Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заңнама тиімділігін көрсетіп келеді

Жаңа заңнама тиімділігін көрсетіп келеді

Ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінде жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды әділ, бейтарап және уақтылы шешуге бағытталған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қолданысқа енгеніне  бір жыл толып отыр.
Жаңа заңнама қабылданғалы бері оның тиімді тұстары, жаңашылдықтары, сондай-ақ жария-құқықтық дауларда азаматтардың өз мүдделерін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қорғай алуы үшін қарастырылған мүмкіндіктер туралы кеңінен айтылып келгені белгілі.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» – демекші, пайымдағанымыздай, осы аз ғана уақыт ішінде жаңа заңнаманың жаңашыл қағидаттары әділдік іздеп сотқа жүгінген азаматтарға да, әкімшілік іске төрағалық ететін судьяға да өз тиімділігін көрсетіп үлгерді деп ойлаймын.
Мәселен, жария-құқықтық дауларды қараудағы соттың белсенді рөлі  судьяға бұл салада істі бүге-шүгесіне дейін зерттеп, даудың мән-жайын анықтауға мол мүмкіндік беріп отыр.
Соған сай судья процеске қатысушылардың ұсынған дәлелдемелерімен және істегі өзге де материалдармен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Өз бастамасымен немесе процеске қатысушылардың  өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Сондай-ақ, заңмен мемлекеттік органдарға өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беру міндетінің жүктелуі  азаматтардың теңсіздік ахуалында қалып қоюының алдын алып, қабылданған әкімшілік актінің негізділігін айқындауға сеп болып отыр.
Ал, заңнамадағы процестік мәжбүрлеу шаралары процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Ондағы процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға белгілі бір мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану, процеске қатысушыларды процестік міндеттерді дәлме-дәл сақтауына итермелейді.
Бұзылған құқығын сот тәртібімен қорғаған адам үшін сот шешімінің орындалу нәтижесі маңызды. Осы орайда заңнамадағы сот бақылауы сот шешімінің уақытылы орындалуына түрткі болып келеді.
Дауларды шешудің тиімді құралына айналған татуластыру рәсімдерінің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көрініс тауып, жария-құқықтық қатынастардан туындаған дау тараптарына дауды келісім арқылы реттеуге берілген мүмкіндік қажеттіліктен туындағанын аңғартcа керек.
Мысалы, аудандық сотта жыл басынан бері 8 әкімшілік іс қаралса, соның барлығы тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім  жасасуларымен аяқталған. Ымырамен аяқталған даулар бойынша талап қоюшылар өздеріне қолайлы шешімге қол жеткізсе, жауапкерлер жағы даудың әріге бармай, жылдам аяқталуына, оның бейбіт жолмен шешілуіне мүмкіндік алған.
Бұл заңнаманың келешекте де азаматтардың жария-құқық саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруға ықпал ететініне сенімім мол.
К.Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы

27 шілде 2022 ж. 287 0