Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келмеске кеткен кәсіпорын

Келмеске кеткен кәсіпорын

Уақыт мәшинесін кері бұрсақ, осы Аралдың өзінде тарихқа тұтас жүк болатын құнды жерлер мен өндіріс ошақтарының көптеп болғаны белгілі. Солардың бірі – бұрынғы Арал кеме жөндеу зауыты. Уақытында КСРО-ның құрамда бөлігіне айналып, тамырына қан жүгірткен бұл кәсіпорын жайында енді өткен шақта сөйлеуге тура келеді. Себебі үлкен одақтың ыдырауына байланысты аталған кәсіпорын 1992 жылдың 30 қазанынан бастап Қазақстанның Көлік министрлігіне қарайтын Арал вагон жөндеу зауыты болып аталып құрылымын өзгертті. Енді осы жайында аз-кем ақпар жинақтасақ. Өндіріс орыны вагон жөндеу, қосалқы бөлшектер дайындау ісін қолға алды. Дегенмен бұрынғы бірнеше цех жабылып, жұмыс көлемі азайды.
Вагон жөндеу жұмыстары да біртіндеп саябырсыды. Материал азайғандықтан, халық тұтынатын тауар шығару көлемі де азайды. Бұл тұста зауыт нарықтық тоқырауға ұшыраған еді. Кеме жөндеу зауытынан вагон жөндеу зауыты болып өзгерген мекеменің жұмысшылары да жұмыссыз қалып қиын кезеңді бастан өткерді.
1996 жылы вагон жөндеу зауыты Батыс Қазақстан темір жолына қаратылды. Бұл кезде зауытта 140-қа жуық адам жұмыс жасады. Ал бір кездегі іргелі өндіріс орны «вагон жөндеу шеберханасы» деп аталды. Шеберхана енді жүк вагондарын жөндеуден аса алмады.
2000 жылдан бастап вагон жөндеу шеберханасы Қазақстан теміржолынан облыс әкіміннің каммуналдық меншігіне өтті. Бұл мекеменің негізгі кызметі вагондарға күрделі жөндеу жүргізумен қатар халық тұтынатын тауарлар, макарон өнімдерін, нан өнімдерін шығару болды.
2001 жылдан бастап зауыттың бұрынғы қызметіне қосымша темір жол вагондарына қосалқы бөлшектер шығаратын болды. Балықшылар, мұнайшылар мен жол жөндеушілердің сұранысын орындай бастады. Сондай-ақ металл сынықтарын дайындау, оны өткізу, оттегі шығару секілді жаңа міндеттер қосылды.
2002 жылдың аяғына қарай зауытқа қайтадан жан біте бастады. Осы түста зауытқа Балтабай Ақпенбетов директор болып тағайындалды. Ол келе салысымен зауытты қаржылық мәселесін қолға алды. Кіріс пен шығысқа қатаң қадағалау жүргізіп зауыттың берешек қарыздарын өтеп, жұмысшылардың жалақысын да ретке келтірді. Жұмыстың барлық түрлеріне лецензия алынып, тендерге түсуге толық негіз қаланды. Зауыт басшысы «Көкарал» бөгетін салуға қатысып жатқан Ресейдің «Зарубежводстрой» компаниясымен келісім-шартқа отырып, пантон көпір құрылысына қажетті металдар беретін болды. Сол үшін оларда қомақты қаржы алып, жаңа жұмыс көздерін тапты.
Зауыттың тоқтап қалған цехтарын жөндеуден өткізіп, іске қосты. Автокөліктері, басқа да техникасы қажетке жаратылды.
Жаңадан нан өнімдерін шығаратын цех салынып, тұрақты жұмыс істей бастады. Оның өнімдерін зауыт жұмысшылары ғана емес, жалпы қала тұрғындары пайдаланды.
Зауыт жұмысын жетілдіру мақсатында жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. САРАТС жобасына сай Көкарал бөгетінің құрылысы бітіп, Кіші Арал суға толғанан кейін ата кәсіп, балық шаруашылығы қайта дами түсті. Балықшылардың теңізде балық аулауы үшін қуатты қайық, катерлер керек болды. Осы мақсатта құрылған «Арал Пластикқайық» МКК 3 жылдық жұмыстың нәтижесінде 2006 жылы 3 түрлі шыны пластик қайық шығарды. Сонымен бірге балықшыларға қажетті жеңіл ау, серуен қайықтар шығаруды қолға алды. Бұл кәсіпорын республикалық бюджеттен қолдау тауып, еліміздің түкпір-түкпірінен қайық жасауға тапсырыстар келіп түсті. Бұған қоса дариядан өтетін темір пантон көпірлер жасауды да қолға алды.
Осылайша көненің көзіндей сақталған бұрынғы зауыт жәдігерін жоймау мақсатындағы жұмыстар заман ағымына сай үндестік тауып, көш ілгері бастаған еді.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
27 қазан 2022 ж. 244 0