Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарық мәселесі күн тәртібінде

Жарық мәселесі күн тәртібінде

Бүгінгі технология дамыған қай елде болмасын жарық пен су мәселесі шеттен тыс қалған емес. Иә, адамзат баласына ең әуелі керегі де осы дүниелер екені анық. Жарық болмаса қаншама жұмыс та тоқтап қалары сөзсіз.
Өткен аптада қалалық мәдениет үйінде Департамент пен «Дәулетэнерго» ЖШС-ның ақпаратын қарау кезінде жария тыңдау болып өтті. Жария тыңдауға депутаттар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Жария тыңдауды ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы К.Кеншембаева ашып, жүргізді.
Қызылорда облысы төңірегінде Арал ауданы бойынша электр энергиясын қоғамдық маңызы бар субъектісі болып табылатын «Дәулетэнерго» ЖШС қамтамасыз етеді. Біздің қолданыстағы кәсіпкерлік кодексі бойынша 124-5 бабына сәйкес электр энергиясын бөлшек саудада сату қоғамдық маңызы бар субъекті болып табылады. Сонымен қатар ол мемлекеттік реттеуге жатады. Осы себеппен «Дәулетэнерго» ағымдағы жылдың 22 тамызында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өзінің алдағы уақытта бағалары өзгеретіні жөнінде хабарлама жасамақ. Бүгінде ұсынылған құжаттар, сонымен бірге қосымша сұралған құжаттарға сараптама жүргізілуде. Осы хабарламаны қарау барысында өкілетті органның қабылданатын шешімінің ашықтығын, тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында жария тыңдау өткізіледі. Негізгі бүгінгі қозғалатын мәселе «Дәулетэнерго» ЖШС-ның тарифін талқылау болып отыр,– деді.
Мұнан соң жария тыңдаудағы күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Дәулетэнерго» ЖШС басшысының орынбасары Ж.Ерімбетов айтып өтті.
Сонымен бірге жария тыңдау барысында электр энергия тарифтерінің өзгеруінің негізгі себептері Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы №226 бұйрығына сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап энергия өндіруші станциялардағы электр энергиясы құнының 0,1 пайыздан 6,6  пайызға дейін артуы мәселесі қаралды. Сонымен бірге электр энергиясын тасымалдау тарифінің «КЕГОК» АҚ-ның 1,8 пайызға және «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 18,6 пайызға, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1кВт. сағатқа 0,63 теңгеден 1,21 теңгеге артылатыны жөнінде айтылып өтті.
«Дәулетэнерго» ЖШС-ның электрмен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы қолданыстағы ҚҚС-сыз 1 кВт.сағат 20,03 теңгенің орнына ҚҚС-сыз 1 кВт.сағат 24,20 теңгені құрады. Яғни бұл 20,8 пайызға өзгеруі.
Бүгінде Департаментпен бағалардың өзгеруін негіздеуде ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізілуде. Департаментпен тұрғындарға тариф жүктемесін азайту мақсатында барлық дерлік қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Жария тыңдау соңында көпшілік тарапынан айтылған ескертпелер мен ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, Департаментпен атаулы мәселе бойынша соңғы шешім 2022 жылдың 5 қазанында қабылданатыны жөнінде айтылды.
А.НҰРЛАНОВА
27 қыркүйек 2022 ж. 393 0