Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесік – киелі бұйым

Бесік – киелі бұйым

Бесік – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан мүліктің бірі. Қазақта бұл бұйымды киелі деп санаған. «Ел іші – алтын бесік» деген мақал да соның айқын көрінісі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесік негізінен нәрестені бөлеуге арналған киелі ағаш төсек.
Ертедегі ел аузындағы аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған деседі. Айдархан бидің әкесі Мизам баба қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысқан көрінеді. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Осынша өмірінде еккен көшет-талдар кейін үлкен бау-бақшаға айналыпты. Мизам бабаның өмірден өткенін естіген қытайлар бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жібереді. Сол уақытта бабаның баласы Айдархан би алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол ауылға жетуге асығады. Ауылға жеткен соң, жайқалған ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп, ызаға булығып, қатты қапаланады…
Сөйтіп ай артынан ай, жыл артынан жыл алмасып өте береді... Айдархан би үйленіп, тұңғышы дүниеге келеді. Бірақ сәби туыла салысымен тоқтамай жылай береді. Жан-жақтан танымал емшілер келгенімен, еш көмектесе алмайды. Бір күні бала жылағанын қояды. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды.
Осылайша «бесік» көшпелі қазақ халқының ажырамастай мұрасына айналады.
Бесіктің құрылымы алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Ол баланың таза жатуына көмектеседі, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың кіші дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына септігін тигізеді. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қолайлы болады.
Бесіктің жабдықтары – түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы. Бесіктің тал бесіктен басқа «аспалы бесік» деп аталатын түрі де болған.
Жалпы ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Мұны бабамыз Төле бидің мына бір әңгімесінен байқауға болады: жоңғарлар шапқыншылығынан тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, көшіп келе жатқанда, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.
Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасында ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасаудың пайдасы бар, яғни қан айналу жүйесін жақсартады. Бүгінде сәбиді бесікке бөлейтіндер қатары азайып барады. Бұл дегеніміз ертедегі ата-бабаларымыздан асыл мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан қасиетті бесігімізді менсінбей бара жатқандаймыз. Кейде дәрігерлердің «баланы бесікке бөлеуге болмайды, денсаулыққа зияны тиеді» дегенін де естіп қалатынымыз бар.
– Қазіргі таңда көптеген ата-ана бесікке бөлегеннен гөрі заманауи жөргекті пайдаланғанды дұрыс көреді. Десек те баланың тазалығына нұқсан келтіреді әрі ұйқысын бұзады. Ал ұйқысы қанбаған баланың мазасы болмайтыны белгілі. Медициналық жағынан қарағанда, заманауи жөргек –памперсті сәбиге екі сағаттан артық қолдануға болмайды. Баланың жүйке жүйесінің бір жүйеге түсуіне ықпал етеді. Бесіктің осыншама пайдасын көре тұра, кейбір ата аналардың одан жерінуінің сырын түсіне алмаймын, – дейді көпбалалы ана Нұрила Мақсатқызы.
Бұрын аналарымыздан «Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деп басталатын бесік жырын естуші едік, ал қазір бесік жырын айтушылар да азайған. Осылайша ұлттық салтымыздан, әдет-ғұрпымыздан алыстап барамыз. Бала тәрбиесі бесіктен деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан елім, халқым деген ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтсақ, ұлттық дәстүрлерді сақтап, ең әуелі бесіктің қадіріне жете білейік.

К. МАХСҰТ
10 қыркүйек 2022 ж. 1 013 0