Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз тіршілігі немесе балыққа да бап керек

Теңіз тіршілігі немесе балыққа да бап керек

Алдымен аз-кем тарихтан дерек айтамыз. Бір кездері көлемі жағынан төртінші орын алған Арал теңізінің бүгінгі жағдайы айтпаса да түсінікті. Су тапшылығынан жағалаудан толқын қашқалы біраз жыл өтті. «Бар несібем – адамзатқа» деген Аралдың әлі де берері жоқ емес. Тек соны бағалай білсек етті!
50-60 жыл бұрын Арал жағасында балық аулау кәсібіне байланысты 2 комбинат, 10 зауыт, 70-ке жуық балық қабылдау бекеті болғанын кейінгілер білмеуі мүмкін. Қолда бар мәліметке сүйенсек, теңізден 30-дан аса балық түрі ауланыпты. Бүгінде қарасы көрінбейтін бекіре де осы теңізде ойнақ салды. «Қызыл кітапқа» енген қаяз, салмағы кішігірім тайыншадай ірі жайын да осында жүзді. Ақбалық, сазан, мөңке, шабақ, дөңмаңдай, шортан, торта мен тыран, алабұға сияқты түрлері тіпті мол болыпты. Бүгінде теңіз жағалай отырған көп ауылдың тілімен айтсақ, «алтын балық» саналатын, бағасы да құнды, Еуропаға бірден-бір экспортталып отырған тісті де – Аралдың бір байлығы.
Аштыққа ұшыраған Еділ бойы тұрғындарына Лениннің хатына орай көмекке ұмтылған балықшы бабалардың ерлігі жиі айтылып жүр. Былтыр ғана 100 жыл толған осы бір айтулы күн де Арал балықшыларына тиесілі. Бір тәулікте олар 14 вагон балық жөнелтті.
Қош, ғалымдар дерегінше, Аралдың бір заманда мұхитпен шектескенін, оған дәлел ретінде құрғаған теңіз табанынан табылған кит пен акула сүйектерін айғақ еткені белгілі. Арнасынан асып, ең терең жері 68 метр, ұзындығы 426, ені 284 шақырым болған бұрынғы теңіздің бүгінгі тіршілігін баяндап көрмекпіз.
Биылғы меже – 7461 тонна
Арал теңізі балықшыларына қатысты мынадай бір ереже бар. Мұнда балық аулау уақыты әр жылдың шілде айынан басталады. Келесі жылдың дәл осы айына дейін белгілі бір лимит бойынша балықшылар қайық есіп, ау салып жүр. Әрине, бір жыл ішінде балық қорының табиғи көбеюі немесе уылдырық шашу уақытында теңіз не дария бетіне бірде-бір балықшы жоламауы тиіс.
Жоғарыда айтқандай, биыл бірінші шілдеден бастап Кіші Аралдан 6924 тонна балық ауланбақ. Ал теңізден бөлек, «Қамыстыбас» және «Примор» көлдер жүйесінен 537 тонна балықты сүзуге рұқсат берілген. Жалпы Арал ауданы бойынша биылғы меже – 7461 тонна.
Біздегі мәлімет бойынша, балық ауланатын Кіші Арал 18 учаскеге бөлінген. Әрқайсысының өз иесі яғни, кәсіпкерлер белгілі бір мерзімге жалға алып отыр. Одан бөлек, дария арнасы әрі одан су алатын 20 көлді де есепке аламыз. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, бүгінде 18 көл табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген. Қалған екеуі резервте.
Тағы бір айта кетерлігі, Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді. Оның ішінде 17 түрі ауланады. Ал Арал ауданы әкімдігі берген мәлімет бойынша, өңірде 31 балықшы бригадасы болса, барлығы 700-ден астам адам осы салада жұмыс істейді. Бригадаларға тиесілі 256 флот, 6 үлкен (СМБ-40) және 3 шағын кеме (БМК-130, «Касатка-640»), 9905 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше бар. Кешегі шілдеден бастап ауданда 56 тонна балық ауланған. Ал өңделген балық көлемі – 2644 тонна.
Экспорт әлеуеті
Кезінде тасыған теңізде балық зауыты мен комбинаты көп болды дедік. Қазір де жоқ емес. Аралда 9 балық өңдеу зауыты бар. Бұлардың жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайды.
Осы 9 зауыттың ішіндегі бесеуі балықты терең өңдеумен айналысады. Олар – «Agrofish 2020», «Арал СДО» ЖШС, «Камбала балық» балықшылар өндірістік орталығы, «СДО Қарашалаң» және «Aral seafood» ЖШС. Ал қалған «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Zhalgasbay» сияқты шағын зауыттар балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жұмыстарды атқарады.
Мойындау керек, балық аулау және оны экспорттауда Арал ауданының үлесі басым. Оқырманға бұған дейін белгілі, Аралдың балығын Еуропаға артып жүрміз. Әрине, белгілі бір талапқа сай экспортталады. Соның бірі – Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі. Бұл екі-ақ кәсіпорында бар. Атап айтсақ, «Agrofish 2020» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС.
Ал аудан бойынша биыл 1935 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған. Аралдан шыққан балық Ресей, Польша, Әзербайжан, Германия, Грузия, Нидерланды, Венгрия мемлекеттеріне жөнелтілуде.
