Сұлулық сыйлайтын салон
Қазіргі технология шарықтап дамыған заманда елімізде түрлі сала мамандары да артқан. Соған сай қалың көпшілік те дағдыланып келеді. Бүгінгі нәзік жандылар арасында жоғары сұраныста тұрған косметология саласы болып отыр. Косметолог – қазіргі күні сәнге айналған маман. Иә, қай қыз-келіншек болмасын өзінің әдемі жүргенін қалайды емес пе?! Соның арқасында сән саласының шеберліктері толысып, қоғамға түрлі қызмет түрлерін әкелуде.
Бүгінде заман көшіне ілесіп, ата кәсіпті дамытып, дүкен не болмаса сәндік салонға көңіл бөліп жатқан жас кәсіпкерлер ауданымызда да жетерлік. Соның бірі – Светлана Жалтумаева. Светлана бес жылдан бері осы салада еңбек етіп, нәзік жандыларға сұлулық сыйлап келеді. Жас кәсіпкер өз кәсібі жөнінде:
Бұл кәсіпке келмес бұрын 15 жыл бойы аудандағы №14 мектеп-лицейінде физика және информатика пәнінің мұғалімі болдым. Бір кездері Қызылорда қаласындағы сұлулық академиясына өзіме күтім жасатуға барған болатынмын. Маған бұл салонның атмосферасы және жұмыс жасау дағдылары ұнады. Содан соң осы салоннан сән саласы бойынша білім алып, сертификатталған маман болып жұмысқа кірістім. Осы сәттен кейін мен де ауданда алғаш болып, яғни бес жыл бұрын осы сала бойынша кәсібімді аштым. Қазір қыз-келіншектердің барлығының дерлік көзі ашық, өзіне күтім жасап, қоғамда сұлу болып жүруді қалайды. Сол үшін маған да сұлулықты жаны сүйетін нәзік жандылар күн сайын келеді. Яғни адам болмайтын күн болмайды. Бүгінгі уақытта менің командамда өзім оқытқан косметолог эстетист, перманент макияж мастері, екі массажист, кірпік жасайтын мастер, администратор мен СММ маманы, сондай-ақ тазалықшы бар. Үлкен қаладағы сұлулық салондарындай дәрежеде қызмет еткім келеді. Маған сеніп келген қыз-келіншектерді «ханым» деп атап, яғни ханымдай сыйлап, жоғары сапада қызмет жасауға өзім де, қасымдағы мастерлерім де дағдыланған. Заманауи аппараттармен жұмыс істейміз. Бет тазалауға арналған небір түрлі аппарат жетерлік. Мәселен, ультрадыбыстық бет тазарту, дермабразия (өлген терілерді алып теріні тегістеу), рф-лифтинг, микротоқтар және мезоэлектропорация (әжімге қарсы), элос-эпиляция, ВВ glow ұзақ мерзімді тональный крем әсері, «фарфоровая куколка» сынды тағы да басқа эстетикалық процедуралар бар. Бұл аппараттар бет терісін ағартып, тегістеп, тазартады, сондай-ақ күтімді аса қажет ететін терілерге арналған процедуралар бар. Қыз-келіншектердің бет күтіміне деген сауатын ашу мақсатында “Svetlana Beauty Spa” деген ютуб каналым да бар. Атаулы каналымда табиғи нәрселерден, мәселен қияр, сұлы жармасы, бананнан жасайтын маскаларды және бетке массаж жасауды үйретемін. Міне, осылайша нәзік жандыларға сән жағынан аянбай көмек көрсетіп келеміз. «Бизнес бастау» жобасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібімді әрі қарай дамыттым. Иә, елімізде кәсіп бастаймын деген жандарды қолдайтын осындай бағдарламаның бары көпшілікті қуантары анық,–деді кәсіпкер.
Кәсіпкерлікке мықтап бет бұрған кейіпкеріміз келешекте өз ісін кеңейтіп, әлі де талай жобаларды дүниеге әкелсем дейді. Аудандағы кәсіпкерлік саласын кеңінен дамытып, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүрген Светланаға сәттілік тілейміз.
А.НҰРЛАНОВА