Азаматтарға алғысым мол
"Өрт – тілсіз жау" дейді ғой. Аяқ астынан келген осы бір кесапат бізді де үлкен әлекке салып кетті. Ұзақ жылдар бойы С.Мұқанов көшесінде тұрып, көрші-көлеммен сыйласып, кішіге апа, үлкенге сіңілі-қарындас боп тұрып жатқанмын. Ойламаған жерден қарашаңырағым от құшағына оранып, біздің отбасымызды қиындыққа душар етті. Қатты уайым құшағында күйзеліске де түстік. Алайда айналамда жақсы ел-халқым бар екенін осы бір күндері жақсы сезіндім. Олар тек жұбату ғана айтып қоймай, қолынан келген барша көмектерін аяған жоқ. Халқымыздың ең бір мейірбанды жан сезімдерін, қайырымдылықтарын бұрынғыдан да жақсы танығандай болдым. Бұл күнде өртенген үйімнің орнына қайтадан жаңалап шаңырақ көтеріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде қолынан келген барлық көмектерін менен аямаған блогер Берікбол Берікұлына, полиция қызметкерлері Майбек Дәрмағамбетов, Бақытбек Елубаевқа, аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінің ұжымына (басшысы Әмірхан Жүсіпов), сондай-ақ азамат Алдоңғар Жасталапқа, №2 дарынды балалар интернатына, "Байтұрсынов" емханасына, айналамдағы көрші-көлем, ағайын-туыс, құда-жекжаттарыма, сыныптастарыма жылы сөздері мен материалдық көмектері үшін айтар алғысым жүрегімнен төгіліп тұр.
Енді ешкім де осындай бір тілсіз жаудың қыспағында қалмаса деп тілеймін. Жүректері шуақты халқым аман болсын!
Баянсұлу ЕСЕНӘЛИЕВА,
С.Мұқанов көшесінің тұрғыны