Тұмаудан сақтану және емделу жолдары

Жіті респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруының клиникасының көріністері ұқсас. Ауру қоздырғышы- вирус,ауа арқылы тез тарайды,адамның тыныс жолдарында, мұрын қуысында, өңешінде өсіп-өніп көбейеді.Науқас адамнан сау адамға жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде , сонымен қатар науқас адамның пайдаланған заттары (ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы, есік тұтқасы және т.б.) арқылы жұғады. Жұқпаның негізі таратушы көзі-науқас адам.
Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталады: жалпы әлсіздік, мұрын бітеліп, дене қызуы 39 градусқа және одан да жоғары көтеріледі, дене түршігіп, бас және бұлшық еттер ауырады, көзі жасаурап, қызарады,жөтеліп демікпе пайда болуы мүмкін.
Тұмаудың асқынуы салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады.
Тұмаудың алдын алу шаралары:
-Осы ауруға қарсы егу шарасын жүргізу тиімді және сенімді жолы болып табылады.Аудан бойынша жыл сайын тұмаудың өріс алуы кезеңі алдында халықтың неғұрлым осал топтарына (60 жастан асқан адамдар, созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер) және медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы егу шарасы жүргізіліп келеді.Вакцина ауру басталған кезде оның өршуіне тосқауыл болып, аурудың кең тарап кетуіне кедергі келтіреді. Үстіміздегі жылдың 3-ші қазанынан бастап облыстық бюджеттен бөлінген 8200 доза вакцинамен жоғарыда аталған адамдар егілді.
-Науқас адам үйде емделген жағдайда оны жеке бөлмеге оқшаулап, қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырмас үшін науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен (шүберекпен) жабуға тиіс.Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы т.б. болуы қажет. Оларды жиі жуып, залалсыздандырып отыру керек.
-Құрамында С дәрумені бар өнімдерді көбірек пайдаланыңыз . Сұйықтықты, әсiресе лимон, бал, таңқурай, итмұрын қайнатпалары қосылған шәйдi, минералды суды көбiрек iшу қажет.
-Тұмау ауруының алдын алуда ағзаны жүйелі шынықтырудың үлкен маңызы бар. Таза ауада көп жүру, дене шынықтыру және спортпен айналысу аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.
-Үйдің тазалығын сақтау – қоршаған орта әсерінен тұмау вирусы тез жойылады,
тұрақты түрде бөлмелерді желдету және ылғалды тазарту, бөлме температурасын
20-24 0С аралығында ұстау қажет.
Жоғарыда аталған ережелерді сақтай отырып, Сіз, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын тұмаудан және сол тәрізді аурулардан қорғай аласыз!
М. САДЫҚОВА,
Арал аудандык санитариялык- эпидемиологиялык бакылау баскармасынын бас маманы