Сыр айтады қаланың көшелері
Қалада тұған адамның кішкене "ауылы"– оның өз көшесі. Өйткені сол көшенің күнделікті тіршілік ағымы көз алдыңда өтіп жатады. Біздің халқымыз үшін бір киелі сөз: ол –көрші. Қандай кезде де көршімен жақсы болуға тырысады, кейде туысқаннан бетер бауыр басып, кесе-аяқ араласып сыйласады. Барша тұрғындарының қарекетіне қарай көшелердің де өз болмыс-бітімі, тіршілік ауаны қалыптасады. Тіпті бөтен жаққа қоныс аударатындардың өз көршілерін қимай жататынын да көз көріп жүр.
Қаламыздағы әрбір көше, сол көшедегі ғимараттар маған өткен күндерден сыр айтып, шежірелі өткендерін әңгімелеп тұрғандай болып көрінеді. Қаланың ескі де жаңа көшелерінде осы атақоныс, туған жер үшін өлшеусіз тер төккен қаншама арда азаматтардың ізі жатыр дейсің. Сол көше іздердің тағылымды «тарихына» көз салсақ деймін.
Қазақтың дарынды ақын қызы Күләш Ахметова «Көше» деген өлеңінде:
Алғандай-ақ көшеден шабыт анық,
Құс сайрайды бұтақта жағы талып.
Бесік алып біреулер өткен жолмен,
Бара жатыр біреулер табыт алып.
Бәлкім бір жан тыныштық тапты бүгін,
Тыңдашы анау сәбидің шаттық үнін.
Бір көшенің бойында байқарсың сен,
Қаттылығын өмірдің, тәттілігін ...– деуі көп жайды аңғартады. Күнде жүріп өтетін көшеңе ойлы көзбен қаратады. Бір сәт тіпті өз көшеңе тағзым еткің келеді. Өйткені әрбір көше – бұл таусылмас, жалғаса берер өмір жолы, тағдыр соқпағы, тіршілік арнасы.
Деректерге қарасақ, қазір Арал қаласында 206 көше мен тұйық көше бар екен. Олардың жалпы ұзындығы 186 шақырым делінеді. Әрине көшелердің де ұзындары мен қысқалары бар, ескілері мен жаңалығы бар. «Көше – қаланың көркі, көкорай – даланың көркі» деген нақыл сөз тауып айтылған. Көрікті, сәулетті, сәнді көшелерді көргенде, туған қалаңа деген мақтаныш сезімі оянады. Өзгелері де осындай болса, көз тартып тұрса деп армандайсың.
Біздің қаланың да көшелерінің өз өткендері мен бүгіндері бар. Тарихи құжаттарда, кітаптарда айғақталып қалғандай, Арал қаласының көне көшелері дегенде сонау 20-30 жылдарда пайда болған Дзержинский, Ленин, Чапаев, Горький, Портовая, Ворошилов көшелерін айтсақ болады. Әрине кеңестік заманның бұлжымас айнасы болған атаулар бүгінде Бақтыбай батыр, Қарасақал Ерімбет, Әбілқайыр хан, Палау Құттымұратова боп тәуелсіз еліміздің мұрат-мақсатына қарай өзгерген. Дегенмен «Ескі көшеде ежелгі көршілер тұрады» дегендей, ескі көшелерден өткен уақыттың көптеген іздерін көреміз. Оңдағы ғимараттардың, үйлердің тарихи маңызын саралағың келеді, жадыңа түйгің келеді.
Арал қаласында ең алдымен ауызға алынар киелі көше – Набат Маханова атындағы көше болу керек деп білеміз. Бұрын «Қазақ» деп аталған көше біздің қазақ халқының әлем таныған тұлғасы, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен оның талантты туындыларына байланысты тарихта, руханиятымызда, мәдениетімізде жазылып қалуы керек-ақ. Әбенің өз жазбаларына үңілейік. Бір мақаласында: "Көңілсізбін, ішім ит талағандай. Жағадан қашып, қөз ұшынан асып кеткен теңізді көргім келмеді. Буденный төбесі, Қазақ көшесі №3 үйде тұратын Байғабыл ағама бардым деп жазса, енді бір естелігінде: "Елге қайттым, баяғы романды аяқтасам деймін. Аралдың шет жағында, ауданда, ағайдың үйінде тұрып жаттым. Таң қаранғысынан оянамын, үй мұздай. Отын аз. Сығырайтып майшам жағамын. Саусағым, мұрным қатып қалады. Көрпеге оранып отырып жазу жазамын. Ағай мен жеңгей қолдан келген жағдайын жасап бағады" деп, сол үйде атақты «Курляндия» (кейін «Күткен күн») романын жазғанын еске алады. Кейін әлемге мәшһур болған «Қан мен тер» роман-эпопеясының алғашқы тарауларын сол жерде жазғандығын айтады. Олай болса, Қазақ көшесі қазақ мәдениетінде ерекше орны бар қастерлі көше болады емес пе! Өкінішге орай, баяғы Қазақ көшесі де, №3 үй де жоқ. Кешегі бір жылдарға дейін тұратын. Көзіміз көрген. Енді сол көшеде ең болмаса бір ескерткіш-белгі ұлы оқиғаны еске түсіріп тұрса екен деп ойлайсың. Өркениетті елдерде атақты адамдардың бір отырып кеткен орындығының өзін айдарлап, кәделеп қоңақтарға таныстарын отырады. Ал бұл үйде жаһанға тараған классикалық ғажайып туындылар дүниеге келген...
