Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың кепілі
Қазақ тілі өзінің қазіргі қалыптасу жағдайына дейін бірнеше жазу үлгілерін пайдаланды. Латын әліпбиі 1928-1929 жылдары Қазақстанда қолданыла бастады. Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі" деген екен. Сондықтан тілдің басты таңбасы – жазу десек, әліпбиді таңдау – ұлт болашағын таңдау екені белгілі.
Бірқатар деректерге сүйенсек, дүние жүзінде ең дамыған 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін пайдаланады, ал экономикасы дамыған 10 мемлекеттің 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 аса қуатты елдің 18-і, бизнес жүргізуге қолайлы 30 мемлекеттің 25-і латын әліпбиін қолданушы елдер қатарында. Демек бұл – кең таралған жазу. Дүние жүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға деген бетбұрыстың белгісі.
Бұл – қазіргі заман талабы. Әрине жаңа бастаманың қашанда көкейге күмән туғызатыны бар. Дегенмен, еліміздің әрбір азаматы латын жазуына көшу әлемдік өркениетке жетудің алғашқы қадамы екенін білуі керек. Латын әліпбиі – ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, ІТ технологияның тілі. Бұл латын графикасы жүйесін бірінші болып Түркия мемлекеті, 1991 жылдан бастап Әзірбайжа, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттері қабылдады.
Латын әліпбиін бізге не береді десек, біріншіден, тіл тазалығы, яғни қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді, екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі, үшіншіден, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады, төртіншіден, түбі бір түркі халқы латынды қолданатындықтан, олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуге ықпал етеді. Ұрпақ болашағы мен ұлт тұтастығы үшін мұндай шешім қабылдау өте маңызды. Ең бастысы – жас буынның ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға ықпалы зор.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
Біздің ұлттық сана-сезім, рухани дамуымыздың даңғыл жолы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен басталатынына еш күмәніміз жоқ. Өйткені дүйім жұрт жаңа әліпби арқылы әлемдік өзгерістер көшіне еркін араласа алады, өрлеу мен дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Қазақстанды өркениет көшінің алдына бастайтын жаңа бастамалар қашанда көпшіліктің қолдауына ие екендігі анық. Латын қарпіне көшу – біздің жан-жақты ойластырған, мақсатты түрде ұлт мүддесі үшін қабылданған шешім. Сондықтан да бұл жұмыста әрбіріміз нақты ісімізбен үлес қосуымыз керек.
К. МАХСҰТ