Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос 75, қос бәйтерек

Қос 75, қос бәйтерек

Ойды ой қозғайды, ойламасаң сөз қайдан туады деген. Өткенімді ойлап сөзге тиек еткелі отырған азамат пен азаматшаның бірі – кезінде шалқып-тасып жатқан Арал теңізінің Ауан елді мекенінде дүниеге келген Арапқан Сұлтанов, бірі – "Аралтұзда" басшылық жасаған Дәріқұлов Сағадиннің отбасында дүниеге келген Күлпаршын Дәріқұлованың 75 жасқа толулары және олардың өткен өмірлері, туған жеріне, ел-халқына қолдарынан келгенше қамқорлық жасағаны жайлы. Жалпы "Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы" дегендей, кейінгі ұрпаққа олардың өнегелі істерін айтуды жөн көріп, қолыма қалам алдым.
Сәл шегініс жасап, абзал азамат Арапқанның  сонау өткен ғасырдың аяғында қиыншылық кезеңде бір ғана Жаңақұрылыс елді мекенінің тұрғындарына жасаған еңбектерінен бастауды жөн көрдім. Мына өмірде өзінің қадір-қасиеті, елге жасаған игі істері мен мінез-құлқы арқылы ерекшеленіп тұратын абзал азаматпен 1999 жылы таныстым. 1999 жылы Арал ауданына Айтбай Көшербай әкім болып келгеннен кейін Жаңақұрылыс ауылдық округі болып қайтадан ашылды. Ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша мені ауылдық округ әкімі қызметіне тағайындады. Жаңақұрылыс елді мекені Қазалы ауданынан бөлініп, Арал ауданына қараған кезден бастап Қазалыдан келетін жарық (электр қуаты) бірде бар, бірде жоқ болды. Электр бағаналары Қотанкөлдің суы тасып, су астында қалды, бағандар құлап ауыл жарықсыз қалды, оны қайтадан келтіру мүмкін болмады. Не істеу керек?
Аудан әкімі Айтбай Көшербайға жағдайдың бәрі мәлімделді. Аудан басшысының қабылдауында болғанымда кабинетке ақсары өңді, ер тұлғалы жігіт ағасы келді. Аудан әкімі бізді таныстыра келіп, көп уақытты ұттырмай не істеу керектігімізді саралап тізіп берді. "Дағдарыстың кезеңі, қаражат көзі тапшы, сондықтан қай елді мекеннен жарық желісін тартасыздар, соның тиімді жолдарын шешіп, баяндаңыздар" деді. Кабинеттен шыққаннан кейін екеуміз етене танысып, ертеңгі жұмыстарымыз туралы келістік. Былай қарағанда сөзге сараң, ал іске келгенде талапшылдығы, іскерлігі көзге көрініп тұрды. Ертеңіне электр желісін қай елді мекеннен тартатынымыз туралы анықтау үшін жолға шықтық. Аманөткел, Аққұлақ, Бөген елді мекендері мен Жаңақұрылыстың арақашықтығын есептедік. Есептей келе келешегі бар су астында қалмайтын тиімділігі бар электр желісін Аманөткел елді мекенінен, яғни 25 шақырым Жаңақұрылысқа тартуға келісімге келіп, сызбасы сызылып, аудан әкіміне мәлімдедік. Аудан басшысы сол кездегі облыс әкімі С.Нұрғисаевқа болған жағдайды жан-жақты мәлімдеп, 14 миллион теңге бөлуге ықпал жасады. Бұл қаражат жұмыстың үштен бір бөлігіне жетеді. Не істеу керек? Электр құрал-жабдықтары, бағаналарды аудан орталығынан Жаңақұрылысқа жеткізу үшін дариядан өту керек, ондағы паром ауыр көлікті өткізе алмайды. Сондықтан Жаңақұрылыс елді мекеніне жақын орналасқан елді мекендерді аралау қажет болды. Ақыры Қазалы ауданымен келісіп, Түктібаев, Майдакөл, Бекарыстан би ауылдарындағы оңтайландыру арқылы шыққан бағаналарды пайдалануға келісім алды, әрине бұл оңай шаруа емес еді.
