Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбат көлік міну мақтаншылық па, мастық па?

Қымбат көлік міну мақтаншылық па, мастық па?

Кейбір жандардың бар қызметі де, тіршілігі де қаланың ішінде. Үйінен баратын жеріне дейінгі жолдың барлығы тас жол. Қаланың басқа жолдары да тақтайдай тегіс екені түсінікті. Ара-тұра жоспардан тыс мекенжайларға барып қалуы мүмкін. Демек оған жеңіл көліктің қай түрі болмасын жеткілікті. Алайда кейбір көкелердің жол талғамайтын көлік мініп жүретінін қалай пайымдауға болар екен. Бұл өзі мақтаншылық па, дерт пе? Бәлкім, жетістік болар. Жарайды, солай-ақ болсын. Сонда кімге не дәлелдегісі кеп жүр екен? Қаланың тақтайдай тегіс жолына танкі тәрізді көлік мініп не керек?! Оның жүріп жеткізген жеріне әлгі асты тапал көлік те алып барады. Кететін уақыты да бірдей. Жоқ, қауіпсіздік маңызды десеңіз, ажал оған да қаратпас. Алладан әмір келсе, быламыққа тіс сынар. Әрине көре алмағандық емес, ақылға сыймайтын артық әрекеттер сияқты.
Мәселен, әлемнің дамыған елдерінде көлік тек қозғалыс құралы ретінде пайдаланылады. Олар үшін ең бірінші мән беретін дүние – қауіпсіздік. Сол үшін олар қозғалысқа ықшам, жүрісі жеңіл, жаңа әрі қауіпсіздігі жоғары көліктерге мән береді. Баратын жолы жақсы болса, олар үшін екі орындық көліктерден артығы жоқ дер едім. Әлгіндей дүңкиген көліктерге шамасы жетпейді емес, жетер. Бірақ олар біз секілді барын көрсетіп, мақтану сынды сасық пиғылдан ада. Бізде ше? Қазір қаланың көшелерінде құны 15-20 миллионнан жоғары болатын қымбат әрі биік көліктер босып жүр. Оларға қарап жағдайы бар екен деп байлам жасау қиын емес. Расында қаланың кең көшелеріне сыймай, кердеңдеп жүретін дүңкиген көліктерде кім отыруы мүмкін? Кәсіптің иегері немесе әлдебір корпорацияның қожайыны, қала берді атқарушы директоры. Арасында сол дәрежеге өз күшімен жеткен кәсіпкер немесе қызметкер бар. Әлгі көлікті тізгіндейтін солардың баласы көбіне. Тәртіпке бағынбай, заңды бұзатын да солар. Өйткені оларға көп жерде тоқтам жоқ. Мақтаншылық па, менмендік пе қайдам, бір анығы бізде барын дүниемен көрсететін жандар қатары үлкен көлік мінуді дәстүрге айналдырған. Және олар көбейіп барады. Мендей болып ал деген дүниауи байлам шығар.
Хош... Бір өзі бір пәтердің құнына тең көліктер қазір сұранысқа ие болып тұр. Автонарықтың ауанын бағамдасақ, "Тайота 200" немесе 300, "Лексус 570", "БМВ Х6", "Ниссан патрол" сынды көліктерге елімізде сұраныс жоғары. Қолы жеткендер жаппай алып жатыр, жетпегендер маңайлап жүр. Қала көшелеріне сыймай, жазық даланы аңсап жүрген әлгі көліктердің бағасы бар адамға қолбайлау болып тұрған жоқ. Ауылдық жерлердің де небір дөкейлері мұндай көліктерді таңдап теуіп жүр. Тіпті айлап гараждан шықпай, шаң басып тұрғандары да жоқ емес. Ара-тұра ауыл айналасындағы той-томалақ, ас-жиындарда әлгі көлікті сәндікке мініп барып жүретіндерді білеміз. Осылайша қолында бар адам қымбат көлік мініп, оны өзгеге мақтан етіп жүргені. Қысқасы, көлік мінгеннің көкесі осылай деп, қозғалыс құралының нарықтағы құнын аспандатуға сеп болып отырған байшыкештер бұл мәселеде басқаларға үлгі болса дейміз. Мәселен, мен бір адамды білемін. Өзінің мал-тегесі, шаруашылығы бар. Бір басына жетерлік дәулет біткен әлгі азамат та ел қатарлы дүңкиген көлік мінді. Кәдімгі қара жолдың кемесі дерсіз. Бірақ нақты қажеттіліктен мінді. Басқалар секілді мақтанайын деген жоқ. Шын солай еткісі келсе, оған да жететін мүлкі бар. Алайда әлгі көлігін даланың айдау жолына ыңғайлап, шаруашылығына мініп отыр. Онымен мал да қарайды, ауыл мен қаланың ортасына да қатынайды. Жылдың қай мезгіліне болсын бейім келетін ол көлікті алды және қажетіне жаратты. Қаланың қалталылары да шын қажет болмаса, мастық пен мақтаншылыққа салынбаса екен дейміз. Одан көлікке құртқан бума-бума ақшаларын елге пайдасы тиетін қайырлы істерге жаратып, халықтың алғысын ала жүрсе дейміз ғой. Ондай тіршілігімен де ел-жұртқа үлгі болып отырған атымтай азаматтар қаншама! Мақтанам дейтін жандар солардай-ақ болып алсын. Айтпағымыз, еліне қызмет етсін. Байлық қымбат көлік мінумен көрінбесе керек-ті.

А. ҚАРАСАЙ
10 шілде 2022 ж. 571 0