Талабы оң Нұрталап
![](/uploads/posts/2022-05/medium/1653970422_palato-suret-2.jpg)
«Бастау» жобасының 2019 жылғы кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, мемлекеттік грант жеңімпазы атанған ол алғаш Арал қаласынан 2020 жылы кофеханасын ашқан. Бүгінгі күні кәсібін кеңейтіп, қала орталығынан жаңа үлгіде «PALATO» (кофе, ланч, лағман) мейрамханасын ашып, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкер тағамды жеткізу қызметін де жолға қойған.
– «Әр нәрсеге бір нәрсе себепші» демекші, мен бұл кәсіпті бала күнімнен қаладым деп айта алмаймын. Баста мен де өз қатарластарым секілді студент болдым. Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің архитекторлық мамандығына оқуға түстім. Студент кезде сол қалада шағын кофе дайындайтын орында жұмыс істей бастадым. Жалақысы мардымды болмаса да, студентке тойып тамақ жегеннен асқан бақыт бар ма?! Осылай уақыт өте бұл жұмысты толықтай игердім. Елге оралған соң осы кәсіпті неге өзім қолға алмасқа деген ой келді. Сол оймен жүріп кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік грантқа өтінім беріп, өз жобамды ұсындым. Бәлкім, Аралда алғашқы кәсіп түрі болғандықтан ба, жобам көп ұзамай қолдау тауып, 2020 жылы мемлекеттік грантқа ие болдым. Міне, менің ойымдағы кәсіп осылай бастау алды. Алғашында жай ғана кофе даярлайтын құрылғы алып іске кірістім. Кейін бұл кәсіпті ұлғайту мақсатында орталықтан салынған жаңа ғимараттан бір кеңсені жалға алып, «PALATO» мейрамханасын аштым. Қазіргі бастама жаман емес. Алдағы уақытта жұмыс күшін ұлғайту жоспарда бар. Сәті болса ол да бола жатар. Бастысы, бастаған істі аяқсыз қалдырмау керек деп ойлаймын, – дейді жас кәсіпкер Нұрталап.
![](/uploads/posts/2022-05/medium/1653970460_plato-suret-1.jpg)
А. ҚАРАСАЙ