Падаунг әйелдердің ерекше дәстүрін білеміз бе?
Әлеуметтік желінің кез-келгеніне кіре қалсақ, мойындарына алтын сақина таққан қара торы әйел адамдарды көзіміз шалып жатады. Сонда тек таң қалған эмоциямен ғана өтіп кете беретініміз белгілі. Осы сәтте «бұл қай ұлттың дәстүрі және мойындарына неге сақина тағады?» деген сұрақ барлығымызды толғандырары анық. Ендеше падаунг әйелдерінің ерекше дәстүрі бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отыр.
Ерте кезде кей елдерде әйелдер үшін «аққу мойын» сәнге айналған. Яғни аққу мойынды қыз бала денесінің ең тартымды жеріне балап, ал қысқа мойынды әйелдерді әдемі деп санамаған.
Мойындарына алтын сақина таққан ұзын мойынды әйелдер Мьянмада тұратын падаунг халқының өзіндік ерекшелігі болып табылады. Жалпы бұл халық ірі қалалардан алшақтау шалғай ауылдарда мекен етеді. Сонымен бірге олар күріш өсіріп, сиыр мен ешкі бағып, ормандағы жабайы аңдарды аулағанды жақсы көреді екен. Мұндағы әйел адамдардың киімдері де бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Себебі олар өздерінің киімдердін өздері тігіп алып киеді. Тіпті қолға ұстайтын сөмкелеріне дейін өздері дайындайды. Мұндағы әйелдердің киімдеріне қарап-ақ олардың жағдайларын анықтауға болады екен. Мәселен тұрмыс құрмаған бойжеткен қыздар ақ жиде кисе, қызыл түсті киімділері отбасын құрғандарға жатады.
Бұл елдегі қыз-келіншектер бес жасынан бастап мойындарына сақина таға бастайды. Бұл сақинаны кішкентай қызға кез-келген адам тағып бермейді екен. Яғни отбасындағы 5 жастағы қыз баланың мойына ата-анасының шешімімен ауыл бақсысы немесе тәжірибелі емші тағып береді. Ал 16 жасқа келген уақытында салмағы 5-6 келі, биіктігі 20 сақинаға дейін жететін әсем әшекейлер оларға көрік беріп тұрады. Бүгінгі заман ағымына қарай бұл салт та атаулы өңірден жойылып бара жатыр. Қазіргі кезде ондағы қыз-келіншектер бұл сақинаны мойнына тағатынын немесе тақпайтынын өздері шешеді. Сондай-ақ таққан жағдайда сақиналар саны жыл сайын артып отырады. Ал қыз бала тұрмысқа шыққан соң, шамамен 15-16 жасында сақина тағуы тоқтатылады. Кей болжамдарда темір дөңгелектер қыз баласын теріс күштерден қорғайды делінген. Олардың мойындарындағы білезіктер көп болған сайын, қауіптің алдын алу да жеңілдейтін көрінеді. Тіпті кей әңгімелерге сүйенсек, ерте кезде ел арасына жолбарыс кіріп, қыз балалардың мойнына шабуыл жасаған. Сол үшін бұл елдегі әйелдер мойындарына темір құрсау тағып жүреді екен деген де сөз қалыптасқан. Осы тұста «жолбарыс неге тек әйел адамға шабуыл жасайды?» деген заңды сұрақ ойға оралады. Дегенмен бұл аңыздың рас, не жалған екендігі беймәлім күйде.
Тағы бір айта кететін ақпарат, қыз-келіншектердің мойындарына таққан алтын сақиналары шетелден туристерді шақыруға да себеп болып отыр. Бүгінде бұл елге ағылып жатқан туристер саны жетерлік. Онда барған шетелдіктер мойындары ұзын қыз-келіншектермен суретке түсіп, олардың салт-дәстүрлерімен толықтай таныса алады. Сауда орындарында да мойыны ұзын түрлі қыз-келіншектер мүсіні де сатылады екен.
«Әр елдің салты басқа»демекші, әрбір елдің өзіндік салт-дәстүрлері болары анық. Олардың бірі бізге біртүрлі көрінгенімен өзіндік мәні бар екендігі белгілі.
А. НҰРЛАНОВА