Рухани байлық кітапта
Аудан тұрғындарын рухани біліммен сусындатып отырған аудандық орталық кітапхана іргесі 1940 жылы құрылып, 1976 жылы жаңа ғимарат салынып, жеке жайда орналасқан. 1980 жылы аудан кітапханалары орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне көшіріліп, сол жылдан бастап аудандық орталық кітапхана аудан кітапханаларының барлығына басшылық жасайтын орталыққа айналды.24 қазан – кітапханашылар күніне орай аудандық кітапханалардың жұмысына шолу жасаған едік.
Қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 39 кітапхана бар. Оның 33-і ауылдық жерде орналасқан. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде8 коворкинг орталығы, 10 модульді кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетуде.
Арал қаласында орналасқан 6 кітапхана халыққа мәдени және рухани білім беретіп келеді. Биылғы жыл бойынша кітапханалардың жалпы кітап қоры 226904 дана, оның мемлекеттік тілдегісі 110567 дана.Ал тұрақты оқырмандар саны -11381 адам болып отыр. Жыл сайын кітапхана қоры 8900- ға жуық жаңа әдебиеттермен толықтырылуда.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кітапхана қорындағы өлкетану бағытындағы және сирек кездесетін әдебиеттерді цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданда 563 дана кітап цифрланды.
Кітапхана – дүниeдe eштeңe тeңeстiрiлмeйтін білім бұлaғының көзi, ғaсырдaн ғaсырға aдaмзaт тaрихының кeруeнін сүрiндiрмeй әкeлe жaтқaн шырaғы биiк, пaрaсаттылық пeн бiлiмдiліктiң, бiлiктiліктiң киeлі oрдaсы.
Қазіргі таңда ақпарат пен білімді ұштастыру нәтижесінде кітапханаларда оқырмандарға ақпарат беру, іздестіру жұмыстары бойынша қызмет көрсету көлемі артқан.Білім,білік, дағды алмасу жұмыстары, әртүрлі конференциялар, байқаулар мен әдеби кештер жылдық жоспарға еніп,мақсатты түрде жүргізілуде.
Бүгінгі заманның кітапхана ісіне жаңашылдық қажет екенін, оның жұмыс істеу форматын өзгерту арқылы халықты рухани, мәдени, әлеуметтік қажеттіліктерін табу, кітап оқуға тарту мақсатында Арал аудандық кітапхана жүйесі де жобаларды іске асыруды қолға алды. «Бір өлке, бір тұлға,бір кітап»,«Болашақты бағындырған Аралдық дарындылар» жобалары,«Тоғызқұмалақ»,«Руханият» кітапқұмарлар үйірмесі жұмыс жасауда. Клуб мүшелерінің қатысуымен «Кітапхана рухани жаңғыру ордасы» әдеби қонақжай, «Kіtap Fest-2022» кітап фестивалі, «Кітап оқып жетістікке қадам бас» челлендж ұйымдастырылды. «Әдеби өлкетану» жобасы бойынша ақын, жазушы З.Шүкіровтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлы ақынның, ұлы тағдыры» еске алу кеші, ақын Т.Абылаевтың 70 жас мерейтойына орай «Туған жерде төселген ақын» әдеби подиум, жазушы Қ.Жиенбаевтың 70 жасқа толуына орай «Төрге озған қаламгер» әдеби подиум өткізіліп, қалың оқырманның көңілінен шығуда.
Кітапханашы мамандығы үшін кәсіби біліммен қатар, жаңа техникалық құралдарды меңгеру, ақпараттық технологияның көмегімен жоғары сапалы ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету, оқырман сұранысын қанағаттандыру, кез-келген оқырман категориясымен жұмыс жүргізе алу, ұдайы өз білімін жетілдіріп отыру – бүгінгі заман талабы. Жыл басынан бері аудан кітапханашылары біліктілігі мен білімді, жан-жақтылығымен көзге түсіп, түрлі жоғары дәрежелі марапаттарды иеленді. Атап айтар болсақ, «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен–кітапхана ардагерлері Г.Ильясова, М.Күнжанова, Р.Сатаева және аудандық ОКЖ директоры Ж.Алишева,әдістемелік-библиографиялық бөлімнің меңгерушісі Т.Қапақова, қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі М.Өтегенова, Сексеуіл кенттік кітапханасының меңгерушісі А.Білжанова, қалалық №4 кітапхананың кітапханашысы Р.Ұйқасова, Қызылжар ауылдық кітапханасының кітапханашысы М.Аймбетова марапатталды. «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Жаңақұрылыс ауылдық кітапханасының кітапханашысы Б.Досова марапатталды. Г.Сейділдаева «Біздің кітапханаға қош келдіңіз!» номинациясы бойынша «Қазақстан Республикасының үздік кітапханасы» атағын жеңіп алды.
Кітапхана – ежелден келе жатқан білім ғибадатханасы. Егерде осы уақытқа дейін керек кітап үшін қанша мыңдаған шақырымдарды басып өтетін болсақ, қазір ол әркімнің үйінде дей аламыз. Аудан оқырманымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын кітапханалар ғылым мен инновацияның жаңа деңгейіне жетіп, еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуына өз үлесін қосып келеді.
Н. БАҚЫРАН