Арапқанның жұмысқа деген талапшылдығы, іскерлігі, бір сөзділігі, өтірікке жаны қас екендігі бізді қуантты. Сол кезде 25 шақырым жерге жаңадан электр желісін тарту (қанша бағаналар, қаншама сым изолятор) оңай емес. Бір жарым айдың ішінде Жаңақұрылысты жарықтандырды, жарықты қосуға облыс әкімі С.Нұрғисаев арнайы келді. Жарық қосылған кезде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. "Көзің ашылсын, нұрың сөнбесін, талабың өрлей берсін, Арапқан!" деп жұрт ризашылықтарын білдірді. Әрине бұл Арапқанның бір Жаңақұрылысқа жасаған еңбектерінің бірі еді. Ауданда қаншама елді мекен бар, сол ауылдарда Арапқанның өз үлесі, өз қолтанбасы бар. Аудан әкімі Айтбай Көшербай "Ерлікке пара-пар еңбектеріңізге аудан әкімшілігі атынан шынайы алғысымды білдіремін" деп Алғыс хатпен марапаттады.
Бүгінде ҚР Конституциясының 10 жылдығына байланысты ҚР Президентінің Алғыс хатымен, 1991 жылы Бүкілодақтың кәсіподақтар сыйлығының лауреаты болса, ҚР Энергетика министрінің Құрмет грамотасымен марапатталып, "ҚР Еңбегі сіңген энергетигі" атағын иеленіп, есімі  КОПЭС-тің Құрмет кітабына енгізілді. Арекең алты мәрте халық аманатын арқалап, қалалық, аудандық мәслихат депутаты болды. Сайлаушылардың талап-тілегі мен аманатын орындауға батыл кірісіп, алғысына бөленді. 2011 жылы "Арал ауданының құрметті азаматы" атанды.
Арапқанның рухани жан әлемі жарық, жүрегі жомарт, алақаны ашық, үлкен-кішіге шуағы мол азамат болып қалыптасуына оның жары, ақ халатты абзал жан, балалар дәрігері Күлпаршын Дәріқұлованың қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Арекеңнің құдай қосқан қосағы туралы аз-кем сөз қылсам. Күлпаршын 1971 жылы Алматыдағы медицина институтын бітіріп, облыстық аурухананың балалар бөлімінде дәрігер болып жұмысын бастайды. Арекеңе тұрмысқа шыққаннан кейін аудандық ауруханада, емханада балалар дәрігері болып, көптеген баланың өмірін сақтап, ата-аналарының қошемет- алғыстарына бөленіп, зейнетке шығады. Ол азаматын ұсақ-түйекке алаңдатпай, еңсесін түсірмей, оның қас-қабағына қарап, қызықты да, қиындықты да бірге көріп келеді. Қос 75, қос бәйтерек бес бірдей ұл-қыз өсіріп, өркенін жайды. Үлкендері Байдырахман – мұнайшы инженер болса, қызы Мариям – инженер-экономист, Жеңіскүлі – заңгер, Аяны – заңгер энергетик, кіші қызы Сая анасының ізін қуып дәрігер атанды. Арекең Аралдың жарығын өшірмей, шамшырағын жағып тұрса, Күлпаршын жас сәбилерге шуағын шашып тұрады. Аралдың абзал азаматы атанып жүрген замандасым Арапқан мен жұбайы Күлпаршын жайлы жазбама "Бақыттарың баянды болсын, 75 жастарың құтты болсын. Ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңіздің қызығын ұзағынан көре беріңіздер!" деген жүрекжарды лебізбен нүкте қоямын.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, КСРО Денсаулық
сақтау саласының үздігі,
 Арал ауданы
13 тамыз 2022 ж. 487 0