Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар кофені өздерімен ала жүреді

Аралдықтар кофені өздерімен ала жүреді

Арал халқы енді қолдарына кофе ұстап жүреді. Аудан орталығындағы "Arzan market" дисконт орталығында кофе даярлау орталығы ашылды.

Идея авторы Нұрталап Нұрханұлы Ақтөбеде оқуда жүріп осындай орталық ашуды мақсат етті. Былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы 505 мың теңге қайтарымсыз қаржы иеленіп, арнайы құрылғы сатып алды.
- Жобаны толық іске асыруға 800 мың теңгедей қаражат кетті. Мұнда кофенің 6 түрін дайындаймын. Бағасы 250 - 450 теңге аралығында, - дейді жас кәсіпкер.

Жаңа нысанға келушілер қатары жетерлік. Бәрі жаңашыл жастың бұл қадамына қуанышты. Солардың бірі - кент тұрғыны Қаракөз Тілеужанова.
- Дәмді әрі жылдам. Жас кәсіпкерге сәттілік тілейміз. Келушілері көп болсын, - дейді ол.
Ауданда кәсіпкерлік саласы серпінді дамуда. Биылғы есеп бойынша 4113 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. Қайтарымсыз қаражатқа ие болғандар да жеткілікті.
- "Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың" "Еңбек" бағдарламасы бойынша 78 адам грант ұтып, жұмысын бастады. Ал тың идеяларын іске асыруға ынталы жастар жетерлік, - дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Сержан Әуесов.
Дәулет ҚЫРДАН,
"Сыр бойы".

11 ақпан 2020 ж. 505 0