Балық қорына басымдық
Теңіз түбін сүзіп жүрген кәнігі балықшылар балық қоры бұрынғыдай еместігін айтады. Әрі салмағы 10 келіге жуықтайтын ірі балықтардың қарасы да сиреген. Суға салған аудың да көзі бұрынғыдан тарыла түскендей. Мұның барлығы балықшылардың майда балыққа дейін аулайтынына бірден-бір дәлел.
Десек те, теңіз байлығын сақтауда атқарылып жатқан шаруалар жоқ деп мүлде айта алмаймыз. Аудан территориясына қарасты питомник пен кейбір тоғандар бұл үдеден шығып келеді. Балықты көбейту мен өсіруге ынталы жеке кәсіпкерлер де аз емес.
Ауданға қарасты Қосжар ауылында «Қамыстыбас балық өсіру питомнигі» РМКҚ орналасқан. Бұл – облыстағы мемлекеттік тапсырыспен Арал өңірі, Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерге шабақ жіберумен айналысып келе жатқан жалғыз мекеме.
Питомниктің тағы бір бөлімшесі Қаратерең ауылына қарасты «Тастақ» елді мекенінде де жұмыс істейді. Екеуінде де арнайы инкубациялық цехтар бар. Оның бірі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелінген.
– Питомник 1966 жылы құрылған. Мұндағы мақсат – теңіздің қайту кезеңінде балық қорын яғни, түрлерін құртып алмай, санын арттыру, қорын сақтау. Қазір мұнда балықтың үш түрі өсіріледі. Ақ амур, дөңмаңдай, тұқы. Бұлар өте бағалы балықтар қатарына жатады. Балықты өз уылдырығы арқылы ұрықтандырып, арнайы уылдырық шайқау цехы арқылы күтіп-баптаймыз. Питомник жанындағы тоғандарда бір жаздық шабақтың салмағы күзге дейін 20 граммға жеткізіледі. Құрама жем беріліп, өсіп-өнуіне еш кедергісіз жағдай жасалады. Осылай арнайы күтімге алынған шабақтар теңіз бен жақын маңайдағы көлдерге қыркүйек айында жіберіледі. Сондай-ақ су айдындарын жалға алып отырған табиғат пайдаланушылар да питомниктен шабақ алып, өз көлдеріне жіберіп жүр, – дейді питомник директорының орынбасары Айдос Есепбаев.
Жалпы облыс көлеміндегі табиғи су айдындарында балық қорын көбейту үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінетіні рас. Соның ішінде Кіші Арал мен «Ақшатау», «Примор», «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне осы питомник арқылы 14 млн 800 мың бір жылғы шабақ және 420 мың екі жылғы шабақ жіберіледі екен.
Айтпақшы, былтыр облыста «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бұл бойынша Арал ауданына қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 көл тізімге енген. Атап айтатын болсақ, «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек» және «Шөмішкөл» көлі.
Бүгінде аудандағы тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Мысалы, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің «Тауарлы балықты өсіру және өңдеу комплексін ұлғайту» жобасы. Бұл жоба 4 компоненттен тұрады. Бірінші, балықты терең өңдеу цехы, екінші, «Домалақ» көлдік-тауарлық көксерке шаруашылығын құру, үшінші, «Қамбаш» тоған шаруашылығы, туристік демалыс орталығы, соңғысы тоңазытқыш цехы мен жатақхана салу. Құны 450 млн теңге болатын жоба екі жыл бұрын басталған. 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
Ал жоғарыда айтқан бағдарламадан тыс өз бастамасымен балық өсіруші кәсіпкерлер де жетерлік. Жаңақұрылыс ауылындағы Аманкелді Есімов, Қарақұм ауылдық округі бойынша Шалғынбай Алматбаев, Бекбауыл елді мекенінен Фарида Қарақұлова және Қарашалаң ауылынан Қанат Қарагенеев балық өсіру тоғанын құрып, өңірдегі осы салаға дем беріп жүр.
Жоғарыда айтып өткен, өңірлік бағдарлама аясында облыста 55 тауарлы су айдыны, 4 тоған шаруашылығы және бір тұйық сумен қамтамасыз етілген жүйе өз жұмыстарын жүргізуде. Биыл бағдарлама шеңберінде 2 тоған шаруашылығы және 6 шарбақтық шаруашылық құру жоспарланған. Қазір екі тоған толығымен іске қосылған. Онда сазан, ақ амур, дөңмаңдай және африкалық жайын өсірілуде.
Иә, балық шаруашылығы – дария жағалай қоныстанған елге ежелден сіңісті кәсіп. Сырдария мен бастауын сол өзеннен алатын теңізді, көп көлді сүзіп, несібесін теріп жүргендер бізде жеткілікті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде балық аулау тым қарқынды бола қойған жоқ. Өйткені, бұрынғыдай шалқыған теңіз жоқ. Бірақ Арал өңірі үшін ең маңызды болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы іске асқан соң, бұл саланың біртіндеп дамығаны рас. Егемендіктің басында 400 тонна ғана ауланып келген балық көлемі 20 есеге өсіп, бүгінде 8 мың тоннаға дейін жетті.
Екіншіден, балықшыларға деген құрмет те жыл сайын артып келеді. Оның дәлелі ретінде, 50 жылдан соң алғаш рет 2015 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Арал өңірі балықшыларының слеті өтті. Балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ресми түрде бекітілген. Олардың мәртебесі айқындалып, жыл сайын арнайы мерекеленіп жүр. Айтпақшы, биылғы балықшылар тойы осы қазан айында атап өтілмек.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы» газетінің тілшісі
06 қазан 2022 ж. 407 0