара отырып, заң аясында ретімен жауап берді. 17 көшеге асфальт жабындыларын төсеумен бірге, жарықтандыру жұмысы бойынша жоба-сметалық құжаты дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылғанын қалың көпшілікке жеткізді. Мұнан кейін екінші жарты жылдықта қаражат бөлінген жағдайда аталған мәселелер бойынша жұмыстар басталатындығын да айтты. Ал қалған көшелердің жоспар бойынша арнайы құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылатындығын тілге тиек етті.
Иә, дана халқымыз «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, аудан әкімінің көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап бергені баршамыздың көңілімізге қуаныш ұялатқаны хақ. Сонымен қатар қала тазалығы мәселесі де назардан қалыс қалмады. Тазалық мәселесіне тек жауапты қызметкерлер ғана емес, қала тұрғындары да жауапкершілікпен қарауы қажет. Алайда тазалыққа немқұрайлы қарайтын кей тұрғындар мәселесі үшін жергілікті учаскелік инспекторларға қатаң түрде бақылау жұмысын жүргізу керектігі тапсырылды. Ел тілегін ескеріп, қала бойынша күрмеуі көп мәселелерді көңілге тоқыған аудан басшысы аудан игілігі жолында атқарылар жұмастардың басында осы Арал қаласының да сәулеттік, инфрақұрылымдық даму жоспары тұратынын баса айтты. «Көп тілегі қабыл» деген ғой. Қаламыз бойынша маңызды деген жұмыстар міндетті түрде орындаларына сенеміз.
М. НАҒАШЫБАЕВ,
қала тұрғыны
27 мамыр 2022 ж. 609 0