Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкенге құрмет – кішіге міндет

Үлкенге құрмет – кішіге міндет

Еткен еңбектің жемісін көру бір бөлек, ал құрметін сезіну өз алдына бір бөлек нәрсе. Кез келген адам аз ба, көп пе қоғамға тамшыдай болса да өз қолтаңбасын қалдыруды армандайды. Сол арман жетегінде түрлі кәсіптің иесі атанып, қала берді өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шығуға бар ынта-ықыласын арнайды. Иә, жуырда ұстаздар күні қарсаңында өндірісімен жаһанға танылған кенттегі №19 орта мектепте үлкенге құрмет – кішіге міндет қағидасын ұстанған мұғалімдер қауымы Аманкелді Жұмағұлов сынды ардагерін ардақтап, ұзақ жыл білім ұясы шаруашылығының алға басуына сүбелі үлес қосқан жанның еңбек демалысына шығуына орай сый-сияпат жасады.
Өз кезегінде мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Мейрамкүл Исмағұлова сөз алып, А.Жұмағұловтың өлшеусіз еңбегін тілге тиек ете келе алғысын білдірді. Жалпы, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен мұндай қошемет кез келген жанға үлкен мотивация болары сөзсіз. Өзіміз жан-жақты насихаттап жүрген қазақы дәстүріміздің бұзылмаған үрдісі, соның ішінде рухани жаңғыру бағытымен үндескен шара қаймағы бұзылмаған дәстүріміздің тағы бір айқын көрінісі деп білеміз.

А. ҚАРЫМСАҚ
01 қазан 2022 ж. 589 0