Олжас олжалы оралды
Ауыл баласының ашылмаған қырлары әлі де көп. Қай салада болмасын көш бастайтын мықтылар ауылдан шығады. Тек олардың қарым-қабілетін уақытылы байқап, өзі қалайтын сала бойынша бабын келістіру – бүгінгі аға буынға жүктелген аманат екенін ұмытпауымыз керек.
Қырдағы Тоқабай ауылында тұратын Нағашыбай Сариев бүгінде сондай аманатқа адалдық танытып, ауыл балаларын өзі игерген спорт түрі боксқа баулып келеді. Қаталдық пен шапшаңдықты қажет ететін бұл спорт түрі бойынша ауыл балаларының арасынан республикалық, халықаралық турнирлерде оза шауып жүргендері де бар. Сондай сәтте жақсы жаңалығын айта келетін Нағашыбай ағамыз бұл жолы да ақжолтай хабарымен бөлісті.
Болашақ былғары қолғап шебері, келешегінен үлкен үміт күттіретін ауыл баласы Олжас Әмірханұлы осы жылдың 27-31 шілде аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқан облысы, Үркіт ауданында Президент жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде 64 келі салмақта жүлделі ІІІ орынға ие болды. 2008 жылы туған Олжас бүгінде Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спорт интернатының 9 сыныбында оқиды. №20 БЖСМ-нің түлегі. 2017 жылдан бері спорттың осы түрін жанына серік еткен Олжас Өзбекстанда өткен халықаралық турнирдің қорытындысымен қыркүйекте көршілес Қырғызстан Республикасында өтетін жарысқа жолдама алып отыр. Олжасты 5 жылдан бері боксқа баулып келе жатқан жаттықтырушысы Н.Сариев:
– Біз бұған дейін де бірнеше жарыстарға қатысып, ауыл балаларының қандай мүмкіндіктерге ие екенін көрсетіп жүрміз. Жақында алған орнымыз соның тағы бір дәлелі. Олжас өз салмағында жоғары мүмкіндіктерге ие. Дей тұрғанмен, кешегі жарысты алтыннан алқа тағынуға сәл бағы мен бабы келіспей қалған шығар. Сонда да біз жүлдегерміз. Бір жағынан Олжас үшін бұл жарыс өте күрделі болды. Ол турнирге әлемнің 11 республикасынан түрлі деңгейдегі былғары қолғап шеберлері қатысты. Солардың арасынан суырылып шығып, жүлдеге ілігу де оңай шаруа емес. Біздің мұндай жарыстарға шығып, ауыл атын шығарып жүруімізге №20 БЖСМ-нің директоры Ж.Қорғанбаевтың қолдауы зор. Ауыл азаматтары да мұндай сәттерде қолдаудан құр қалмайды. Барлығы да ауызбіршілік пен тыңғылықты дайындықтың арқасы, – дейді Н.Сариев.
Жетістік жолында тер төккен тоқабайлық жас боксшылардың бұл соңғы жүлдесі емес. Бұған дейін де бірнеше жүлдені қанжығасына байлап үлгерген былғары қолғап шеберлері алдағы уақытта әлемдік ареналарда атой салады деген үміттеміз. Бастысы, балалар жаттығуына мүмкіндіктер мол болып, бапкердің бабы келіссе, Олжас сынды ауыл балалары Олимп шыңын бағындырары даусыз. Ертеңгі спортшылар мерекесі қарсаңында біз аудан атын шығарар барлық спортшыларға осындай алғаусыз ақ тілек арнаймыз.
А.ҚАРАСАЙ