Тиімді жолдар қарастырылуда
Елімізде зейнетақы жасы төмендеуі мүмкін бе? Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда, деген сауал көпшіліктің көкейінде.
Таяуда Сенат депутаты Дана Нұржігіт Үкімет басшысына жолдаған сауалында: "Ұлттық статистика бюросы дерегіне сай, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы адам өлімі 22 пайызға өссе, кейінгі жылдары да бұл үдеріс тоқтаған жоқ. Осылайша, 2015 жылы әлемдік болжамдарға негізделіп жасалған зейнетақы реформасы Қазақстандағы бүгінгі жағдайға мүлдем сай емес. 7 жыл бұрын әлемде қартайған адамдардың саны ұлғайып, еңбекке жарамдылардың қатары азаяды делінген еді. Алайда пандемия, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс бұл болжамдарды теріске шығарды», деген еді.
Ал Премьер-Министр Ә.Смайылов сенаторға берген жауабында 2018 жылдан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға артып келетінін, бұл үдеріс кезең-кезеңімен 10 жылда іске асырылатынын айта келе, зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, лайықты зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету үшін енгізілген. Қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақысын алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі 2 еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептеледі. Нәтижесінде, жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өседі. Сондықтан зейнетақы жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келетінін атап айтқан болатын.
Үкімет басшысы ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнеткерлік жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттер – Әзербайжан, Армения, Ресей, Беларусь елдерінде бар бастама екенін алға тартады. Сонымен бірге осы өзгерістерді есепке ала отырып, елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары пысықталуда. Соның аясында зейнетақының мөлшерін арттыруды көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне параметрлік өзгерістер енгізілетінін және жұмыспен қамту мәртебесіне байланысты зейнеткерлік жасқа жақындап қалған әйелдер үшін жаңа қолдау шаралары анықталатынын атап айтқан болатын. Бұл шаралар зейнеткерлердің барлық санаттары үшін зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерін қамтамасыз ету мақсатын көздейді.
"Толқын" ақпарат