Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы жұмыс сұранысқа ие болады

Сапалы жұмыс сұранысқа ие болады

Бір кездері алып сатудың өзін кәсіп деп, сатушыларды кәсіпкерге санап келгеніміз жасырын емес. Бірақ уақыт өткен сайын азаматтардың кәсіпке деген көзқарасы да өзгере бастады. Тек көпшілік істеп жүрген жұмыстан да басқа бағыттарда еңбек етуге көшті. Өздері өнім шығарып, халықтың игілігіне қызмет етуді мақсат етушілер өте көп. Ауданымызда да мұндай кәсіпкерлер күн санап көбейіп келеді.

Сондай жандардың бірі – Артур Құдайбергенов. Кәсібін көзбен көргіміз келіп қоңырау шалдық. Мекенжайын сұрағанымызда "Үмбет би Матаев көшесіне келгесін тағы да қоңырау шалыңыз" деді. Бірақ екінші рет қоңырау шалу қажет болмады. Еңбекқор жігіттің жұмысы көшеге кірген бойда байқалып тұр екен. Артур да күннің ыстықтығына қарамай, құдыққа арналған сақина пішіндес бетон құйманы қолдан құйып жатыр. Жанына жақындап барған бойда жылы шыраймен амандасып, қос қолдап алақан алысып, ескі таныстарша ашылып әңгімеге көшіп кетті.
Артур Өтепбергенұлы 1982 жылы дүниеге келген. 2019 жылы алғашқы рет құдыққа арналған бетон құйманы жасайды. Бірақ әп дегеннен адамның ойындағыдай бола қойсын ба?! Қиындықтарды да көреді. Дегенмен жігерлілік танытып, бастаған істі орта жолдан тоқтатқысы келмеді. Бүгінде өнімін бір тұтынған адамдар қайтадан іздеп келіп, тапсырыс беретіндей дәрежеге жеткен. Ол жайлы кейіпкеріміздің өзі айтсын.
– Иә, баста өте қиын болды. Бірден жолға түсіп, ойдағыдай бола қоймады. Бірақ отбасым қолдау білдірді. Одан бөлек мемлекеттің қолдауын да айтпасқа болмайды. Жалпы жұмыс істеймін, алға қарай жылжимын деген адамға бүгінде мемлекет тарапынан таудай көмек көрсетіледі. Оны көзбен көріп, сезінгендердің бірі менмін. Шынымды айтайын, осы кәсіпті бар-жоғы 30 мың теңгемен ғана бастадым. Қазірде бұл көп ақша емес. Бірақ Аллаға шүкір, бүгінгідей дәрежеге жеттім. Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының көмегімен осы бағытта оқып, 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Қай уақытта да талап қылған азаматтардың қолтығынан демеп, жағдай жасауға дайын тұратын сол азаматтарға алғысым шексіз. Сол қаржының көмегімен керекті құралдарымды алдым. Бүгінгі таңда отбасымды, төрт баламды осы еңбегімнің арқасында қатарынан кем қылмай өсіріп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
Расында қарапайым ғана болып көрінгенімен, бұл жұмыстың да сапалы болуына да көптеген заттар қажет. Жалғыз цементпен ғана емес, тас пен теңіз топырағы да қосылатын құймаларды араластыруда бетон араластырғыштың көмегі зор. Мұнан бөлек қалыпқа құйылмас бұрын ішіне арнайылап темір тоқылып, салынады. Құйманы нығыздау да жұмыстың басты бөлігі болып табылады. Бұлардың барлығы толықтай жасалмаса, сапаның сын көтермейтіні белгілі.
Аулаға кірген бойда Артурдың еңбекқорлығын тағы байқадық. Қаз-қатар тізілген сақина тәріздес бетон құймалар аламын деушілерге дайын тұр. Құйманың бетін жабуға арналған дөңгелек бетон құймалар да табылады. Қазірде сақина пішіндес құймалар 23 мың, жабынды бетондар 15 мың теңгеден сатылып жатыр.
Әңгіме барысында Артурдан алдағы жоспарын да сұрадық. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге құштар азамат алдағы уақытта тағы бір кәсіптің көзін ашпақшы. Бірақ әзірге жасырын ұстағанды жөн көреді. Дегенмен жаңа кәсіп жұмысын бастай қалса, ауданда алғашқы рет шығарылатын өнім болмақ.
Кәсіпкер жігітке табыс тіледік. Мемлекеттің қолдауын халықтың игілігі үшін жарата білген азамат аралдықтарды тұрмыстық қажеттілікпен де қамтамасыз етеді деген ойдамыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
04 маусым 2022 ж. 744 0