Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды

Қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Арал қаласының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.
Кездесу алдымен З. Шүкіров атындағы мәдениет үйінде, одан соң Ұ. Қараманов атындағы № 262 мектеп-гимназиясының ғимаратында өтті.

Аудан басшысы жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар негізінен пандемиямен күреске және қуаңшылық еңсеруге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ, осы бағыттағы жасалған жұмыстарды тізбектеп, өңірдегі оң өзгерістерді саралап шықты.
Сонымен бірге қала аумағын арнайы 8 секторға бөлу арқылы жұмыс жүргізудің негізгі мақсаты - жалпы ахуалды біліп, сол арқылы өзекті мәселелердің шұғыл шешімін табуы үшін тиісті шаралар қабылдау екендігін жеткізді. Тұрғындарға жастардың бүгінде сұранысқа ие мамандықтарды оқуы келешек жұмысқа орналасуға тиімді тұстарын түсіндіріп өтті.

Мұнымен қоса күнделікті күн тәртібінен түспейтін тазалық мәселесін де қозғады. Туған өлкеміздің келбетінің көрікті болуы үшін тазалық жұмыстарына тұрғындардың жауапкершілікпен қарап, барлығы бірдей атсалысуының маңызды екендігін айтты.
Мұнан соң, кездесуге келген тұрғындар да өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

Халық тарапынан айтылған ұсыныстарға сәйкес, аудан басшысы бірінші кезекте жоба-сметалық құжаттары әзірленген көшелердің жолын жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін, дегенмен қалған көшелердің мәселелері де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Бұдан бөлек, жаңа балабақша, балалар ойын алаңдарын салу қажеттігін айтып, сонымен қоса кей аймақтардағы электр энергиясы қуатының, ауыз су қысымының аздығы жөнінде шағымданды.

Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған аудан әкімі әрбіріне жеке тоқталып, тиісінше жауап берді.
Қала ішінен апатты жағдайдағы балабақшалардың орнына салынатын жаңа нысандардың құрылысын жүргізу үшін тиісті басқармаларға қаржы бөлу жөнінде ұсыныс берілгендігін жеткізді.
Ал, балалар ойын алаңдарын салу үшін тұрғындар ұсынысы ескеріліп, ыңғайлы орын зерделенген соң, тиісті жұмыстар атқарылатын айтты.
Сонымен бірге, электр қуатының, ауызсу қысымының төмендігі бойынша жауапты сала басшыларына мәселені толыққанды зерттеп, мүмкіндігінше нақты шараларды қабылдауды тапсырды.

"Толқын" ақпарат
25 мамыр 2022 ж. 322 0