Жастар сыйлығын жеңген ұстаз
Жастар – елдің ертеңі. Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегін қалыптастырып, жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жолда өз ізін, қолтаңбасын қалдыра алатын да, еңсесі биік елдің ертеңгі тұтқасына айналатын да – солар. Сондықтан бүгінгі буын жастардың білімді әрі бәсекеге қабілеттілігі біздің басты басымдылығымыз болмақ.
Жастарды бәсекелестікке баулып, білімге жетелейтін, өзіндік болмыс қалыптастыруға мүмкіндік беретін осындай шаралардың бірі – республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы қазіргі уақытта барлық саланың бүгінгі үздіктеріне танылуға жол ашып, көкжиегін кеңейтіп келеді. Осындай білімді, білгір ұрпақтың ауданда да көбейгені көңіл қуантады.
Өткен жылдың қорытындысында Қараман Садықов білім саласы бойынша Ғани Мұратбаев сыйлығын иеленді. Бұл аудандағы жастардың ең басты салалардың біріне тың серпін, жаңашылдық пен жоғарғы нәтиже алып келгеніне басты дәлел десек болады.
Өз саласының үздігі атана білген жас еңбек жолын 2014 жылы Арал қаласындағы №2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатында бағдарламашы болып бастап, 2016-2020 жылдары №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында құрал-жабдықтар инженері болып жұмыс жасады. Бүгінгі таңда №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында менеджер, информатика пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді.
Жеңіс пен жетістік еңбектің нәтижесінде басқа қонатын бақ. Қараман да білім саласына өзіндік үлесін қосты. Зияткерлік технологиялар институты ұйымдастырған «Халықаралық пәндік олимпиадалар жинағы» жаттығу құралының 01-2-2016 және 02-2-2016 санына тест тапсырмалары енгізілсе, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, Мемлекет тарихы институты мен «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген «Жастар – еліміздің болашағы» атты республикалық форумына қатысып, «Үздік жас маман-2019» байқауынан І дәрежелі диплом мен төсбелгі иеленді. Сонымен қатар «Үздік жас маман-2019» атты республикалық байқаудың материалдар жинағына өмірбаяны енгізілді. Мұнан бөлек қоғамдағы әрбір жаңалыққа бейжай қарамай, өзіндік пікірін де ашық жеткізе алатын маман баспасөз құралдарымен де тығыз байланыста. Әркез білім саласындағы жаңалықтар мен білімге жасалған қолдау жайлы мақалалары жарық көріп келеді.
Жас та болса еңбегімен, белсенділігімен таныла білген кейіпкеріміздің еңбегі де елеусіз қалмаған. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының, «Робототехника және оны мектеп жағдайында үйлестіру жолдары» семинары барысында үздік жобасы үшін аудандық білім бөлімінің, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының, аудан әкімінің Алғыс хаттары, «Білім-Ғылым-Инновация» интегралдық орталығының Құрмет грамотасы, мұнан бөлек көптеген ғылыми орталықтардың, білім саласына байланысты көптеген марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар осы тұста мұғалімнің еңбегі шәкірттердің білімімен көрінетінін де естен шығармаған абзал. Расында Қараманның шәкірттері де талай жарыста жігері жығылмай қайтты. 2020 жылы Өскемен қаласы әкімдігінің «Оқу-зерттеу экобиоорталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Менің жанұям және табиғат» атты республикалық суреттер байқауына Бекжан Жанболатұлы қатысып ІІ орын иеленсе, дәл сол жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу -әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Суреттер әлемі» республикалық интернет байқауында Бекжан ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Қызылорда облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен «Елдік пен ерлік мекені» тақырыбында қашықтықтан облыстық жас суретшілер байқауында да Бекжанның бағы үстем түсіп, ІІ орын иеленді.
Бұл – бір ғана шәкіртінің еңбегі. Мұнан бөлек, өнер, білім, бейнеролик байқауларында республикалық, облыстық жарыстарда жүлде алғандары қаншама!
Талантты шәкірт талапты ұстаздан шығады. Білім мен білігін шәкірт тәрбиесіне арнай білген Қараманның болашақта да талай тұлға тәрбиелеп шығаратынына сенім мол.
Мөлдір ЖИЕНБАЕВА,
№2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты директорының орынбасары