Қызылордалық 100 студентке облыс әкімінің гранты бөлінбек
Қызылорда облысында 2013 жылдан бастап халықтың осал топтарынан шыққан студенттерге облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. Бұл бастама мұқтаж отбасылары балаларының жоғары білімді мамандық иесі болып, әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтар септігін тигізуде.
Бүгінгі күні еліміздің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында оқитын 1249 студент облыс әкімінің грантын иеленіп, оның 764-і оқуды бітірді. 24-і жұмыспен қамту шараларына тартылған.
Өзге студенттер бала күтіміне, басқа өңірге көшуіне және магистратураны жалғастыруына байланысты есепте.
«Биылғы жылы тағы да 170 студент оқуды аяқтап жатыр. Дегенмен, 2021-2023 жылдарға жасалған облыстың еңбек ресурстарының балансына сәйкес мамандар тапшылығын ескере келе, мәслихат депутаттары тарапынан аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлына 2022 жылға 100 маман даярлауға ұсыныс берілді. Қазіргі таңда ұсыныс мақұлданып, алдағы уақытта 100 студенттің оқу ақысын төлеуге және әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат бөлінетін болады», – деді облыстық мәслихат депутаты Гүлнәр Есқалиева.
kyzylorda-news.kz