Жалпы кеңестік заманда қаладағы бүкіл көше дерліктей Восточная, Пионерская, Советская, Мир, Дружба деп тек қана орысша аталатын. Ал енді бір көшелер сол мөлтек аудандағы мекеме, өндіріс орындарына орай Заводская (Кеме жөндеу зауыты алдында), РК Милиция (аудандық ішкі істер бөлімі сонда), Школьная (№86 мектеп орналасқан), Водоканал (Су жүйесі мекемесі маңында), Телецентр, Вокзалная көшелері боп келетін.
Қазіргі қаламыздағы ұзын көшелердің бірі – ұлы ғалым, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов атында. Бұл көше өткен ғасырдың 30-40 жылдары Сталин атымен аталса, 60-жылдардан бастап Коммунистическая аталды. Ел тәуелсіздігі кезінен ұлы Ақаң есімін айшықтап тұр.
Бұл көшенің бойында Ресей мемлекетінің мемлекеттік және әскери қайраткері Лев Яковлевич Рохлин туып-өскен. Ол туралы апасы Лидия Зорина былай есіне алады:
–Рохлиндер әулеті болып, сол кезде қаланың «Америка» аталып кеткен жұмысшы қыстағындағы («Трудпоселка») Сталин көшесінің 82- үйінде тұрдық. Теңіздің қолтығы десе де болады. Теңіздің асау толқындары жағаға ұрып, жиекті су-көбік шайып жататын, қолымыз қалт еткенде, достарымызбен бірге теңізді, порттағы мұнара крандардың кемеге жүк тиеп-түсіріп жатқанын, теңіз айлағында тұрған баржалардың, кемелердің алуан түрлерін қызықтайтынбыз».
Бұл да бір тарихи есте қаларлық орын. Көшенің үш кезеңдегі атауы қоғамдағы өзгерістерді айтып тұр. Арал қаласының топырағына табаны тиген Әуелбек Қоңыратбаев, Рабиға Сыздық, Мұхаметжан Сералин, Зейнолла Шүкіров, Мұташ Дәулетқалиев, Шәді төре, Бекмұхамбет Сисекенов, Ұзақбай Қараманов, Мұқаметжан Қарабаев секілді ғұлама ғалымдар, көрнекті қаламгерлер, мемлекет қайраткерлері, халқымыздың ең алғашқы дәрігері қай көшеде, қай үйде тұрды деген сұрақтар да көкейге жиі оралады. Бұларды анықтай жатсақ, әрқайсысы бір-бір тарих болады емес пе. Көшелер туралы мәліметтер өлкетанушылар үшін құнды.
Бүгіндері қаламыздың барлық көшесі өз даңқты тарихымызды, елдік биік мұраттарымызды еске түсіріп тұр. Жанқожа, Ақтан бастаған батырлар, Сырлыбай, Әйтеке бастаған билер, Ұ.Өтеулиева, Б.Рысқалов бастаған Еңбек ерлері, Абай, М.Әуезов бастаған ақын-жазушылар, Қ.Сәтпаев бастаған ғалымдар атындағы көшелер сап түзеуде. Жергілікті жердің мақтаныштары М.Құттыков, Д. Құттымұратов, Т.Медетбаев, М.Сәдібеков, У.Қосымов атындағы көшелер туған жердің дарабоздарының есімін ел есіне оралтып тұр. Атамекеніміздің жер-су аттарын иеленген Қамыстыбас, Ұялы, Аралтұз, Қосарал, Қарақұм, Сарышоқы атаулары да құптауға тұрарлық. Ал қалалық атқару комитетіне төрағалық етіп, уақытында қаланың көркеюіне, өсіп-өркендеуіне, осы мәртебеге лайық болуына үлкен үлес қосқан Ізтай Айбосынов, Нәбижан Сариевтің тегі міне бір-бір көшеден берілген. Бұл да халықтың, ұрпақтың құрметі.
Туған қаламыздың әрбір көшесі осылайша еліміздің, халқымыздың тарихынан сыр айтып тұрған сияқты. Отанға деген махаббат туған шаңырағыңнан, туған көшеңнен басталады емес пе. Ес біліп, етек жапқаннан бастап өз көшеңдегі қоғамдық ортаға түсесің. Алғашқы балаң түсінік- танымдарың өз кешеңді, ондағы адамдарды танудан басталады.
Көшелі азамат – өз көшесінің патриоты. Өз көшесіндегі тазалық, қарым-қатынас мәдениеті, осы жердегі тәртіп пен тәрбие әрбірімізді ойлантып жүруге тиісті. Өз көшесіндегі тазалық, қарым- қатынас мәдениеті, осы жердегі тәртіп пен тәрбие әрбірімізді ойлантып жүруге тиісті. Өз көшеңе басқан алғашқы қадамың кейін үлкен даңғылдарға апарады.
Ерғали АБДУЛЛА,
журналист