Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл тірегі – бастауыш ұйым

Тіл тірегі – бастауыш ұйым

Ғасырлар қойнауында қалыптасқан туған тіліміздің қадір-қасиеті, мәртебесі мен қазіргі дәреже-деңгейі жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Оны көзі қарақты жандар газеттерден оқып, теледидардан есітіп, біліп отыр. Осы мақсатта аудандағы «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының кешегі, бүгінгісі төңірегінде ой қозғасақ. 1989 жылы Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алған сәттен бастап ізе-шала Алматыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, оның филиалдары еліміздің барлық облыстары мен аудандарда өмірге келіп, тың бастамалармен іске кіріскен болатын. Соның бір айғағы, 1990 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалы ауданымызда да құрылып, оның алғашқы төрағасы, ұйымдастырушысы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ішкі істер саласының ардагері, ауданымыздың құрметті азаматы Мешітбай Құттықов болды. Филиалдың алғашқы бастауыш ұйымдары оқу орындары – мектептерде құрыла бастады. Мұнан соң денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері мен ірі өндіріс орындарында ашылып, қанатын кеңге жайды. М.Құттықов филиал төрағасы қызметін 2001 жылға дейін, яғни өмірінің соңына дейін 11 жыл басқарды. Бұл уақытта филиалда «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының саны 70-ке, ондағы қоғам мүшелері 2000-ға жетті.
  Ауданда «Қазақ тілі» қоғамының жұмыс ауқымын кеңейту, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде көптеген игілікті шаралар қолға алынды. Филиал жанынан «Асыл мұра» газеті шығарылып, ол аудан көлемінде 2500 данамен тарап тұрды. Газет бетінде ана тілімізді ардақтау, сөйлеу мәдениеті, тіл құдіреті, рулық шежірелер, шешендік сөздер, ұлттық салт-дәстүр, тағы басқа тақырыптардағы тартымды материалдар жарияланып тұрды. Келе-келе «Асыл мұра» газеті тіл жанашырларының басын біріктірген беделді басылымға айналды.       
  Мұнан соң 2001-2002 жылдары филиал жұмысына Бөген ауылдық округін ұзақ жылдар басқарған Кеңес Сартов басшылық жасады. Бұл жылда «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары 75-ке, мүше саны 2200-ге жетті.
  Ал 2002-2003 жылдары филиалға жетекшілік жасаған журналист Еркін Әбіловтің тұсында да қоғам жұмысында жаңа жетістіктер орын алды. Филиалда бастауыш ұйым саны 80-ге жетіп, оларда 2500-ден астам қоғам мүшелері болды.
  2003 жылдан 2014 жылға дейін филиалға төрағалық еткен жоғары білімді есеп қызметкері, тіл жанашыры Аманкелді Траханов қоғам жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Өзінің жеке кәсіпкерлік ғимаратынан филиалдың арнайы жұмыс бөлмесін жабдықтап, іс-қағаздары мен есеп-құжаттарын жолға қойды. Бастауыш ұйымдармен тығыз байланыста болып, ана тілімізді ардақтауда айтулы іс-шаралар ұйымдастыра білді. Филиал жанынан «Үмітті Арал» газетін ашып, мемлекеттік тілімізді насихаттауда біршама жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде ауданда «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының саны 100-ден асып, қоғам мүшелері 3000-ға көтерілді.
2014 жылдан бастап 2022 жылдың сәуір айына дейін филиалды журналист Жұмабай Жақып басқарып келді. Аудандық филиалда 5 мүшесі бар Алқа құрамы сайланған. Бастауыш ұйымдармен және олардың жетекшілерімен тығыз байланыс орнатылған. Филиал жыл сайын белгіленген іс-шараларға сәйкес жоспарлы жұмыс істеп келеді. Филиалда 2 штат бірлігімен төраға және әдіскер жұмыс істейді. З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде орналасқан жұмыс бөлмесі компьютер, телефон, стол, басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Іс қағаздар мен құжаттар жолға қойылған.
