Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс күні

Жеңіс күні

1941- 1945 жылғы  Ұлы  Отан соғысынды  Кеңестер  Одағы   фашистік  Германияны   жеңіп, 9 мамырды  Жеңіс  күні деп  жариялады. Міне, содан  бері 77 жыл бойы осы күнді тойлап  келеміз. Бізден бұрынғы ата-бабаларымыз да  соғыста  жеңгенін  атап,   тойлап  отырған. Соғыста   жеңсең  жеріңді, еліңді  сақтап, тәуелсіздігіңді  қорғап  қалғаның. Егер  бұл соғыста  Гитлер  жеңсе  не  болар  еді?  Бізді  колонияға немесе  провинцияға  айналдыра  ма, әлде  жер  бетінен  жойып  жібере  ме, кім  білсін?! Менің  Төлеу   Қосанов  деген  қайын ағама: "Төке, осы  Гитлер  жеңіп, біздің  жерімізді  жаулап  алса, сіз  не істер  едіңіз", – деп  сұрақ  қойғанда: "Не істейтіні  бар, староста  болар  едім де, бәріңді  бір шыбықпен  айдар  едім",–деп күлдірген. Құдай  оның  бетін  аулақ  қылды.
         Бұл соғыста  бұған  дейін  Кеңестер  Одағы  бойынша  20 млн адам  қаза болды  деп  келдік. Бұл  деректі  бүгінде  25 млн, тіпті  47 млн-ға көтерушілер  табылып  жүр.
         Соңғы  жылдары  баспасөз  беттерінде  осы  күнді  тойлау  керек  пе, әлде  тойламау  керек  пе  деп  пікір  білдірушілер  көбейіп  кетті. Біреулері  бұл  жеңіс  қой, сондықтан  тойлау  керек  десе, екіншілері  бұл адам  өлігі  тау-тау  болып  үйілген, қан дария  болып аққан  соғыс, сондықтан  оны  тойлаудың қажеті жоқ, онан да соғыста  шейіт  болғандарға Құран  бағыштап, азалы  күн  есебінде  өткізейік дейді. Қайсысынікі де  қисынды  сияқты.
          Жеңістің  25 жылдығына орай "Комсомольская  правда"  газеті  Маршал И.С.Коневтен  мақала алу   үшін  оның  көмекшісі  Степан   Кашуркоға  өтініш  жасайды. Сонда  Маршал Кашуркоға  қарап:  "Сен қай  Жеңісті  айтып  отырсың, бұл  соғыста 46 млн 250 мың  адам  жараланды, оның   775 мыңының  бас  сүйектері  сынған, 55 мыңы  жалғыз  көзді, 501342-сінің  бет-ауыздары  бүлінген, қисық  мойындары  – 157565, ішек-қарындары ақтарылғандары – 444046, омыртқасы опырылғандар–143241, жамбасы сынғандар –  630254, жалғыз   қолдылар – 3 млн 147, жалғыз аяқпен  қалғандар – 3 млн 255, қолсыздар–  1 млн 10 мың, аяқ-қолдары жартылай  жұлынғандар  –  418905, аяқсыздар – 1 млн 121 мың, «Самаурын» деп аталатын  аяқ-қолсыздар – 85942. Ол  аз  болса, бет  әлпеті  бүлінгендерді  квазимодалар (Ей, Нина, сенің  квазимодаң  келе жатыр  дейтін).  Квазимода В.Гюгоның «Париж – Құдай-Ана ғибадатханасы»  романындағы  кемтар, құныс, бақытсыз кейіпкер, жалғыз  көзділерді –  камбала, омыртқасы  сынғандарды – паралатик, арбаға  таңылғандарды  – самокаттар, аяқ-қолдары жартылай  жұлынғандарды – тасбақа деп  мазақ   қылды. Саған керек  жеңіс  осы ма",– депті.
          Бізде  құдайға  шүкір  соғыс  мүгедектерін  бұлай кемсіту болған  жоқ. Октябрь  ауылдық  кеңесінде Рсалы  Тұрымбетов  деген  ағамыз  көп  жыл  төраға  болып қызмет  атқарды. Денесінде  оқ  тимеген   сау  жері  жоқ, бір  көзі шыққан, аяқ-қолы протез. Өте  іскер  адам  еді, сол  кісіні  ел  қалай  құрметтеді десеңші.
         Менің атам  Төребек  1942  жылдың  желтоқсан  айында  Көктем  деген  елді  мекенде қайтыс  болады. Екі баласы  Көшербай мен  Әбілда атамды жерлеп, басын  қарайтуға   да мұршасы болмай, ертеңіне  сол   жерден  9 жігіт  соғысқа  аттанады. Солардан  елге оралғаны жалғыз менің  әкем  Әбілда  ғана. Әкем  ұрысқа  үш рет  қатысып, үшеуінде  де  жараланып, соңғысында  госпитальда  6 ай  жатып, елге  1945 жылдың  басында  оралған. Сол  жарақаттың зардабынан  әкем  ұзақ өмір  сүре  алмай, қайтыс  болып  кетті. Шиеттей баланы  шешеміз жанталасып  жүріп  жеткізді. Бірақ  ауыр  бейнет  оны  да ауруға ұшыратып, өмірден  ерте  алып  кетті. Біздер  жас  кезімізде жетімдіктің   не  екенін сезінбедік, әке-шешеден   айырылып, есейіп  ес  кірген  кезде ғана оны біле бастадық. Ал әкемнің ағасы  Көшербай  болса, Калинин  облысы, Ржев ауданының  Трубино  селосы  үшін  болған  шайқаста  қаза  табады. Денесі  сонда  жатыр. Орыс  халқына рақмет, осы  шайқаста  қаза  болған жауынгерлерге   арнап  мемориалды  тақта  орнатып, аты-жөндерін  жазып қойыпты. Қаламыздың  "Тағзым"  алаңындағы  тақтада әкемнің  ағасының  есімі  Әбілов  Көшербай деп  тізімде  бірінші  тұр. Біздің  отбасымызға   қасіреттен басқа  ештеңе  әкелмеген  бұл жеңісті мен де  онша хош  көрмеймін.
         Жеңістің  50, 60, 70 жылдықтары  тойланып жатты. Жарақаттанса  да соғыстан  оралғандар  үй  алып, машина алып,  басқадай  да сыйлықтармен марапатталды. Әрине, ел мен жерді қорғап, от пен оқтың   ортасынан оралғандықтан   олардың  марапатқа  ие  болуы  заңды да. Ал елге  орала  алмай, жат  жерде  майдан  даласында   қалғандар ше?  Мен  сондай  кездерде  менің  әкелерім  бұл соғысқа  қатыспағандай  сезініп, бір түрлі қораштанып  қаламын. Сонда   олардың  жазығы  жан  беріп, майдан  даласында  қалғаны ма, құрметтің ең  үлкені –   ең  алдымен  өмірден өткен жандарға арнау керек  емес пе?!
         Қалай болғанда да, соғыстың  жақсылығы  жоқ. Сондықтан  баршаңызды   Жеңіс  күнімен  құттықтап, енді  бұндай соғыстың  бетін  әрі  қылсын  демекпін.
Ж. ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
07 маусым 2022 ж. 611 0