Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шахмат – алымдылар ойыны

Шахмат – алымдылар ойыны

Шахмат – адамның ақыл-ойын дамытатын, танымды да қызықты ойын. Иә, атаулы ойын түрін тақта үстіндегі шағын соғыс деп атасақ та болады. Негізі шахмат сөзі парсы тілінде «шах мат» – «әмір өлді» деген мағынаны білдіреді екен. Ең алғаш бұл ойын 5 ғасырлары Үндістанда пайда болған. Ежелден келе жатқан әңгімелерге сүйенер болсақ, шахматты тұңғыш болып біздің эрамызға дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты-мыс. Бұл ойынның арнаулы тақтасы бар екенін білеміз. Яғни, ол өзара ақ және қара түске боялған бірдей 64 тең шаршыға бөлінген. Оның 32-сі ақ, қалған 32-сі қара түске боялады.
Танымал шахматшылар арасындағы шахматтан жарыс 1575 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ең алғаш сайысқа шыққан ойыншылар – итальяндық Джованни Леонардо да Кутри мен испандық Рун Лапес арасында өткізілген. Бұл айқаста Джованни Кутри жеңіске жеткен екен. Ал алғашқы әлемдік біріншілік 1886 жылы өтеді. Онда бұл ойыннан әлем чемпионы атанған – Урага қаласының тұрғыны Вильгельм Стейниц болды. Сонымен бірге «Шахмат федерациясы» 1924 жылы ұйымдастырылған, бүгінгі күні оның 131 мүшесі бар. Атаулы ұйым 1927 жылдан бастап түрлі додалар өткізіп келеді.
        Қазақ елінде шахмат шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болған деседі. Бұған археолог И.Копылов Алматы маңындағы Талғар қалашығына зерттеу жұмыстарын жүргізген кездегі табылған піл сүйектерінен жасалған шахмат фигуралары куә. 1991 жылы КСРО халықтарының Х спартакиадасының бағдарламасы бойынша шахматшылар турнирі Ресейдегі Азов қаласында өткен. Құрамында Э.Сахатова, Г.Сахатова, Л.Тәжиева болды. Сонымен бірге Қазақстанның әйелдер құрамасы жеңіске жеткен Украина құрама командасынан небәрі 0,5 ұпайға ұтылып, күміс медальға ие болған.
        Шахмат ойыны туралы түрлі аңыз-әңгіме жетерлік. Соның бірі– Гав және Талханд туралы аңыз.Үнді патшасы Джамхур дүние салғаннан кейін оның екі баласының арасында таққа отыру жөнінде үлкен талас туады. Көп кешікпей патшаның балалары Гав пен Талханд әскер жинап, соғыс ашады. Бұл соғыста Талханд жағы жеңіліске ұшырайды. Оның өзі піл үстінде кенеттен қайтыс болады.
        Соғыс аяқталған соң анасы кіші ұлының қайғылы қазасына ашынып, Гавқа «бауырыңды өлімге қалай қидың» деп аналық айып тағады. Гав анасын жұбату үшін және қиян-кескі соғыста ағасына ешкімнің де қару көтермегенін, оның жарақатсыз өлгенін көрсету мақсатымен ел ішіндегі дана-ақылгөй адамдардың бәрін патша сарайына жинайды. Солардың ішінен бір айбынды да дана адам майдан алаңын бейнелейтін тақта жасайды. Оны өзара тең шаршыларға бөліп, тақтаның екі жақ бетіне қару-жарақтары бар әр түсті әскерді бейнелейтін фигураларды тігеді. Шахтар (патша) әскер қатарының орта шенінде, оның қасына шахтың оң қолы-уәзір (ферзь), екі жағына екі піл, пілдердің жанына түйе мінген екі жауынгер (бұл фигура қазір жоқ), оның қатарына екі жауынгер тігіледі. Тақтаның екі жақ шеткі шаршыларына аузынан қанды көбік бұрқыраған екі рух-тұра (ладья) қойылады. Осыдан кейін ол фигураларды кезекпенен жүріп қиян-кескі соғыстың барысында қолбасшылардың өмірін сақтай отырып, қырғынға ұшыраған әскерлерді бейнелеп береді. Міне, Гав жағының тағдыр жаршысы тұраның (ладьяның) жазуы бойынша Талханд дүние салған, яғни шах мат болған.
Сонда тақта үстіндегі соғысты және кенже баласының өлімін осылайша көзімен көрген ана қалған өз өмірін азалы жағдайда өткізген екен дейді.
Иә, шахмат ойыны көп ойлану мен шыдамдылықты қажет етеді. Оны көбіне есте сақтау қабілеті жақсы бала түгілі, ересек адамның өзі жадында сақтап қала алмай жатады. Себебі бұл – күрделі ойын. Тарихы тереңде жатқан шахматтың бала үшін маңызы жетерлік. Ол баланың логикалық ойлау дағдысын қалыптастырып, өз бетімен шешім қабылдауға үйретеді. Сол үшін ескіден қалған есті ойынды жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа үлгі ете білгеніміз жөн.

А. НҰРЛАНОВА
09 шілде 2022 ж. 938 0