Ақиқатқа айналған ата-баба арманы

Кітапхана оқырманы, зейнеткер Жарылқасын Дәрімбетов:
–Ашаршылық жылдары жұртшылық басынан көп қиындықты өткерді. Бұл күнді қаралы күн деп оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатқаны баршамызға мәлім. Қазақ елінің азапты тағдыры жөнінде жазылған кітапты оқып, сол әдебиеттерден алған мағлұматтарды өзімнің қойын дәптеріме түсіріп отырамын. Себебі әрбір қазақтың баласы осы зұлмат жылдардағы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Ендігі жерде бұл күні осы қанқұйлы зұлмат жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін дәріптеп, оларды мәңгі есте сақтау күні деп білгеніміз абзал, – деп қазақ елінің сол кезеңдегі азапты тағдыры жайлы кеңінен сөз қозғады.
Азаттық жолында құрбан болған арыстарды еске алуға арналған кеште жыршы-термеші С.Жұбаниязов, оқырмандар А.Ермеков, Ә.Аралбайұлы, Д.Нұрболатұлы, Н.Тымақова, Н.Тайқошқарова жырдан шашу шашты. Кітапхана оқырманы Қалыбек Гамзат "Балбырауын", Амантай Нұрперзент "Адай" күйін орындады. Кітапханашы Б.Әбілдаева "Зұлмат жылдар" атты кітап көрмесімен таныстырды.
Көрмеге саяси қуғын-сүргін құрбандарының қайғылы тағдырын баяндайтын кітаптар, фотосуреттер, баспасөз материалдары қойылды. Шара соңында Абай кітапханасының әдіскері Т.Нысанжанова шараға белсене қатысқан бір топ кітапхана оқырмандарын Алғыс хатпен марапаттады.
А. ЕРЖЕТҚЫЗЫ,
№3 кітапхана меңгерушісі