Тергеу судьясының өкілеттіктері
2015 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қылмыстық-процестік кодексте тергеу судьясы қылмыстық процеске қатысатын жаңа тұлға ретінде енгізілгені баршамызға аян.
Тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады.
Тергеу судьясының қылмыстық процестегі алатын орны мен өкілеттіктері де осы кодексте айқындалған.
Нақтырақ айтқанда, тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау, жақындауға тыйым салуды санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау, қарап-тексеруді санкциялау, тінтуді санкциялау, алуды санкциялау, жеке тінтуді санкциялау мәселелерін қарайды.
Сондай-ақ, тергеу судьясы анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды, тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу мәселесін, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қою мәселесін, адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын тұлғалардан ақшалай өндіріп алуды қолдану, прокурордың ұсынуымен іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу мәселесін және өзге де мәселелерді өз құзыреті шеңберінде қарайды.
Қылмыстық процеске тергеу судьясын жаңа тұлға ретінде енгізу дамыған елдердің халықаралық талаптарға сай келетін озық қылмыстық-процестік заңдарын зерделеудің нәтижесінде қолға алынған. Барлық халықаралық стандарттарға сай келетін дамыған батыс елдерінің қылмыстық-процестік заңдарында тергеу судьясы қылмыстық процеске қатысушы тараптардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда ерекше рөл атқарады. Адамдардың туғаннан пайда болған мызғымас құқықтары – еркін өмір сүру, жеке басына қол сұғылмаушылық, заң алдындағы теңдік, еркін өзі таңдаған мамандықпен, кәсіппен айналысу, бас бостандығы т.б. конституциялық құқықтары тек ерекше жағдайларда тергеу судьясының келісімімен ғана шектеледі.
2022 жылдың осы кезеңіне дейін аудандық сотта тергеу судьясымен күзетпен ұстауды санкциялау туралы, күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы және тінтуді санкциялау, алуды санкциялау, кепіл қолдануды санкциялау туралы барлығы 44 өтінішхат сонымен қатар прокурордың қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы 2 ұсынысы қаралған.
Заң жұмыс істеген аз мерзімнің өзінде, тергеу судьясын қылмыстық-процестік заңымызға жаңа тұлға ретінде енгізу қылмыстық процеске қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын мейлінше қорғауға жасалған оң қадам екендігін дәлелдеп отыр.
Г.М.Нурымбетова,
Арал аудандық сотының судьясы