Елге сыйлы азамат
Өзі өмір сүрген қоғамында, күнделікті күйбең тіршілігінде ел-жұрты мен халқы үшін адал қызмет ете білетін адамдар болады. Ешкімге жамандық ойламайтын, бөгде біреудің атына тектен-тек күйе жақпайтын ғазиз жандар жүрген жерде ел ырысы еселеніп, адамдар арасындағы адалдық пен сыйластықтың туы биік тұрады. Осы деректі тілге тиек етіп отырған кейіпкерім, яғни Абай атамыз айтқандай "Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға" дегендей, өзінің кішіпейілдігі мен қарапайымдылығын қалқан етіп, елге қызмет етудің жолын тапқан өткен ғасырдың мың тоғыз жүз қырық алтыншы жылы Аралдың шалқып тасып, толқыны жағаға ұрып, дәуірлеп тұрған кезінде Қасқақұлан елді мекенінде балықшы отбасында дүниеге келген Мамай Өтемісов туралы.
Мәкең жайлы жылы сөздерді Сыр өңірінің азаматтары, әсіресе Аманөткел елді мекенінің тұрғындарынан жиі естимін. "Жақсы сөз – жарым ырыс" дегендей, жақсы сөз жан семіртпей ме? Халықтың ілтипатына бөлену оңай жұмыс емес. Елі мақтаған азаматпен Аманөткел көрші ауыл болғандықтан бір үйдің қуанышында кездесіп қалдық. Мәкеңді бұрыннан да білетінмін, дастарқан басында денсаулық туралы әңгімелер болды. Үлкенді-кішілі адамдар Мәкеңнің еңбегін, Мәкең зейнетте болса да ауыл тұрғындары денсаулығы туралы барып көрініп, ем-домын, кеңестерін алады екен. Дастарқан басындағылар Мәкең туралы әңгімелерін өрбітіп, Мәкеңе ризашылықтарын білдіріп отырды. "Халық – құдайдың бір аты" деген, халқы мақтаған азаматты көзбен көргеннен кейін, елі мақтаған азаматты қалай газетке жазбасқа деп қолыма қалам алдым. Мәкеңе ойымды білдіре отырып, қай жерде туылдыңыз, балалық шағыңыз, алғашқы әріп танып мектепке баруыңыз, мектеп баспалдағын қай жерде бастадыңыз?– дедім.
– Арал теңізінің қойнауында ақшағыл құмда, теңіз жиегінде орналасқан Қасқақұлан балықшы ауылында 1946 жылдың 12 наурызында балықшы отбасында дүниеге келдім. 10 жылдық мектепті 1963 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Ол кезде алдыңнан мұғалім шықса, тоқтап тұрып ізеттілік танытып, бас киімдерімізді қолға алып, инабаттылық көрсететінбіз. Мектепте жиырма бала бітіріп шықтық. Қолда аттестат, қуанышымызда шек жоқ. Қасқақұланда бірнеше ұлт өкілдері тұрды, тіпті сегізінші класқа дейін орыс мектебі болды. Қазір өткенге көз тастап көрсем бәрі ертегі сияқты. Табиғаттың сол кездегі көрінісіне көз жіберсең, ешбір көзің тоймайды. Не деген сұлу еді, ұшы-қиыры жоқ көк теңіз, асау толқындар жағалаудағы ақ қиыршық құмдарды шая түседі. Балдәурен, жігіттік шақты еске алсам, сол кездегі кіндік қаным тамған жер Қасқақұланды сағынамын. Қайран, туған жер, бүгінде теңіз қайтып, төбе-төбе құмға айналған...
Дәрігерлік мамандықты неге таңдадыңыз?
– Әкем мен мектеп бітірер жылы обыр ауруынан қайтыс болды. "Дәрігер болсам әкемді аман алып қалар едім, ауылдан аурухана ашып, ауыл адамдарын емдер едім" деген арман болды. Ойлаған арманыма бірден қол жеткізе алмадым.Үйде жалғыз шешем, шешемді тастап оқуға кете алмай, сол кездегі колхоз басқармасы Құдайберген Саржановтың қарауында екі жыл балықшы болдым. Екі жылда өмірге, еңбекке ысылдым. Құдайберген ағамыздың көптеген ақыл-кеңесін алдым. Шешем "балам, мен күнімді көрермін, сен қатарыңнан қалма. Өзіңнің ойлаған оқуыңа бар, келешегіңді ойла. Армансыз адам болмайды, арманыңа жет, әрдайым жолың болып, Қыдыр ата жолдасың болсын" деп ақ батасын берді.
Анамның ақ батасы қабыл болып, 1965 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу бөліміне оқуға түсіп, 1971 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым.
Мәкеңнің еңбек жолына көз жіберсек
– 1971-1976 жылдар аралығында Қамбаш ауылдық ауруханасында терапевт-рентгенолог, 1976-1981 жылдары Бөген ауылдық ауруханасында бас дәрігер, 1981-1982 жылдары Қызылжар селолық ауруханасының дәрігерлік амбулаториясында меңгеруші, 20 төсектік аурухананың бас дәрігері. Ал 1982-1991 жылдар аралығында Аманөткел селолық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі, 1991-1996 жылдары 25 төсектік ауруханасының бас дәрігері, 1996-2000 жылдары амбулатория меңгерушісі, 2000-2009 жылдары емхананың аға дәрігері, зейнетке шыққаннан кейін де жергілікті халықтың сұранысы бойынша 2022 жылдың мамыр айына дейін 13 жыл келісімшартпен халыққа дәрігерлік қызмет жасадым. Әрине шаршайсың, бірақ та алдыңа келген науқасты емдеп, оның қуанышын, жайдары жүзін көргеннен кейін шаршағаныңды ұмытып кетесің. Өткен өмірімді айта берсем том кітап болар, – деп сөзін аяқтады.
1979-1986, 2003-2014 жылдары заман ағымына байланысты білімін жетілдіріп, сертификат қағазын алып отырған Мәкеңнің жарты ғасыр, яғни 51 жыл денсаулық сақтау саласында қызмет еткен еңбегі де зая кеткен жоқ. Халықтың алғысымен қатар кеңестік дәуірде ауылдық кеңестің бірнеше рет халық депутаты, облыстық, аудандық аурухана басшыларының мақтау қағазымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Иә, бәрінен бұрын халықтың алғысынан артық не бар.
– Бүгінгі таңда құдай қосқан қосағым Әнипамен отасқаныма 52 жыл болды. Батыр ана, "Алтын алқа" иегері. 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Барлығы да отбасылы. Елге, халыққа қызмет жасап жүр. Балаларымнан 19 немере сүйіп отырмыз. Құдайға шүкір, Әнипа екеуміз көрінген балаларымыздың қабақтарына реніш түспей, жадырап-жайнап жүрсе екен. Олар да біздей қартайып, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, қосылған қосақтарымен бірге қартайса екен деп тілектерін тілеп отырмыз. Аманөткел ауылында ширек ғасырдан астам адам жанының арашашысы болған медицина саласының ардагері бүгінгі таңда өздерінің өмір белесімен, жан жылуымен, сабырлы мінезімен, адами қасиеттерімен кейінгі ұрпағына үлгі болуда. Осындай абзал жанды, медицина саласының ардагерін сыйлаған елі мақтан тұтады.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,