  Қай уақытта да ауданда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын елге сыйлы, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан, сауатты тіл жанашырлары басқарып отырды. Соның нәтижесінде филиал жұмысы тоқырап қалмай, жыл санап жанданып, қоғамның бастауыш ұйымдары мен мүшелерінің саны да жылдан жылға өсіп келеді. Ал қазіргі таңда ауданда барлығы 141 бастауыш ұйым, Сексеуіл кентінде  бір комитет жұмыс істейді. Қоғамның мүше саны 4449-ге жетті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының өзі өмірге келген 30 жылдан астам  жолына қарасақ, ауданда мемлекеттік тілімізге деген халықтың жанашырлық көзқарасы, құрметі артып кел жатқанын, айтарлықтай бетбұрыстың бар екенін көреміз.
  Аудандық филиал жұмысының бастауы, арқа сүйер тірегі қоғамның бастауыш ұйымдары және оның белсенді мүшелері. Егер де тілімізге жанашыр, белсенді бастауыш ұйымдары болмаса, қолдаушы қоғамдық ұйымның мүшелері болмаса, ондай филиалдың не қажет бар деген ой туындайды.
  Сондықтан біз тілімізді, дінімізді, оған деген жанашырлық сезіміміз бен атқарар жұмысымызды айтар болсақ, алдымен соның бәрінің қайнар көзі қоғамның бастауыш ұйымдарына, оның әрбір мүшесіне келіп тірелеміз. Қазір ауданның көптеген еңбек ұжымдарында «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары бар. Бұл ретте аудандық білім бөлімі көш бастап тұр деуге болады.
  Өңірімізде елуге жуық білім беру мекемесі болса, олардың бәрінде ұйымдарымыз жұмыс істеуде. Солардың арасында қаладағы №62, №220, №262, №13, №83, сондай-ақ Қарақұм, Қызылшар, Қаратерең ауылдық округтегі, Сексеуіл кентіндегі №231, №177 мектептерді айтуға болады. Қайсыбір мектептерде ұстаздардан бастап тазалықшы, күзетшілерге дейін қоғамның мүшесі болып қабылдануының өзі көңілімізге қуаныш ұялатады. Кәсіптік білім беретін колледждермен бірге оқушылар үйі, өнер, спорт мектептеріндегі бастауыш ұйымдарында да ана тілімізді ардақтаған іс-шаралар көптеп атқарылып келеді.
Мәдениет саласында орталық кітапхана мен аудандық, қалалық мәдениет үйлеріндегі және мәдениет орталығындағы бастауыш ұйымдардың жұмыстары да жолға қойылған. Тіл мәселесін көтерген кездесу, басқосуларды өткізуде осы мәдениет үйлері мен кітапханалармен үйлесімді жұмыс істеп келеміз.
  Тіл жанашырлары аудандық филиал есебінен «Тіл сақшысы» газетіне тегін жаздырылды. Тілдер мерекесі қарсаңында тіл жанашырлары аудандық филиалдың  алғыс хаттарымен, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта бұл жұмысты одан әрі  жетілдіріп, жандандырып жолға қоятынымыз анық.
Біздер, «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдары мен ондағы мүшелері тіліміздің бар байлығын бүгінгі жастарымыздың санасына сынадай сіңіріп, жүректеріне жеткізіп, жадыларында жаттатып, зерделеріне құюларымыз керек. Өйткені қазақ тілінің ертеңгі қорғаушысы, қолдаушысы, іздеушісі, жанашырлары, біз құрып отырған «Қазақ тілі» қоғамының келешек белсенді мүшелері солар болмақ.
  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген сөзі көңілімізге үлкен үміт ұялатады. Олай болса мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің өзге тілдерден мерейі үстем, дәрежесі биік болып, дара тұрар күні де қашық емес демекпін
Бекболат Сәдуақасов,
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 
аудандық филиал төрағасы
06 қыркүйек 2022 ж. 280 0